Аудан ардагерлері кеңесінің төрағасы Асылбек Паметұлы бұған дейін қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының қабылдауында болып, аудан ардагерлерін Қарттар күні мерекесі қарсаңында киелі жерлерге зиярат етуге апарып келу жөнінде ардагерлер ұсынысын айтқан болатын.
Аталған жеке қабылдау барысында қала әкімі ұсынысты қабылдап, аудан әкімі А.Әліқұловқа ұйымдастыру жұмыстары бойынша тапсырма жүктеген еді.
Осы орайда, аудан әкімі Абзал Шымкентбайұлы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, шараны ұйымдастыру жұмыстарын дереу қолға алды.
Ал ағымдағы жылдың 22 күні Қаратау ауданының қазыналы қарттары «Ардагерлер кеңесі», «Аналар кеңесі» мүшелері Түркістан қаласындағы «Арыстан баб», «Қожа Ахмет Йассауи» кесенелеріне арнайы зиярат етіп қайтты.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында киелі жерлерді ауданның зиялы қауым өкілдері, білім, еңбек салалары үздіктерінен құралған 40 ардагер зиярат етумен бірге жаңа Түркістан қаласының даму жоспарымен де танысты.
Сондай-ақ, Шымкент қалалық мәслихат депутаты Н.Төлегенов зиярат етуге келген барлық ардагерлер қауымына арнайы мерекелік дастархан мен сыйлықтар ұсынды.
Аудан ардагерлері өз кезегінде барлық қарттар қауымына деген құрмет пен ықылас үшін қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлына алғыстарын жеткізді.
Еске сала кетейік, Қаратау ауданында бүгінде жалпы саны 500-ге жуық ардагерлер тұрады. Оның ішінде тыл ардагерлері — 256, ҰОС ардагерлері — 6, зиялы қауым өкілдері – 40.