Шымкент қаласының өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі биылғы 9 айда 55,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,1 есеге артты.
Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебеков 2021 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылау есебінде мәлімдеді.
Басқарма басшысы өңдеу өнеркәсібінің дамуы, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау шараларының барысына тоқталып өтті. Шымкент – еліміздегі ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 555,8 млрд теңгеге жетіп, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы 7 орында.
Жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімінің көлемі 710,0 млрд теңгеге жетеді деп болжануда. Ал өңдеу өнеркәсібінде жиһаз өндіру (157,5 %), химия өнеркәсібі (157,5 %), машина жасау (150,9 %), дайын металл бұйымдарын өндіру (128,4 %), негізгі фармацевтикалық өнімдер (114,6 %), сусындарды өндіру (111,1 %), жеңіл өнеркәсіп (102,1 %), мұнай өңдеу өнімдерін өндіру (103,0%) салаларында өнім көлемі артқан. Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 628,0 млрд теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 102,0 пайыз болады деп болжануда. Қала әкімі М. Әйтенов шаһар экономикасындағы импорт өнімдерін өзімізде шығарудың жобасын дайындап, инвесторлар тартуды қарастыру қажет екенін атап өтті.
Бұл орайда Шымкент қаласының өзіне тән даму бағдарын анықтау қажет. Қала әкімі ендігі ретте бүкіл елдің дамуына өзіндік ықпалын тигізетін өндірістерді күшейтуді тапсырды.