Қажымұқанның тігіншісі атанған Базар Есенбекова жайлы не білеміз?

Өзім Оңтүстік Қазақстан облысындағы қазақтың киелі ауылдарының бірі Дербісекте туып-өссем де осынау аяулы әжеміз, яғни 95 жаста дүниеден өткен Базар Есенбекованың кезінде қазақтың атын бүкіл әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасовқа тігінші болғанын білмеппін. Жақында кезекті демалысымды алып, әлгі ауылға арнайы барып, ол кісінің ұлымен және келінімен сөйлестім. Сөйтсем, оның бір ұлы Абай – өзіммен кезінде тай-құлындай тебісіп, бірге өскен құрдасым болып шықты.Уақытты сағыздай созып отыратын шақ па? Шешесінің өткен өмір жолдарын, Қажымұқан атамызбен қалай кездескенін, тігіншілік өнермен қашаннан бері шұғылданғанын білу үшін Абайға бірқатар сауалдар қойдым.

…Соғыс басталғаннан кейінгі жылдар болса керек. Әрине, бұл ел үшін ең бір ауыр кезең еді. Тұрмыс та жұпыны, ауылдағы беткеұстар азаматтардың бәрі майданда. Сол кезеңде осы ауылға палуандық өнерімен бүкіл қазақ халқының атын дүниежүзіне әйгілеген Қажымұқан Мұңайтпасов атамыз өзінің отбасымен қоныс аударады. Палуан атамыз Базар апаның үйінен үш үй кейін тұрыпты. Базар апамыздың Нұсқабай есімді ағасы Қажымұқанның атына қарап, атқосшы қызметін атқарды.

Арада уақыт зырылдап өтіп жатты. Бір күні Қажымұқан атамыз өзіне лайықты көйлек те табыла бермейтіндігін әңгіме арасында айтып қалады. Сол кезде Нұсекеңнің есіне қарындасы Базардың киім тігетіндігі тү­седі. Содан ол ірі тұлғалы па­луан­ның дене тұлғасын, көйлегінің мөлшерін біліп алады да, бұған келіп: «Қарындасым, Қа­жымұқан атаңа көйлек тігіп берсең қайтеді» деген ұсыныс жасайды. Қазақта қай қарындас ағасының өтінішін жерге тастап еді. Бұл екі сөзге келмей, келісімін береді. Содан атақты адамға көйлек тігу үшін алғашқыда жүрексінгенімен, бірақ бар өнерін салады. Содан оған ақ бөзден көйлек тігіп, беріп жібереді.

Арада көп өтпей Қажымұқан атасы бұның үйіне келіп, өзінің ризашылығын білдіреді. Әрине, ол уақытта Қажымұқан секілді алып тұлғалы палуанды көріп, оған қызмет көрсету кімге болсын үлкен бақыт еді. Содан кейін де оған бірнеше рет киімдер тігіп береді. Мұның бәрі де оның көңілінен шығып, денесіне құйып қойғандай болады. Соның бір өтеуі ретінде ол бірде бұған бір орам шибарқытты әкеліп, сыйға тартады. Әрине, бастапқыда бойжеткен «Жұмыс үшін ақы алмайтындығын, тек ақ батаңызды берсеңіз болды» деген ниетін танытқанымен де, үлкен кісі шын жүректен батасын берумен бірге әлгі өзі сыйлағысы келген шибарқытты да жеткізеді.

Қажымұқанмен арадағы осы таныстық одан әрі жалғасын табады. Бұдан кейін де атақты күш атасына бірнеше рет көйлек-дамбал, шибарқыттан желетке, шапан, шалбар тігіп береді. Олар, әрине, палуанға өте ұнайды. Бұрынғының адамдары өте қо­нақжай болған. Бір күні Қажымұ­қан да бұларды үйіне шақырады. Сол кезде Базар апамыз одан тәбәрік ретінде естелік болып жүрсін деп атақты палуаннан шибарқыт желеткесін сұрап алыпты. Сол ырым етіп алынған желеткені бертінге дейін үйінде ең асыл да құнды зат ретінде бойтұмардай сақтап жүреді. Алдымен онымен үлкен қызы Баянды, содан кейін өзінің сүйікті ұлы Абайды орап жүрді.

Базар апамыз жайлы деректер жинау барысында Қажымұқан атамыздың отбасы жайлы да қысқаша мәліметтер алдық. Кезінде палуанның екі әйелі болыпты. Ол жесір қалған Мінәйім деген жеңгесіне үйленген екен. Ағасынан туған екі баладан басқа Айдархан деген ұлы да болыпты. Кіші әйелі Бибіжаннан Жанәбіл есімді ұлы да бар екен. Осылайша ол кісі қос әйеліне бірдей қарап, оларды ештеңеден зарықтырып, тарықтырмапты.

Қазіргі ұрпақ сонау бір жылдары әлемнің небір мықты палуандарымен белдесіп, ұлтымыз­дың намысын ешкімге бермеген әрі жауырыны жерге тимеген Қажымұқан Мұңайтпасовты тек кинодан ғана біледі. Ал біздің кейіпкеріміз, уақытында аузынан Алла деген сөзі түспеген Базар Есенбекова апамыз оның сонау отты соғыс жылдары ел-елді аралып, өнер көрсеткен, кеудесінен машина өткізіп, сом балғамен көкірегіне тас қойып сындыратын өнерін өз көзімен көріп, оған тікелей куә болды.

Сұм соғыс демекші, сол майдан қызып жатқан кездері қазіргі Арыс қаласының маңындағы бір төбенің астында жасырын зауыт жұмыс істепті. Сол қиын-қыстау кездері бұл да бірқатар әйелдермен бірге оқ-дәрі жасап, өзінің жастық шағының біраз уақытын сонда өткізді. Күндіз-түні жұмыс істеп, Ұлы Жеңісті жақындатуға өзінің үлесін қосты. Қазақтың біртуар ұлы Қа­жы­мұқанның тігіншісі болып, оның батасын алған Базар апаның үш баласы да өмірден өз орындарын тапты.

Тұңғышы Баян бұл күндері сол Дербісек ауылында тұрады. Екі перзенттің анасы. Абай болса Шым­кенттегі Мұхтар Әуезов атында­ғы мемлекеттік университеттің «Жібек жолы» селосындағы филиалында шебер болып жұмыс істейді. Келіншегі Айжан мұғалім. Қос перзенттің анасы. Ал кенже ұлы Құралдың өзі қазір қырық сегіз жаста. Ол сүйіп қосылған жары Нұрсұлу екеуі бес баланы тәрбиелеп өсірді.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

Дереккөз: «Ana tili» газеті (02.06.2010)

x

Check Also

От жилищного строительства до повышения пенсий: Ключевые меры социальной поддержки правительства в 2024 году

В Послании Президента Касым-Жомарта Токаева народу Казахстана «Экономический курс Справедливого Казахстана» было подчеркнуто, что в основе стратегии экономического развития страны ...

Тұрғын үй құрылысынан зейнетақыны көбейтуге дейін: 2024 жылы үкіметтің әлеуметтік қолдауының негізгі шаралары

Әлеуметтік төлемдер мен жалақыны арттыру, тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау және білім беру салаларын жаңғырту. 2024 жылы қазақстандықтарды әлеуметтік қолдау ...