Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаевтың айтуынша, әрбір қылмыстық іс бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудың себептері мен алғышарттарын жою туралы ұсынулар енгізілуде. «Ағымдағы жылдың 8 айында Департаментпен қылмыстық істерді тергеу шеңберінде мемлекеттік органдарға 34 ұсыным енгізіліп, бүгінгі күнге оның 32-і қаралды. Қарау нәтижесі бойынша 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — деді Талғар Серікбаев. Жыл басынан бері департаментпен 63 қылмыс тіркеліп, оның ішінде 45 сыбайлас жемқорлық сипатында болған. «Тіркелген қылмыстардың басым бөлігін парақорлық және жымқыру фактілері құрайды. Жымқыру фактілері бойынша 17 және парақорлық фактілері бойынша 30 қылмыс тіркелді. Салалар бойынша анықталған қылмыстардың ең көп саны құқық қорғау блогында- 13, құрылыс саласында 12, білім – 8, денсаулық сақтау – 7, салық және жер қатынастары салаларында — 3 қылмыстан тіркелген. Сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін 29 тұлға әшкерленді. Тіркелген қылмыстық істер бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекет кірісіне 1 млрд 607 млн теңге өндірілген»,-дейді Талғар Серікбаев.