Қажымұқанның палуан балалары (мұрағат 1987ж)

Қазақша күрестен «Лениншіл жас» газетінің жүлдесі үшін Шымкент облысы Бөген ауданының орталығы Темірлан селосында өткен кезекті республикалық жарысқа 14 команда қатысты. Күш атасы Қажымұқан жатқан жерде өткізілген бұл балғын палуандар бәсекесінде көптеген талантты балалар көзге түсті.

СТАДИОНҒА ЖАЙЫЛҒАН ….
ҚОС КІЛЕМ

Жасыратын не бар, редакциямызға газет­тің жүлдесі үшін биылғы жарысты сұрап Шым­кент облысы Бөген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ұ.Мо­мыновтың қолы қойылған ресми хат кел­генде таңданған жоқпыз. Өйткені, жас палуан­дар арасында өткізіле бастаған бұл респуб­ли­калық турнирді өз ауылдарында қабылдауды құрмет көретін спорт мектептері аз емес бо­ла­тын. Бізді таңдандырған осы хаттағы бірауыз сөз еді:

«…Жарыс Темірлан селосында, Қажы­мұқан атындағы стадионда өтеді». Әрине, Қажекеңнің әр өнері аңыздай жатталған бұл ауылға стадионда күрес жарысын өткізу жаңалық болмас. ал өзге облыстардан келген командалар бұған қалай қарар екен?

Шілденің таяп қалғанын білдіріп, күн де күйіп тұр. Селодағы күш атасы Қажымұқан атын­дағы стадионға жақындадық. Қажекеңнің есімі жазылған жерден сәл төменде «Ленин­шіл жас» газетінің жүлдесі үшін өтетін респуб­ликалық жарысқа қатысушыларға жалынды сәлем!» деген ұран тұр. Кең қақпаның сол жақ өңірінде палуандар белдесуін бейнелеген үл­кен жарнама, жарыстың қай күні, қай сағат­тарда өтетінінен хабар беретін кесте ілінген.

Стадионның көгалы жап-жасыл құбылып көз тартады. Бір сәт шешініп тастап, футбол қу­ғың келеді. Алаңның екі басындағы қақпаларға тартылған шымқай ақ торлар да теңбіл доп қа­шан тулап қалар екен дегендей, баяу желмен дірілдеп қояды. Стадионның батыс жағында көрермендерге арналған трибуна-орындық бар. Дәл сол тұсқа екі бірдей күрес кілем жай­ылған. Кілем айналасында төрешілерге, ресми адамдарға, дәрігерлер мен жаттықтыру­шы­лар­ға арналып шатырлар қойылған.

Қос кілем­нің дәл төрінде, бәрінен биікте Қажекеңнің еңселі бюсті тұр. Кәдімгі бір палуан бала­лары­ның белдесулерін жіті қадағалап, ең талант­тыларын бастан сипайын дегендей, кілемнен назар аудармайды.

Стадионның бар белдеулеріне ерікті спорт қоғамдарының тулары ілінген. Желмен баяу тербелген түрлі-түсті бұл тулар дәл осы стадионда спорт мерекесі болып жатқанынан хабар бергендей. Стадионның кіреберісіне сө­релер қойылып, онда жеңіл-желпі тағамдар, тәт­ті сусындар әкелінген.

Әріректе кітап сө­релері, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар сатылып жатыр. Жарысқа келіп жатқан жан­күйерлер көз қызықтырады. Әсіресе, таяқ­та­ры­­на сүйенген ауыл ақсақалдары мен қара сирақ балаларда есеп жоқ. Балалар сәті түссе кілемге жүрігіп шығып, екеуара алыса кетіп жүр. Ал, ақсақалдар, «Біз келдік, енді кімді кү­тесіңдер» деген үлкендікпен таяқтарын шо­шаң­­датып, жарыстың басталуын талап етіп қоя­ды.

Жарыс салтанатты түрде ашылған соң сөз­ді бас төреші, Шымкент облыстық оқу бөлі­міне қарасты күрес мектебінің директоры, Қаже­кеңнің баласы Жанәбіл Қажымұқанов алды.

