Асамыз өмір белінен

«Зытып келем, зытып келем». (Ғ.Мүсірепов. «Қазақ солдаты» романынан)

Зуылдап келеміз. Дуылдап-шуылдап келеміз. Жоғары қарай. Медеу жаққа. Таудан сарқырай ағатын өзен жағасына. Кейде жұмыстан кейін сонда барып, шілденің аптап ыстығынан тал, терек, қайыңдар саясында салқындап, жан шақыратынымыз болушы еді, сол ниетпен. Екеуден-екеу. Әңгіме, әзіл-қалжың, ән. «Біздің әкейді білесіз ғой, – дейді (менен мүшел жастай кіші) ақ сары жүзді, аласалау, тас қайрақтай, айбынды серігім нықтай сөйлеп. – Мендей емес, ұзын бойлы, зор денелі, жас кезінде шахтада істеп, бұлшық еті бұлтылдаған күш иесі болыпты.

Соғыстан алдын Қажымұқан палуан қасына әйелі мен кішкене баласын алып, ат арбамен елге келгенде, төсіне қойған тасты балғамен ұрып уататын ешкім болмай, жұрт біздің әкейге қолқа салмай ма? Барлығы жабылып «Төребай соқсын балғаны!» деп тұрып алыпты. Сонан соң қайтеді, атақты палуанды сыйлағандықтан онша зауқы соқпаса да, амалсыз мақұл депті. Депті де, Қажымұқанның төсіне қойған көлемі қол диірмендей шұбар тасты шойын балғамен үш-төрт соғып, быт-шыт етіпті. Бұл мен туардан он шақты жыл бұрын болған жағдай, кейін білетіндердің айтуынан естіп, әкейден рас па деп сұрағанымда, рас деді де қойды. Таратып ештеңе айтпады. Өзіңіз білесіз ғой, әкей сөзге жоқ, мінезі тұйық адам, бірде әйтеуір өйтіп-бүйтіп қосымша айтқызғаным бар. Қалай, тыңдайсыз ба, әлде… «Ойбай, айта бер!» «Қайдан білейін, құлқыңыз соға ма, жоқ па деп жатқаным да. Жарайды, айтайын. Бұл енді өзінше бір хикая. Түбі кәдеге жарауы да ғажап емес. Аржағында Қажымұқан тұрған жоқ па? Шіркін, ұлылардың ұлысы! Қайран, Қажекең!» Жөңкіле аққан өзен. Баяу ескен жел. Салқын сая. Ырғалған ақ қайың, кеуде керген бәйтерек, иілген сәмбі тал. Таза ауа. Әнші құстар. Ғибратты әңгіме. Пай-пай! Және қандай! Және қырық жылдай бұрынғы… Ендеше, тәуекел. Бүгін соны қаузап көрейік… Әдетте, өткен ғасырдағы Отан соғысы деп аталатын алапатқа дейін де, кейін де бұл қазақ нелерді бастан өткермеді, не көрмеді? Әрісін айтпағанда, күштеп коллективтендіру, ашаршылық, репрессия… соғыс лаңы… ой, дүние-ай! Толып жатыр ғой. Айналайын халық сетілмеді, кетілмеді, қайта бекінді, жетілді… Бірден емес, бірте-бірте. Сондай шақтардың бірінде – соғыстың алдында, екі-үш жыл бұрын – бүкіл әлемге әйгілі палуан Қажымұқан әлдебір бәләйі себептермен ата-бабаларының ежелгі мекені оңтүстік өңірге оралып, қарапайым көптің бірі ретінде Шәуілдір, Шұбар ауылдарында ғұмыр кеше бастады. Бірақ, бір орында отырмай, аталмыш облысты түгендеп, одан қалса, көрші Өзбекстан, Тәжікстанды аралап халыққа өнер көрсетті, дәріптеді. Тәжікстан астанасы Сталинабад қаласында өміріне қастандық жасалып, сондағы қалың қазақтың арқасында аман қалды. Соғыс кезінде самолет жасату үшін отан қорғау қорына қаржы аударып, өз басы қашан Қазақ ССР Комиссарлар Советінің председателі Н.