Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полковник Мұрат Алтаевтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз жиынында Мұрат Ерназарұлы полиция қызметкерлерінің негізгі атқаратын жұмыстарын айтты.
– Учаскелік полиция инспекторлары – тікелей халықпен қызмет атқаратын полиция өкілі. Олар бұрын сотты болғандарды, мас халде және отбасылық тұрмыста жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында әкімшілік аумағын аралайды. Бұл ретте әкімшілік паспортын жүргізеді. Ал іздеу тобы жол-көлік оқиғасынан ізін жасырған автокөліктерді іздестіреді. Осыған байланысты сот атқарушы өндірісінің іс-құжаттарын орындайды, – деді департамент бастығының бірінші орынбасары.
Спикердің сөзінше, патрульдік полиция патрульдеу бағыттарында қылмыстың алдын алу, болдырмау, болған қылмыстың ізін ашу жұмыстарын атқарады. Сондай-ақ бекітілген аумақта әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, ювеналды полиция инспекторы кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын қылмыстың алдын алып, мектеп оқушылары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осы ретте жайсыз отбасы мен құқық бұзуға бейім жасөспірімдерді есепке алады.