Ол «Лениншіл жас» газетінің жүлдесі үшін өтетін бұл республикалық жарысқа 210 палуан келгенін, жарыс күн сайын таңғы сағат 9-бен 11-дің арасында, одан соң кешкі алты мен 10-ның арасында өтетінін хабарлады.

Ысқырық берілді. Алғашқы төрт палуан кілем ортасына келіп, шартпа-шұрт ұстаса кетті…

ЖАРЫС ЖАНКҮЙЕРЛЕРІМЕН БАҒАЛЫ
… Стадионның бас қақпасынан келіп қарасаңыз күрес кілемнің шаңы бұрқ-бұрқ етіп жатқанын көресіз. Аралық жақын, небәрі жүз метрге таяу. «Жарыстың штабы» – секрета­риат орналасқан спорт мектебінен шыға бергенде биік ағаштың көлеңкесінде ерсілі-қарсылы жүр­ген жігіт ағасын байқадық. Жөн сұрау ата дәстүрі. Сәлем бердік.
– Сыдық Әбубәкіров, осы аудандағы ХХІ партсъезд атындағы совхоздың партия ұйымы­ның секретарымын. Қол қалт еткен соң…
– Кілем жаққа неге бармайсыз?
– Қазір… Әлгі Берік күресіп жатыр…. Ұлым ғой… Баруға батпай тұрмын.
– Ә, Әлгі 59 килограмға дейінгі салмақтағы палуан ғой? Білеміз. Балаңызды бір-екі ауыз сөзбен таныстыра кетсеңіз.
– Берік қазір 9-класты бітірді. Осы спорт мектебінің директоры Ұлас Момыновтың шә­кірті. Күреске 5-кластан бастап барып еді. Қазір біз совхозға көшіп кеттік. Ал, ол күресін қимай, сол А.Иманов атындағы мектепте оқып жүр. Өзі семьядағы төрт баланың үлкені. Басында бес кластық музыка мектебін бітіріп еді, енді көрмейсіз бе, спортпен достасып алды.
– Сәке, Берік ұтты! – жүгіріп келген Ұлас­тың жүзі қуанышты екен.
– Ой, өркенің өссін, рахмет. Ал, мен қайтай­ын, жұмыс көп, – деп жинала бастады Әбубәкіров-әке.

Кейінгі жарыстарда Берік ұтылып қалды. Бірақ, баланың күреске деген өз құмарлығы мен ата-ананың балаға деген қамқорлығы бо­лашақта үлкен жеңістерге жеткізетіндей көрінді бізге.

…Кілемге 38 килограмға дейінгі салмақта күресетін осы облыстағы Қызылқұм ауданынан келген Марс Барлыбаев пен қарағандылық Бе­рік Майшекин шықты. Марс пен Берік түйдей құрдас, әрі бойлары да бірдей, бір-бірінен айыр­ғысыз бала екен. Әуелі Марс шырқ үйіріп әкетті. Келген бетте шалып тастады. Берік те қарап тұрмады. Ұпай сәт теңесіп тұр. Екінші ке­зеңде Берік басым. Әсіресе, шалып алып, айы­рылмайтын әдісі керемет. Өзгелерге ұқсап жұл­қыласып жүрмеген соң жанкүйерлерге де ұна­ды бұл белдесу. Елдің бәрі осы кілемге қарап дуылдасып отыр. Әсіресе, кілемге таяу жай­ғасқан ақсақалдарға қарау қызық.

Палуан­дар­мен бірге қимылдап, орындарынан қомпаңдап қояды. Бір кезде Берік шалып алды да шалт қимылмен шырқ үйіріп, артқа лақтырды. Төре­шілер түгелдей алақандарын жайып көрсетті — Таза жеңіс! Жұрт қол соғып жатыр. Біз Берік туралы қысқкаша жазып алдық. Қарағанды об­лысы, Қарқаралы ауданындағы №1 қазақ орта мектебінің 8-класында оқиды екен. Күреспен шұғылданғанына үш жыл, жаттықтырушысы — Б.Төлешов. Осы жарыста бес рет күресіп, бесеуінде де жыққан.

