Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай Қажымұқанның «Алашордашылардың» рухани демеушісі болғанын алға тартады.
«Қажымұқан – «Алашордашылардың» рухани демеушісі. Сондай-ақ, ол кісі «Алашорданың» барлық жиындарына қаржылай көмек берген. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов сияқты тұлғалармен өте тығыз қарым-қатынаста болған.
1905 жылы «Алаш» идеясымен таныстыру үшін Қажымұқан Қоянды жәрмеңкесінде өнер көрсеткен. Қажымұқанның өнерін көреміз деп жиналған жұрт петицияға қол қойған. Сондай-ақ, 1914 жылы Омбы, Семей қалаларында Алаштың кеңестері өтер алдында міндетті түрде Қажымұқан қатысып, өнер көрсететін болған. Бұл – «Цирктің әртісі Қажымұқан өнер көрсетті» деп, жандармерияға алаштықтардың басқосуын көлегейлеу үшін де таптырмас себеп болыпты. Қажымұқан өнер көрсетіп тапқан қаржы-қаражатын «алашордашыларға» беріп отырған болса керек», – дейді алаштанушы.
Қажымұқан өмірінің жиырма жылдан астам уақытын Омбы қаласында өткізген. Бәлкім, ол Алаш зиялыларының жанына жақын жүруді мақсат тұтқан болар. Алаштықтар қуғынға түскенде, Қажымұқан оңтүстікке қарай қоныс аударған екен.