Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Эльмира Созақбаева мәлімдеді.
– «Қайырымдылық керуені» IV республикалық байқауының басталғанын жариялаймыз. Байқауды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені, «Хабар» агенттігі, «КТК» телеарнасы жүзеге асырады. Шараға әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге үлестерін қосатын және өзгелерді өздерінің игі ісімен ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
Ал кәсіпкерлік субъектілері, қайырымдылық қызметі мемлекеттік қолдаумен (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) байланысты адамдар қатыса алмайды, – деді Эльмира Райымбекқызы.
Спикердің сөзінше, өтінімдер 2021 жылдың 30 қарашасына дейін қабылданбақ. Толық ақпаратты «www.fnn.kz», «www.businesswomen.kz» сайттарынан табуға болады. Айта кетейік, лауреаттар 7 («Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы», Бала жүрегі», «Жануарларға мейірім») номинация бойынша анықталады. Бұл игі шараның жеңімпаздары «1 наурыз – Алғыс айту күні» қарсаңында марапатталады. Байқау жеңімпаздарына диплом мен статуэтка табысталып, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешеніне жолдама беріледі.