Келесі бәсекеде ду-ду боп отырған ақса­қалдарға таядық.

— Ата, балаларыңыз қалай күреседі екен?
— Е,Қажымұқанның белдесуін көрген бізге де ұнап отыр, — дейді сақал-мұртына ақ кірген ата, – менің аты-жөнім Төленбай Исақов, жасым – 63-те. Қазір құрметті демалыс­тамын.
– Төке, Қажекең жайлы бірер естелік айтып берсеңіз.
— Айтайын қарақтарым, бала кезімде сол Қажекеңнің көк ат жеккен арбасына талай жа­быстық қой. Өзі Көктөбе жақтағы сазға үй тігіп отыратын. Базарға келіп, ойын көрсететін. Со­ғыстан кейін Қажекеңді Мәскеу жақтан үш адам іздеп келді. Солардың күресін көрдім. Осы совхоздың «Коммунизм» деген бөлімшесінде күресті. Бұл Қажекеңнің шау тартқан кезі бола­тын.

Сонда да жамбасқа салып ұрғанын осы көзіммен көрдім. Орыс палуаны құрмет қып, Қажекеңе қолын берді.
— Мен Төленбай секілді күрескенін көргем жоқ, — деді Дулат Жабағыбаев ақсақал, — жалған айтып қайтейін. Тек үшінші класта оқып жүргенде Қажекеңнің Жамбыл облысы Сарысу ауданына барып өнер көрсеткені есімде. Білектей темірді түйін түйгендей бұрап-бұрап, лақтырып тастады.
— Өй, Дулат, сен екеуміз неге Қажекеңді көргенімізге ғана бөсіп отырмыз. Одан да мынау өтіп отырған күреске пікір айтайық. — Осыны айтып Төкең бізге көзін қысып қойды.
— Айтсақ айтайық, Қажекеңнің аулында балалар күресін өткізу дұрыс бастама. Тіпті, мұн­дай республикалық жарыс бізде жыл сайын өткізіліп тұрса да артық болмайды. Ол жарыс осы ауыл балаларына да, Қажекеңнің аулына сырттан келетін палуандарға да жақсы тәрбие болар еді.
— Мысалы, мына Сағымбеков Салыбек­тің немересі күресіп жүр. Сексенге таяған осы Салыбек ерігіп жүр ме, бір медаль алсам деп жүрген шығар… — Төленбай ақсақал жездесіне күле қарады.
— Қап, сендерді ме, — деп жатыр Салы­бек ақсақал, күрестен емес, көкпардан көрер ме едім өздеріңді.
— Әй, жігіттер, дауды қойыңдар, күрес көрелік, — деді тағы бір ақсақал жанкүйер Әді Байетов.
Енді бәрі кілемге көз салды. Бір палуан бұрқ еткізіп тастап келіп жібергенде, төртеуі де орындарынан тұрып-тұрып кетті. Жарыс атау­лы жанкүйерлерімен бағалы болса, бұл жас палуандар бәсекесіне осындай-осындай жан­күй­ерлер көп келгеніне марқайып, біз жүрдік.

БІРІ — ӨНЕРПАЗ, БІРІ СПОРТШЫ

Осы жарыс кезінде куә болған мына бір екі оқиғаны оқырмандарымызға айта кетуді жөн көрдік.

Стадионға жиналған жанкүйерлер енді шар­шады-ау деген кезде кешкі ауаны тамыл­жығын әсем ән баурап әкетті. Спортшылар мен көрермендерге аудандағы «Октябрь» совхозы­ның көркем-өнерпаздары арнаулы концерт қой­ған болатын. Концерттен соң бұл коллективке алғыс айтқан Жезқазған облысы Шат ауда­нын­дағы балалар мен жасөспірімдер спорт мекте­бі­нің аға жаттықтырушысы Қайрат Мусин қолы­на домбыра ала салды да Мәдидің «Үшқарасын» шырқай жөнелді.