Оңдасынов тікелей қамқорлық жасап, зейнетақы тағайындағанша жұпынылау өмір сүрсе де жасымады, мойымады. Ескілеу ат арбасына әйелі мен жас баласын салып алып, ұдайы ауыл-аймақты аралады. Бірде сол кездерде кен орны ашылған (қазіргі Кентау) Мырғалымсайдың маңындағы Хантағының етегіне орналасқан Біресек ауылына келді. Бұл соғыстан екі-үш жыл бұрын, сол кездерде дендеген жаппай репрессия құтырмасының сәл-пәл беті қайтып, СССР Жоғарғы Советінің бірінші шақырылған сессиясы өткен күндер еді. Сельсоветті Алсаев (деген) басқарып, Қалықұлов дейтін ауыл тұрғыны – озат кенші – Жоғарғы Советке депутат боп, дүрілдеп тұрған шақ. Сол тұстарда ашылған (қазіргі) Ащысай, Мырғалымсай кеніштерінің айнала төңіректегі төрт түлік малдан айрылған, күн көрісі қиындаған қазақтар үшін себі мол болды. Қолына қайла ұстауға жарайтындардың бірқатары көмір шығатын шахтаға орналасты (орыстан бас­тап, басқа ұлт өкілдері де аз болмайтын). Әрине, техника әлсіз, құрал-сайман жетімсіз, елдімекендер әлжуаз, өзге де кем-кетіктер бастан асатын. Соған қарамай, патриоттық бастама, отаншылдық ынта-жігердің арқасында қазақтан шыққан жұмысшы табы өкілдерінің еңбектері жанып, хал-ахуалдары жақсара түсті. Тіпті, ауыз су, жол қатынас, дәрігерлік қызмет, т.б. салаларда олқылықтар бастан асып жатса да. Ал, сол кездерде… Мырғалымсай кенішінде көмір қазатын шахтерлардың бірі екі иығына екі кісі мінгендей алпамса денелі, бойшаң, қос жауырыны қақпақтай, қыран қабақ, қаршыға көз, қара торы өңді, сұсты, ауыр мінезді, жасы әлі қырыққа жете қоймаған қарулы, айбатынан арыстан сескенетіндей, сонымен бірге, қайырымды, кішіпейіл, әділ, адал, таза, отбасына пана, абыройы бір басына жетіп артылатын Төребай деген естияр жігіт ағасы болатын-ды. Кеніш басшылары Төребай мен тағы бір шымыр денелі, палуан пішінді Хұсанбай деген қолы шебер, епсекті, жастау өзбек жігіт екеуін (керек кезде) мекемедегі өзге де жұмыс түрлеріне жұмсай беретін-ді. Жаз кезі. Шықылдаған шілде. Бірде Төребай мен (өзбек) Хұсанбай көрік басып, темір балқытып жатқан төбесі ашық, аумағы ат шаптырым ұстаханаға араб ертегілеріндегі қалақтай құман ішінен бу боп шығып, қолма-қол қара дәуге айналатын алып диюға ұқсас, үстінде майка, бұтында жұқа шалбары бар, дене бітімі алқам-салқам, қос емшегі салбыраған, құлақ-мұрны жырым-жырым, түр-түсінен адам шошырлық таудай біреу аяқтарын алшаң басып, үн-түнсіз кіріп келе жатты.

