Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында халқымыздың даңқты перзенті, атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына орай, өзі өмірінің соңғы жылдарын өткізген Түркістан облысының Ордабасы ауданынан астаналық өңір — Целиноград ауданына арнайы делегация ат басын бұрды. Қадірлі меймандар балуанның әжесі мен әкесі жерленген зиратқа барып, марқұмдарға құран бағыштады.
Тарихи мәліметтерге жүгінсек, балуан атамыз Қажымұқан Мұңайтпасұлы Қыпшақтың Алтыбас руынан шыққан. Арғы аталары: қыпшақ Тоқтарбай, одан кейін Қобыланды, Тірлікбай, Ойбас, Ұзын, Алтыбас, Қарыс, Жоламан, Санбай, Шадибатыр, Ернақ және өз әкесі Мұңайтпас.
Көнекөздердің айтуларынша, атасы Ернақ та алып күш иесі болған екен. Және өз немересіне қазақша күрестің машығын үйреткен. Ал нағашы атасы Лұқ балуан да қара күштен кенде болмағанға ұқсайды. Үлкен ағаштарды тамырымен қопарып жұлып алған деген аңызға бергісіз әңгіме бар. Әкесі Мұңайтпас та белдесулерге шығып, «Жуанаяқ балуан» деген атқа ие болған.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы құжаттағы дерек бойынша 1871 жылы 7 сәуірде Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген. Қыс қыстаулары Қорғалжынның қамысы. Анасы Кәбира Қажымұқанның алдында Асан мен Үсен атты егіз ұлды туған екен, алайда олар сәби шақтарында «қарасан» ауруынан шетінеп кеткен. Балуанның анасы да ер мінезді, сүйегі ірі адам болыпты. Тарихи деректерге сенсек, Кәбира ана Қажымұқанды дүниеге әкелу үстінде толғағы ауыр болып дүние салған.
Жасөспірім шағында орыс байларында жалшылықта болып, кейіннен бұла күшімен танылып, Ресей балуандарының құрамына қабылданған Қажекең халқымыздың даңқын ерекше асқақтатқан тұлға. Французша күрестен әлем чемпионы, 48 мемлекеттен алған медальдары өз алдына бір төбе.
Қажымұқан 1938 жылы, өмірінің соңына қарай Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданының Шілік ауылына қоныс аударып, кейіннен Темірлан елді мекенінде тұрған.
Сапар барысында Ордабасы ауданынан келген делегациямен бірге Қажымұқан ауылынан тіке батысқа қарай жиырма шақырым қашықтықта орналасқан Төңкеріс аулына ат басын бұрдық. Мұндағы мақсат – күш атасының осы ауылдың қорымында мәңгі тыныстап жатқан, балуанды сәби кезінен бағып-қағып өсірген Айсары (Ақыш) кейуананың аруағына зиярат ету болатын. Айсары әжей жайлы Қалмахан Әбдіқадыровтың хикаятында мол мағлұмат бар. Жалпы, Қажекеңе қатысты дүниелерді (хикаят, очерк, зерттеулер) салыстыра отырып байқағанымыз жоғарыдағы Қалмахан ағаның хикаяты өмір шындығынан алыс кетпеген. Себебі, балуан атамыз жазушының үйінде қона жатып, басынан өткен оқиғаларды өз аузымен баяндап берген.
Деректі хикаятта Айсары балуанның әжесі деп нақты жазылған. Ал Мұқанның туған шешесінің аты – Кәбира. Ол Лұқ батырдың қызы. Лұқ пен балуанның атасы Ернақ ақиреттік дос болған.
Кезінде Ресей балуандарының құрамында өнер көрсете алмауына байланысты, Маньчжурия атынан Ямагата Муханура деген жапон есімін иеленіп, халықаралық жарыстарға қатысты. Қажымұқанды «Қара Иван» деп те атаған. Ал 1912 жылы Меккеге қажылыққа барып келгеннен кейін, «Қажымұқан» деген атпен бүкіл әлемге танылды.
Революцияға дейінгі кезеңде Қажымұқан аты аңызға айналған ресейлік Иван Поддубный, Георг Лурих және Иван Заикин сияқты балуандармен бірге түрлі халықаралық жарыстарда өнер көрсетті. Қазан революциясынан кейін Кеңес үкіметінің орнатуға белсене ат салысты, Қазақстан тарихындағы ең бірінші кәсіби театрдың негізін қалаған да осы Қажекең. Осы театрдан сол дәуірді атақты артистері түлеп ұшты, түрлі чемпионаттар ұйымдастырылды.
Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Қажымұқан ел аралап өнер көрсетіп, содан түскен қаржыға «Амангелді Имановтың» есімі берілген ұшақты жасатып, майданға жіберген.
Иә, елі өздерінің даңқты ерін ешқашан ұмытпайды.
Ж. СӘЛКЕНҰЛЫ.
Талапкер, Ақмола облысы.