Небір ірі спорт жарыстарының дәстүрінде келген қонақтармен жолдастық кездесулер өткізу болып тұрады. Бұл жолы команда­лар­дың жаттықтырушылары Бөген аудандық Ішкі істер бөлімінің спортшыларымен волейболдан және футболдан жолдастық кездесу өткізді.

Коллектив шын мәнінде спортты серік ет­кен. Мысалы, олар әр аптаның сәрсенбісі күні сағат 8-10 аралығында және жексенбі күні 9-11 аралығында стадионда физкультура күнін өткі­зеді екен. Бұл жаттығуға аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы, милиция майоры Ө.Қара­баев­тың өзі бастап, бәрі келеді. Бірі жүгіреді, бірі секіреді. Футбол, волейбол ойнайды. Әй­теуір бәрі стадионнан сергіп қайтады. Ішкі істер бөлімінің өзінде қарапайым спорт алаңы бар. Онда белтемір, брусья, жүгіру жолдары бар.

Одан басқа жүзу, мылтық атумен де шұғылданады.

Ішкі істер бөлімінің волейбол және футбол командасы облысқа танымал. Мысалы, Р.Ай­қынбаев жаттықтыратын волейболшы жігіттер облыста осымен үш рет чемпион болды. Ал, Н.Манабаев тәрбиелеген футболшылар қата­рынан екі жыл облыста жүлдегер атанды. Кол­лективте волейболшы А.Байжігітов, Т.Жетпі­сов, футболшы Ж.Мұсаев, С.Сармановтардың есімдері құрметпен аталады. Аудандық жарыс­тарда да милиция жігіттерін білмейтін жан жоқ. Аудандық Ішкі істер бөлімінің коллективі жайлы сөз бола қалса «Е, олар спортшы коллектив қой» деген құрметті сөз естисіз. Бұл сөздің шындығына осы сапарда толық көз жетті.

ҰЛАСТЫҢ СПОРТ МЕКТЕБІ

Финалдық белдесулер басталды. Бірі-бірі­нен өткен жекпе-жектер болып жатыр. Әсі­ресе, 59 килограмға дейінгі салмақта кілең күш­тілер жиналған екен. Қазақстанның чемпионы О.Шубаев, «Лениншіл жас» турнирінің өткен жылғы жеңімпазы Б.Кемелбеков, т.б.

Кемелбеков әуелі алғабастық Кәрібаевты таза ұтты. Шубаев бөгендік Бәкіровті бір минут 15 секундта таза түсірді. Кемелбеков қызыл­құмдық Асылхановты небәрі 15 секундта кілемге көтеріп соқты…

— Кілемге алғабастық Шубаев пен Шым­кент құрама командасының өкілі Кемелбеков шақырылды!

Көрермендер тына қалды. Белдесудің тар­тысты болатыны белгілі. Палуандардың еке­уі де күшті. Аттары республикаға тарап жүр. Еке­уі ұстаса кетті. Аңдысқан жоқ. Шубаев бір­ден көте­ріп ұрды. Кемелбеков қарсы әдіс қол­дан­ды. Шубаев екі ұпай алды. Тағы бетпе-бет кел­ді. Көз ілеспес жылдамдықпен ішке өткен Шу­баев тағы көтеріп соқты. Төреші ысқырып қал­­ды. Бақытжан жайсыз құлапты. Жарысты одан әрі жалғастыруға дәрігер рұқсат берген жоқ.

Белдесулер аяқталып келеді. Міне, ең соңғы жұп кілемнен құшақтасып кетіп барады. Газеттің бас жүлдесінің тағдыры да сол белде­сумен шешілді. Жүлдені Шымкент облысының құрама командасы жеңіп алды. Бұл коман­да­ның негізін Бөген аудандық спорт мектебінің палуандары құраған еді. Сондықтан біз осы мек­тептің директоры Ұлас Момыновты сөзге тарттық.