Жұмыстарын кілт доғарып, таңдана қараған Төребай мен Хұсанбайға тақап келіп: «Амансыңдар ма, жігіттер, – деді гүр еткен зор дауыспен. – Естулерің бар ма, мен Қажымұқан деген палуан боламын. Бүкіл әлемде мен болмаған, мен бармаған ешбір ел де, жер де жоқ. Орыс, француз, түрік, қытай, жапон – бәрінің қабырғасын күйретіп, бас терісін сыпырғанмын. Омбы деген қалада тұрушы ем, жас ұлғайып қартайған соң, ата-бабаларымның сүйегі жатқан осы жаққа көшіп келдім. Қазіргі мекенім Шәуілдір (Темірлан маңайына қоныстанғаны кейінірек. З.А.). Қарап жатып қайтемін деп ат арбамен ел аралап, жұртқа өнер көрсетемін. Кейде жеке, кейде үлкен қалалардағы циркпен бірге. Бұл жолы өзім келдім. Кәне, сендерден мойынға салғанда екі жағына он бес-он бестен отыз адам отыратын арматура табыла ма? Бар болса бере тұрыңдар. Екі-үш күннен кейін әкеп беремін. Тосыннан келген қара дәудің сөздерін Төребай мен Хұсанбай әрі үрейленіп, әрі естері кете қызығып тыңдады. Қажымұқан туралы еміс-еміс естігендері жоқ емес-ті. Бірақ, ауыз ашуға шама жоқ. Абырой болғанда, палуан сұрағандай арматураның неше қилысы бар еді. Біреуін таңдап, екі жігіттің апарып берейік дегеніне сендерге ауыр болады деп көнбей, палуан иығына салып өзі алып кетті. «Қызық көрем десеңдер, кешке келіңдер» деп гүж етті қорадан шығып бара жатып. Әлбетте, барады. Бұлар бармай кім барады. Кешке дейін Біресек ауылында неше қилы әңгіме желдей есті. Қажымұқан жерге шалқасынан жатып, үстінен машина өтеді екен деп те даңғазалады.

Алайда, ешқандай даңғаза емес, сол күнгі кешкіліктегі үлкен алаңда көрсетілген ойында барлығы солай болды, тіпті, одан да асып түсті: иықтағы отыз адам отырған арматурамен алаңды екі-үш қайтара айналып шығу, білектей-білектей темірлерді екі бүктей салу, отыз бір пұт кірдің тасын бастан шыр айналдыра жоғары көтеру, (жан-жағын тақтаймен шегендеп) үстінен (полуторка) машина жүріп өту секілді кереметтерді көзбен көрген жұртта ес жоқ. Ең соңында: – Енді бір ойын қалды. Сонан соң бүгінге аяқтаймыз, – деді Қажымұқан жайбарақат. Сөйтті де, тақыр жерге шалқасынан жатып, көлемі қол диірменнен үлкен сұрғылт түс бұжыр тасты көкірегіне қойды. «Ал, кәне, мына тасты анау шойын балғамен соғып уататын қайсың бар, шығыңдар ортаға, қорықпаңдар, келіңдер!» деп гүр-гүр етті. Үнсіздік. Тым-тырыс. Біреулер кеу-кеуледі ме екен, ауылдағы ең мықты саналатын Хұсанбай өзбек алға бір-екі аттады да, ізінше жүрегі дауаламағандай кері шегініп кетті. У-шу, ду-ду. «Ай, бұл не? Үстінен машина өткен палуанды аяп тұрсыңдар ма? Шықсаңдаршы! Бар емессіңдер ме?» Ешкім тырс етпейді. Қажымұқанда асып-сасу жоқ. Әлі-ақ балға соғатын жаужүрек табыларын білетіндей, пәруәйі пәлек.

