Саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмысшы топ Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы ОҚУ-дан екі бағыт бойынша экспедициялық зерттеуге аттанды. Бес зерттеуші ғалым — Г. Жанысбекова, Б. Найманбаев, Қ. Наурызова, Б. Әбдіқали, А. Қалшабек 5 ерікті студенттермен бірге бірінші бағыт бойынша Қайнарбұлақ ауылындағы №160, Қайнарбұлақ саяжайында №83 және Тассай тұрғын алабында №116 мектепте ұстаздармен ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың саяси қуғын-сүргін көрген ата-бабалары жөнінде тың деректер жинады.
Қайнарбұлақ ауылының мұғалімі Ш. Умирова және ауыл ақсақалы Байділдә Бекмұрзаев кеңестік жүйенің құрбаны болған кешегі ауыл азаматтары туралы естіген-білген мәліметтерімен бөлісті. Қайнарбұлақ саяжайындағы №83 мектеп ұстазы Шаукилова Мая Ұлы Отан соғысына аттанып хабарсыз кеткен аталарының тағдыры жайлы білгісі келетінін жеткізді.
Экспедиция тобының жетекшісі Г. Жанысбекова іс-шара бірнеше күнге жалғасатынын, ал халықтан деректерді жинау, сол бойынша саяси жүйе құрбандарын ақтау ісі әлі ұзақ уақыт бойы жүргізілетінін айтты.
– Бүгінгі ұрпақтың міндеті өткенге қайта көз жүгіртіп, саяси жүйенің салдарынан талай азап шегіп, нәубетті бастан откерген ата-бабаларымызды ақтап алып, тарихты жаңа парақтан қайта бастау, — деді Г. Жанысбекова.
Экспедиция мүшелері бір күндік кездесудің өзінен тарихи мол мағлұматтар алып қайтты.