Ұлас ұяң жігіт. Әуелде волейболдан жат­тықтырушы еді. Кенет күреске ауысты. Палуан­дық өнерде табысқа тез жетті. Қазақша күрес­тен екі дүркін республика чемпионы болды. Қазақ ССР спорт шебері атанды. Ж.Қуаныш­ба­евтың жүлдесі үшін, «Оңтүстік Қазақстан» газе­тінің жүлдесі үшін өткен турнирлердің жеңім­па­зы. Міне, тағы бір жеңіс. Бұл жолы ол басқарған мектептің палуандары республикалық турнир­де жеңімпаз атанды. Чемпион болғандардың біреуі ғана Қызылқұм ауданынан шақырылды. Өзгесі түгел бөгендіктер.

— Ұлас, газет оқушыларын чемпион-мектеппен таныстырсаң.
— Мектебімізде спорттың жеті түрінен 1212 оқушы жаттығады. Әрине, ең үлкен жетіс­тігіміз осы қазақша күрестен. Өткен жылғы рес­публика біріншілігінде екінші орын алдық. Жат­тықтырушылардың арасынан М.Қыдырбаевты (футбол), В.Гердті (қазақша күрес), Б.Нұра­лиевті (шахмат) атап айтуға болады. Олардың шәкірттері Н.Қарабаев, М.Әйтенов (футбол), Т.Ерімбетов, Б.Кемелбеков (самбо, қазақша күрес), Б.Тұрмағамбетов, А.Синичкин (шахмат) аудан спортының үміттері. Әйтсе де спорттық базаның жоқтығы қолбайлау болып жүр. Спорт зал орта мектептікі. Стадион «Қайраттікі». Биыл ғана спорт комплексін салуға рұқсат алдық. Бар үміт алда.

ҰЯДА НЕ КӨРСЕТСЕК…

Биылғы жарыс жоғары дәрежеде ұйымдас­тырылып, зор табыспен өткізілді. Тур­нирге жиналған жас палуандар тек күресіп қана қойған жоқ, Темірландағы Қажымұқан музе­йі­мен танысты. Күш атасы жайлы деректі фильм көрді. Сонымен қатар, өздерін шефтік қамқор­лыққа алған еңбек коллективтерімен кездесті. Бұл салада аудандық комсомол комитеті ұйымдастырған шефтік қамқорлықтарды атап өту қажет. Жарыс кезінде де, жарыстың жа­былу салтанатында да олар спортшылармен бірге болды. Әсіресе, аудандық оқу бөлімінің, селолық механизацияланған колоннаның, Қажымұқан атындағы совхоздың, аудандық тұр­мыс қажетін өтеу комбинатының, нан заво­ды­ның, санитарлық-эпидемиологиялық станция­ның және өзге де бастауыш комсомол ұйым­дарының қамқорлығын облыстардан келген спортшылар ұзақ уақыт ұмытпайтын болады. Сонымен, қатар, жас палуандарға Шымкент облыстық, Бөген аудандық комсомол комитеті де ескерткіш сыйлықтар берді. Жарысты ұйымдастырушылар жасаған вымпелдер де, құшаққа толған гүлдер де оларды келесі жылғы жарысқа асықтыратыны сөзсіз.

Осы жарысқа куә болған Қазақ ССР Оқу минстрлігі физкультура басқармасының нұсқау­шысы Н.Ю.Виноградова:
— Мұндай республикалық жарысты ауыл­дық жерде дәл осындай дәрежеде өткізуге болады десе, сенбес едік. Өзім көрдім, ерекше қуаныштымын. Құдды бір Олимпиада өтіп жатқандай әсер береді, — деді.
Жарысты ұйымдастыру космитетінің пред­седателі, Бөген аудандық партия комитеті наси­хат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Б.Сақтағанов:
— Ең әуелі газет жүлдесі үшін ірі, респуб­ликалық жарысты бізге сеніп тапсырғандарға рақмет. Сенім артқан соң сол үдеден шығу парыз. шыға алсақ қуаныштымыз.


Иә, жарыс дүркіреп өтті. Жүлделі орын алған командаларға қоса командалық есепке кірмеген Бөгенмен көршілес Қызылқұм, Алға­бас аудандарының палуандарын да атап өту қажет. Бұлар өз аудандарында палуандық өнер ерекше өркендеп отырғанын тағы дәлелдеді.

