Даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының түрлі-түсті видеосы жарияланды. Видеода палуан өзге әріптестерімен бірге айналып жүріп, камераға түскен. Бейнежазбаны әлеуметтік желіге Қайсар Жанболат жүктеген.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы Ақмола уезі, Қараөткел болысына қарасты Қоспа елді мекенінде дүниеге келген. Жастайынан ел арасында қазақша күреске қатысып, «бала палуан» атанған. Омбыдағы цирктің ашылуынан хабардар болған Мұқан 1889 жылы ат басын осы қалаға бұрып, Злобин палуанмен күш сынасып, жеңісті қанжығасына байлады.
Злобиннің ақыл-кеңесіне сүйеніп, Петербордағы Тадевско-Лебедев атындағы мектепте француз күресін меңгереді. 1890 жылы Киев қаласында өткен халықаралық турнирде белдеседі. 1910 жылы алғаш рет Оңтүстік Америка құрлығына қарай жол тартады. Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында еркін күрестен бақ сынайды. Нәтижесінде Америка чемпионы атанады.
1911 жылы Ыстамбұлда түріктің атақты палуаны Нұрлығаны жеңгені үшін «қажы» атағын иеленіп, Қажымұқан есімімен көпшілікке танылады. Ұлы Отан соғысы кезінде ел аралап, цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша тауып, тікұшақ жасатып майданға жібереді. Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Темірланмен іргелес жатқан «Зерделі» ауылында (қазіргі «Қажымұқан» ауылы) дүниеден өткен.