Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ерлан Айтбаев пен ақын, «Дарын» сыйлығының иегері Біржан Байтуовтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Ерлан Садырбайұлы республикалық деңгейде өтетін байқау туралы хабарлады.
– ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» атты жас ақындар арасында республикалық «Күміс домбыра» айтысы мен «Күміс қалам» поэзиялық кеші өтеді. Ережеге сәйкес аталмыш байқауға республиканың 14 пен 29 жасқа дейінгі 30 айтыскер мен 30 жазба ақыны қатысуға ниет білдірген. Осы ретте нәтиже бойынша 16 айтыскер және 20 жазба ақын іріктелді. Айтыскерлер осы жылдың 6 қазан күні, ал жазба ақындар 5 қазан күні өтетін додада бақ сынайды, – деді Ерлан Садырбайұлы.
Спикердің сөзінше, айтыстың бірінші кезеңінде (түске дейін) 16 ақын бір-бірімен жұптасады. Бұл ретте 8 жұп 20-25 минут көлемінде айтысады. Қазылар алқасының шешімімен финалға 8 немесе 6 айтыскер жолдама алады. Ал финалда (түстен кейін) жалпы 4 немесе 3 жұп 15 минут көлемінде айтысып, жеңімпаз анықталады. Брифинг барысында ақын, «Дарын» сыйлығының иегері Біржан Байтуов «Күміс домбыра» айтысы мен «Күміс қалам» поэзиялық кешінің ерекшелігіне тоқталды.
– Байқаудың ерекшелігі – қатысушылар Оңтүстік туралы 1 өлең оқуға тиіс. Яғни өңірімізге арналатын өлеңдердің қатары көбейеді. Сондай-ақ, Айтыс нәтижесі бойынша 16 ақынның ішінен оза шапқан жеңімпаз күмістен жасалған домбыраға және бағалы сыйлыққа ие болады, – деді Біржан Ғаниұлы.
Сонымен қатар, поэзиялық кеш 4 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 20 ақын бір-бір өлеңнен оқиды. Ширек финалдық кезеңге 12 ақын жолдама алады. Яғни, 6 жұп өнер керсетіп, әр ақын 2 өлеңнен оқиды. Жеңімпаздарға жартылай финалға жолдама беріліп, 3 (6 ақын) жұп өнер көрсетеді. Әр ақын 3 өлеңнен оқиды. Жеңімпаз атанған 2 ақын финалда жолығады. Ал қалған 4-еуі әдеби сыйлықтың лауреаты атанады. Сондай ақ финалдық кезеңдегі екі ақын 5 өлеңнен оқиды.
Финалдың жеңімпазы «Күміс қалам» иесі, ал финалист бір ақын әдеби сыйлықтың лауреаты атанады. Айта кетейік, байқаудың негізгі мақсаты — жас таланттар мен оқырмандардың, әдебиеттегі аға буын мен жас толқынның пікірлес орта табуына арқау болу және олардың өнерге деген құштарлығын арттыру.