Қазақстанда мал басына шектеу қойылмақ: Сарапшылар ауыл шаруашылығы министрлігінің жаңа заң жобасына қарсы шықты

ҚР Ауыл шарушалығы министрлігі дайындап жатқан «Жеке қосымша шаруашылық жайлы» заң жобасы қоғамның қызу талқысына түсуде. Егер аталмыш заң жобасы қабылданса, үйде ұстайтын мал санына шектеу қойылмақ. Бұл тұрғыда елдің пікірі екіге жарылды. Stan.kz тілшісі мал шаруашылығы саласының мамандарының бұл мәселе туралы пікірін тыңдады.

«Қазына» агро-холдингінің басқарма төрағасы, Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев ауылды жерде мал санын шектеу қисынсыз екенін айтады. 

 

“ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жеке қосымша шаруашылық жайлы» заң жобасын қабылдау тапсырылған-ды. Әрине, ол кісінің көздеген мақсаты дұрыс еді. Бірақ біздің үкімет бұл заңды қазақтың шаруасына қарсы қылып шығарды. Неге десеңіз, ауыл шаруашылығы министрлігі бұл заң жобасын қосалқы шаруашылықтарды қолдау, біріктіру сынды әдемі сөздермен әрлей келіп, «ауыл ішінде ұстайтын малдың санын шектеу қажет» дегенді әкеліп қосып қойды. Ендігі жерде ауыл ішінде бір үйдің екі сиыр ұстауына бола ма жоқ па мұның өзі үлкен сұрақ болып тұр. Бұл заңның орындалуын әлбетте жергілікті әкімдік қадағалайды. Ертең бір қисық-қыңыр әкім Еуропаға барып келіп, ол жақтың бір қаңсық дүниесін, елге келіп таңсық қып тықпалпауы бек мүмкін. Мәселен, «Еуропада мал жүрмейді екен», «көшеде тезек жатпайды екен» деп ауылды сергелдеңге салмасына кім кепіл?! Өйткені қазаншының өз еркі емес пе, қайдан құлақ шығарса да?!” – дейді ол. 

Оның сөзінше, қазіргі ұсынылып отырған заң жобасында шикілік көп. 

“Бұл заң керек. Бірақ дәл қазіргі нұсқасы емес. Аталмыш заң жобасынан «ауылдың ішінде малды шектеу қажет» деген тұсын мүлде алып тастау керек. Қазіргі таңда еліміз бойынша 280 000-300 000 мыңға жуық шаруашылық тіркелген болса, солардың 100 000-на ғана мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі екен. Мұндай қолдауға қолдары жетпей отырған ауылдың қарапайым шаруалары өз арбаларын өздері сүйретуге мәжбүр. Біздің билік өздерінің әрекеттерін қорғау үшін әдемі сөздердің артына тығылғанша, ең бірінші жұмысты өлместің күйін кешіп отырған шаруашылықтарды жарылқаудан бастаса екен деймін”, – дейді сарапшы.

«Алатау Эко Биф» ТОО-ның директоры Ермек Мұратұлы егер шаруаның жайылымдық жері кең болса, мал санын шектемеу керек дейді. 

“Менің пікірімше, ауылды жерде де, қалалы жерде де мал шаруашылығы заңмен реттелуі керек. Осы салада жұмыс істеп жүрген кәсіп иесі ретінде белгіленген норманың сақталғаны дұрыс деп есептеймін. Мал шаруашылығымен айналысатын отбасылардың ең әуелі малды жаятын жайылымдық жері болуы тиіс. Мәселен, сиыр басына 3-5 гектар, қой басына 2-3 гектар арасы деген белгіленген нормалардың сақталғаны абзал. Бір үй жүз сиыр бағып отырса, бір үйде екі тоқты ғана болуы мүмкін. Малдың саны жайылымдық жердің көлеміне қарай шектеліп отыруы керек деп есептеймін. Сонда ғана, экологиялық және санитарлық талаптарға толыққанды жауап беруге мүмкіндік туатын шығар. Ал жайылымдық жері кең бола тұрып, мал санын шектеу ешбір қисынға келмейді”, – дейді кәсіпкер. 

Бұған қоса ол бүгіннің өзінде де мал санына шектеу қойылып жатқанын алға тартты.

“Бұл тұрғыда мәселенің бәрі жайылымдық жерге келіп тіреледі. Ауылдың өзінде бос жатқан жер жоқтың қасы. Жердің көбісі 49 жылға жалға берілді де, жайылымдық жерлердің көлемі айтарлықтай азайып қалды. Сондықтан қазірдің өзінде, мал санына бұрынғыдай емес, әжептеуір шектеу қойылған”, – дейді Ермек Мұратұлы.

Еске салсақ, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі үйде ұстайтын мал санына шектеу қоятын заң жобасын дайындап жатқаны айтылған еді. Қазір жоба талқылауға ұсынылған. 

x

Check Also

Келесі жылдары білім гранттарының саны артады — министрлік

Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдық бюджетте мемлекеттік білім беру гранттарының санын көбейту мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. — Қазақстан Республикасында ...

Үкімет ішкі нарықты тауарлармен қамтамасыз ету, бәсекелестікті реттеу және қорғау есебінен инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін жалғастырады

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ішкі нарықты тауарлармен қамтамасыз ...