Ауыл совет бастығы Алсаев пен Жоғарғы Совет депутаты Қалықұлов қайта-қайта орындарынан тұрып, қалың қауымға қарайды. Бастарын шайқайды. Әр тұстан гүжілдеген дауыстар естіледі: – Болсаңдаршы, түге! – Әй, Хұсанбай, саған не болған? – Хұсанбайды қайтесің, ол әлгінде қашып кетті ғой. Төребай шықсын! – Төребай қайда? Осында ма? – Осында! – Онда Төребай шықсын! – Төребай соқсын балғаны!.. Жаратылысынан діні берік, томаға-тұйықтау, көзге түсуді қаламайтын Төребай екіойлы боп, бір жағы намыс қысып, онсыз да ұшып тұруға шақ отыр еді, енді шегінетін рет қалмай, тез-тез адымдап барды да, шойын балғаны үш-төрт қайтара ұршықтай үйіріп, періп-періп жібергенде Қажымұқанның көкірегіндегі көлемді қалың тастың күл-талқаны шығып, жан-жаққа жаңқадай шашырады. Түк болмағандай орнынан атып тұрған Қажымұқан «ей, сен бағанағы жігітсің ғой» деп арқасынан қақты. «Тегін емесіңді сонда-ақ біліп, балға соғуға жарайды-ау деп кеткенмін. Ойым дәл келді. Алдыңнан жарылқасын!» Халық айтса, қалт айтпайды. Пах! «Төребай соқсын балғаны!» Соқты, әрине! Қалт кетпеді, мүлт кетпеді. Төребайдың ұзақ жылдар бойы кейінгі ұрпаққа аңыз ретінде жетіп, ара-тұра айтылып келе жатқан осынау «балға соғу» оқиғасын оның бүгінгі атақты ғалым, сыншы, жазушы, ғұлама дәрежесіне көтерілген «бір жапырақ сарғалдақ» ұлы Әшірбек Төребайұлынан – сол тау баурайында – естіген бойда мұны хатқа түсіріп, жазса да көптік етпейді екен-ау дегенім болатын да, сәті келмей жүруші еді. Соның орайы бүгін – қырық жылдан кейін – келгеніне иншалла, тәуба. Төребай атамыздың туғанына 110, Аққыз апамыздың туғанына 100 жыл толып, баласы Әшірбек пен келіні Күләш бастаған үрім-бұтақ, өрен-жарандары аяулы ата-әжелерінің әруақтарын еске алып отырған шақтарда…

P.S. Жаздың соңы, күздің басы. Түнгі сағат төрт. Телефон шыр етті. Тұтқаны көтерсем – қайран Рекең, Райымбек Сейтметов. «Әшірбектің анасы Аққыз апамыз қайтыс бопты. Сыртқа шыға беріңіз, қазір барамын» деді. Үй арамыз алыс емес-ті, дереу «Орбитаға» тарттық. Ол кезде Әшірбек сонда тұрады, ЦК-да істейді. Барсақ әлі онша ешкім келіп үлгермепті… Таң атысымен Райымбек «мен шаруамен айналысайын, сіз осында болыңыз, мұнда жақындардан біреу болу керек» деген соң, ол кетіп, мен қалдым. Қалғанда, үш күн-үш түн тапжылмай отырып, Аққыз апамызды ел-жұрт боп ақтық сапарға шығарып салдық. Бұл қайғы Қажымұқандай палуанның төсіндегі шоқпар тасқа шойын балға соққан Төребай атамызға тіпті де оңай соққан жоқ-тын. Атамыз апамыз қайтқан соң, бірінші құдай, онан соң ұлы мен келінінің күтімімен он екі-он үш жылдай ғұмыр кешіп, кейін ол да аттанды бақиға. Аққызымен табысуға, қауышуға! Бірге тумасақ та, туғаннан былай болмай, үрім-бұтағымен сіз-біз десіп жүргенге қанағат демей не дейік. Алматыға Әшірбек деп келген әзіз ата-ана рухына тағзым демей не дейік. Нұрларың пейіште шалқи берсін, қайран Төребай ата, аяулы Аққыз апа! Сендерді бүгінгі еске алу жоралғысы жұғысты боп, ұрпақтарыңа Алланың нұры жауа берсін!.. Әумин!..

Зәкір Асабаев

Дереккөз: «Ana tili» газеті (25.08.2016)

x

Check Also

От жилищного строительства до повышения пенсий: Ключевые меры социальной поддержки правительства в 2024 году

В Послании Президента Касым-Жомарта Токаева народу Казахстана «Экономический курс Справедливого Казахстана» было подчеркнуто, что в основе стратегии экономического развития страны ...

Тұрғын үй құрылысынан зейнетақыны көбейтуге дейін: 2024 жылы үкіметтің әлеуметтік қолдауының негізгі шаралары

Әлеуметтік төлемдер мен жалақыны арттыру, тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау және білім беру салаларын жаңғырту. 2024 жылы қазақстандықтарды әлеуметтік қолдау ...