Әрине, жарыс болған соң «әттеген-ай­лар­сыз» өтуі сирек. Бұл турнирден де біз көңілге түйген өкініш жоқ емес. Ең әуелі, бұл жарыстың 1971, 72,73 жылы туған палуандар арасында өткенін баса айту жөн. Әйтсе де жа­рысқа келген кейбір балалар ересек секілді көрінді. Бірақ, документ бойынша бәрі жарыс ережесіне сай. Әрине, біз ешкімді жалған доку­мент жасадың деп айыптаудан аулақпыз. Бірақ спорттың айналасында болып тұратын бұл жа­ман әдеттен балалардың қамқор­шы­лары аулақ болғанын қалар едік. Бұл, ең әуелі, балалар денсаулығын қорғау үшін қажет болса, екінші­ден, балалардың өзін жалған сөйлеуге тәрбие­леуден сақтайтыны сөзсіз. Біз бір жарыстағы жеңіске бола адалдықтан аттайтын болсақ, балалардың бүкіл болашағына зиян келтіруіміз мүмкін.

Балалар жарысына төрелік етуде де әлі бұра тартуға жол беріп жатамыз. Әсіресе, әр төреші өз облысының палуандарына бүйрек­терінің бұруы жиі. Мұндайды көрген балажүрек шындықтан түңіліп кетпесіне кім кепіл? «Кезінде Әбілсейіт, Аманжол, Амангелді секілді небір саңлақ палуандар қатысқан жарыстар өтетін Темірланда, — деген дәрігер М.Мұса­ха­нов, — сол жарысты бір-біріне жақтасудың, жүл­деге таласудың, ең бастысы, біржақты төрелік етудің әсерінен құртып алдық». Өте орынды пікір. Мұндай кемшіліктен бізде сақтануымыз керек.

Қазақша күрес үлкен өнер, көптеген күрес өнерінің негізі Қажымұқан, Әбілсейіт, Аманжол, Жақсылықтар өнер жолын осы күрестен бас­та­ған дейміз. Бірақ, бүгінде бұл күреске жете мән бермейміз. Дәлел ме? Бұл жарысқа көбінесе самбо, басқа да күрес секциясында жаттыға­тын балалар келеді. Көптеген спорт мектепте­рінде қазақша күрес секциялары жоқ. Облыс­тарда қазақша күрестен мүлдем жарыс өтпей­ді. Облыстық оқу бөлімдеріндегілер қазақша кү­рес жарысы туралы шақыру алса, «қаржы жоқ» деген сылтаумен ешкімді жібермеуге ты­рыса­ды. Орта мектептерде күрес өнеріне жете мән бермейді. Бір сөзбен, бұл халықтық өнерді да­мытуда біз атқарар істер ұшан-теңіз. Оны «Ле­ниншіл жас» газетінің жүлдесі үшін өткен осы республикалық жарыс кезінде тағы байқадық.


Жарыс салтанатты түрде жабылды. Спорт­шылар жеңіп алған жүлделері мен ес­керткіш сыйлықтарын алып ауылдарына аттан­ды. Олар кетерінде күш атасы Қажымұқанның зиратына соғып, гүл қойды. Палуандық өнер­ден бір халықтың атын шығарған жанға деген бұл құрмет те заңды. Осы жарысқа келген балғын палуандардың бәрі де ертең-ақ әлемдік күрес кілеміне шығуды армандайды ғой. Олардың бәрі Қажымұқан палуан балалары емес пе?! Әрине, солай.

«Лениншіл жас» газетінің жүлдесі үшін мектеп оқушыларының арасында өткен республикалық жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

Командалық есепте:

  1. Шымкент облысы.
  2. Қарағанды облысы.
  3. Жезқазған облысы.
  4. Қызылорда облысы.
  5. Қостанай облысы.
  6. Павлодар облысы.
  7. Семей облысы.
  8. Алматы облысы.
  9. Алматы қаласы.
  10. Шығыс Қазақстан облысы.
  11. Көкшетау облысы.

