Ауданнымызда киелі жерлер көптеп кездеседі. Соның бірі – Көктөбе ауылындағы «Нұралы бастауы». Бұл бұлақ ертеректе «Қарабастау» деп аталған екен. Олай аталуы, суының мұздайлығы мен мөлдірлігінде жатса керек. Бұрқыраған бұлақтан сарқырап аққан су маңайындағы терең сайға құйылып, тұнық көл іспеттес болып жатады.
Түбі терең болғандықтан, табаны көрінбеген бұлақ суы көзге қап-қара болып шалынады. Содан ел «Қарабастау» деп атап кетсе керек.
Ауыл тұрғындары судың ерекше қасиетін бұрыннан-ақ білген көрінеді. Себебі, түрлі науқастар: бел ауруы, дене қызуы, қан қысымы көтерілгенде және басқа да тұмау, сүйектің сырқырауы секілді ауруларына осы бұлақтан шипа тапқан екен.
Мұздай суға шомылып, бұлақ басынан су ішіп, ауруынан айыққан науқастар суды арнайы ыдыспен үйлеріне әкетіп, бір жетіге дейін тиісті ем қабылдап, айығып кетіп жатқан.
80-нен аса дастан жазған, қазақ әдебиетіндегі орны ерекше ақын Нұралы Нысанбайұлы осы бұлақтың басына қоныстанып, көптеген туындыларын сол жерде жазғаны тарихтан белгілі.
Көзі көргендердің естелік әңгімесіне сүйенсек, кезінде саясатқа тура келмейтін, бірақ, тарихи тәлімі мол дастандарын киізге орап, үйінің бір бұрышына адам бойындай шұңқыр қазып, көміп кеткен деседі.
Киелі «Қарабастау» бұлағының қасиетіне ден қойған ақын үйінің орны әлі күнге дейін ауқымды төбе болып сақталған. 1937 жылы ақын дүниеден озып, ел содан бері «Қарабастауды» «Нұралы бастауы» деп атап кеткен. Бірақ, әзірге арнайы мамандар тарапынан зерттеу-сараптама жұмыстары жүргізілмеген.
Әлемге даңқы шыққан, жамбасы жерге тимеген атақты Қажымұқан балуанның өмірінің соңғы жылдарында Нұралы ақынды құрмет тұтып, «Нұралы бастауының» қасына қара үй тігіп, «Нұралы ақын мен осы мөлдір бұлақ түсіме кірді, Нұралы ақын жалғыз жатыр, мені қасына жерлеңдер» – деп, елге өтініш айтқаны белгілі.
Сонымен, әңгімеміздің соңына келер болсақ, киесі мен қасиетін ел қадір тұтқан «Нұралы бастауына» әлі күнге дейін ауылдан және алыс жақыннан дертіне шипа іздеген жандар келіп, ем қабылдап, бұлақ маңында орналасқан ағаштарға ырымдап шүберек байлап кетіп жатады.
Біздің ендігі ойымыз, қасиеті мен шипасы қатар дарыған киелі орынның көпшілік назарынан тыс қалмай, тиісті экологиялық және санитарлық талапқа сәйкестендіріліп, ерекше күтімге алынып, ел игілігіне пайдалануға қолайлы жағдай жасалса нұр үстіне нұр болар еді.
Әмір СӘДІБЕКОВ,
Көктөбе ауылының тұрғыны, еңбек ардагері.
Дереккөз: «Ордабасы оттары» газеті