Ескерту: Қызылқұм, Бөген, Алғабас аудандары палуандарының нәтижелері командалық есепке енген жоқ.
Жекелей сын:

35 кл.

  1. Аманбаев А. (Жезқазған).
  2. Негманов А. (Павлодар).
  3. Бекқожаев Ғ. (Қызылорда).

38 кг.

  1. Қиясов Б. (Қызылқұм).
  2. Ерімбетов К. (Бөген).
  3. Майшекин Б. (Қарағанды).

41 кг.

  1. Төребеков (Шымкент).
  2. Баймағанбетов (Алғабас).
  3. Масақбаев О. (Бөген).

44 кг.

  1. Борсуков В. (Қостанай).
  2. Толыбаев С. (Бөген).
  3. Рүстембеков К. (Шымкент).

47 кг.

  1. Жақанов Б. (Қызылқұм)
  2. Асқарбеков М. (Алматы қ-сы).
  3. Иманахметов Т. (Көкшетау).

50 кг.

  1. Пазылбеков М. (Қызылқұм).
  2. Шаймерденов (Семей).
  3. Тілеуов И. (Бөген).

53 кг.

  1. Демеуов А. (Қызылорда).
  2. Әубәкіров Қ. (Қызылқұм).
  3. Дулатбеков С.(Алматы қ-сы).

56 кг.

  1. Ералиев Т. (Шымкент).
  2. Сенбиев А. (Қызылқұм).
  3. Білтебаев Р. (Қызылқұм).

59 кг.

  1. Шубаев О. (Алғабас).
  2. Кемелбеков Б. (Шымкент).
  3. Әкежанов Е. (Жезқазған).

62 кг.

  1. Кемелбеков Б. (Шымкент).
  2. Айтбеков Н. (Алғабас).
  3. Мажекер Б. (Павлодар).

65 кг.

  1. Имашев И. (Шымкент).
  2. Ерпанов Ә. (Қызылқұм).
  3. Шәріпов К. (Шығыс Қаз. обл).

68 кг.

  1. Махметов С. (Қарағанды).
  2. Үкібасов С. (Шымкент)
  3. Төлепов К. (Алғабас).

71 кг.

  1. Оразбаев Б. (Шымкент).
  2. Меңілбеков Н. (Қызылқұм).
  3. Мейірбеков Н. (Алғабас).

74 кг.
1.Әшіров С. (Шымкент)

  1. Құлмағамбетов (Алғабас).
  2. Кереслинко В. (Қостанай).

77 кг.

  1. Өтебаев Б. (Шымкент).
  2. Шәлімбетов А. (Алғабас).
  3. Клингесс С. (Қостанай).

+77 кг.

  1. Ғайбуллаев Ж. (Алғабас).
  2. Дайраев Ж. (Бөген).
  3. Пашаев А. (Шымкент).

БАС ПАЛУАНДАР БӘСЕКЕСІ:

  1. Оразбаев Б. (Шымкент).
  2. Шәлімбетов А. (Алғабас).
  3. Дайраев Ж. (Бөген).

Несіп ЖҮНІСБАЕВ,
Ертай БЕКҚҰЛОВ,
«Лениншіл жастың» арнаулы тілшілері.
Темірлан селосы.
Шымкент облысы.
25 июнь 1987 жыл. «Лениншіл жас» газеті.

Дереккөз: «Ордабасы оттары» газеті

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*

x

Check Also

Су тасқыны кезінде республика бойынша 120 мыңнан астам азамат құтқарылды

Су тасқыны кезеңінде 120 мыңнан астам азамат құтқарылып, уақытша орналастыру пункттеріне орналастырылды, оларға барлық қажетті көмек көрсетілді. Су басқан аймақтарға ...

В ходе паводков было спасено свыше 120 тыс. граждан в Казахстане

За весь паводковый период было спасено свыше 120 тыс. граждан, которые были размещены в пунктах временного размещения, им была оказана ...