Алып күштің иесі – Қажымұқан

Көп ізденіс жасап, зерттеу жүргізіп, Қажымұқанның күрес жайындағы өмірін тың деректермен толықтырған марқұм Әлімқұл Бүркітбаев еді. Қажекеңнің үш медалін, белдігін, қол сандығын, тағы басқа құнды заттарын іздеп тауып Қазақстанға алып келді. Ресейдегі шаң астында қалған мұрағаттарды қопарып, оны орын-орнына келтіріп, хроникалық ережесін сақтап, Қажекеңді білетін тірі жүрген азаматтармен кездесіп, сол кездегі күрестері қайда, қай жылы болды, неше рет әлем батыры (чемпионы) аталғанын жазған да Әлекең еді. Бұл мақаладағы Қажымұқанның 1908-1914 жылдары өткізген кейбір күрестері жөнінде келтірілген деректер марқұм Әлімқұл Бүркітбаевтың «Қажымұқан» атты деректі хикаясынан қысқартылып, маңызды түйіндер ғана алынды.

Ал біз оқырмандарға, спорт өнерімен шұғылданған жастарға тек қана ойымызды, пікірімізді білдіруді жөн көрдік. Кезінде «Ана тілі» газетінде жарияланған мақаламызда 1908 жылы Стамбулда (Түркия) ең күшті Нұрла атты түрік палуанын жеңгеннен кейін, сол елдің белгілі азаматтары Шәкір паша (генерал), Имам Баюр Мұқанды Мекке, Мединеге алып барып, сол жерлерде палуанымыздың «Қажы» атағына ие болғанын айтқанбыз. Сол жолы Шәкір пашаның: «Ол жерлерде ең күшті палуандар жиналады. Сен онда өзіңнің күшің мен өнеріңді көрсете аласың» деп айтқаны бар. Әрине, Меккеде де, Мединеде де ешқандай ойын-сауық өткізілмейтіні мәлім. Қажекеңді онда ертіп келген түрік жолдастары Шәкір паша, Имам Баюр қажылық парыздарын өткергеннен кейін күрес жарыстары өтетін хиджаздың теңіз қақпасы – портты қала Жиддаға келеді. Жарысқа Африка, Азия елдерінің 25 палуаны қатысады. Олардың ішінде әлемге белгілі палуандар: Үндістаннан – Салах, Мамбу, Ахмет Әли; Египеттен – Юсуф, Нұра, Мұстафа; Ираннан – Махмуд және Фаруддин; Оңтүстік Африкадан – қара мұсылман Ципс бар болатын. Мұндағы күрес ережесі бойынша қандай тәсіл жасасаң да, рұқсат етілетін болған. Мұндай «емін-еркін күресте» шабуыл мен қорғану тәсілдерін қатар қолданған палуан жеңіске жететін. Жартылай финалға Мұқан – Мамбу, Ципс – Юсуф шығады. Таяу және Орта-Шығыс Азия халықтарының күрес дәстүрін берік ұстанып, ұлттық дәстүрге айналдырғанын еске салсақ, бұл күрес Азия халқының әрқашанда ұмытылмайтын, әрдайым да құрметпен еске алатын тарихи оқиғасына айналған.

Қажымұқанмен күрескен Үндістан палуаны Мамбудың жауырыны жерге тиеді. Финалда Қажымұқан Мысыр палуаны Юсуфты жеңіп шыққан Ципспен кездесетін болады. Ципс – қап-қара, ерні дүрдиген, түрінен кісі қорқатын адам. Мұқанның сақтанып, абайлап жүргенін Ципс байқап, мұны қорқақтық деп түсінсе керек, онысы қателік еді. Мұқан он минуттың ішінде жеңіске жетеді. Төреші Мұқанды кілемнің ортасына шақырып, алтын медаль мен бас жүлде – бес мың риал ақша тапсырады. Медальдің лентасында: «Азия мен Африка чемпионы, Хиджраның 1286 жылы» деген сөз жазылған. Өзімен бірге жүрген Шәкір паша (генерал) арқасынан қағып: «Жарайсың, батыр! Сен өз халқыңның даңқын шығардың» – деген. Стамбулға оралған Қажымұқанға өзінің латыш досы, белгілі Ресей чемпионы Вейланд-Шульц: «Жеңісің құтты болсын, сен шын Шығыс жұлдызысың» депті. Мұнда айтылған «Африка және Азия чемпионы» дегенде көп оқырмандар жалғыз осы аталынған мұсылман елдерінің ғана чемпионы деп ұғуы мүмкін. Бірақ осы тартыстың алдында 1904-1905 жылдары Манжурияның Харбин қаласында Оңтүстік-Шығыс Азияның чемпионаты болған. Бірінші орынға таласқан жапон күрескері Саракикиды, бойы екі метр он сантиметр болатын қытай палуаны Ци-Хо-Чангты жеңгенін еске салсақ, Қажымұқан Мұңайтпасұлы сол жылдары бүкіл Азия, Африка құрлықтарының чемпионы болды деп еш күмәнсіз айтуға құқығымыз бар. Бұл бір. Ал енді Қажекеңді Африка, Азия палуандарымен қоштастырып, Еуропаға қарай аяқ басайық. «Рига – алыптардың Отаны» деп аталатын Балтық жағалауындағы кішкентай Латвия елінің астанасында 1909 жылы халықаралық палуандар күресінің біріншілігі басталады. Бір айға созылған күрестің нәтижесінде финалдық жарысқа төрт адам жолдама алады. Олар дүниежүзіндегі французша күрестің жүлдегері Алекс Аберг, Ресей чемпионы Иван Яго, талай халықаралық біріншіліктердің жеңімпазы Юхан Тигане және Қажымұқан. Иван Яго – Ресей біріншілігінің жеңімпазы. «Геркулес» журналы: «Иван Яго күрес әлемінің жарық жұлдызы, күші мен әдісі келісім тапқан саңлақтардың бірі» деп жазған екен.

Не керек, Балтық елдерінің атақты палуандары Иван Яго, Юхан Тигане өз елі, өз жерінде Қажымұқанмен кілем үстінде ұстасып оңбай жеңіледі. («Қажымұқан қағанаты», Ордабасы, 2001 ж. 178 б.). Ендігі финалға шыққан Алекс Аберг еді. Қажымұқан күші жағынан басым түскенімен, әдіс-айласы кемдеу болатын. Французша күрестің 150-ге тарта әдісі болса, А.Аберг соның жүзден астамын меңгерген. Бұл жолы Қажымұқан А.Абергтен жеңіліп, екінші орын алып, оған кіші алтын медаль, 200 сом ақша тапсырылады. Осы сапарында Варшавада (Польша) болып, көктем айында Кельнге (Германия) келеді. Жарты айға созылған жарыста финалға неміс палуаны Вебер мен Зауерер, француз палуаны Кальве, Ресей палуандары Қажымұқан мен Вейланд-Шульц жолдама алады. Мюнхендік (Германия) Франц Зауерер Еуропаның әйгілі палуандарының бірі еді. Қажымұқанның «тур да тет» әдісіне түсіп ұтылады. Келесі күні Қажымұқан француз палуаны Кальвені ұтады да, ақтық айқаста Вебермен кездеседі. Генрих Вебер Германияның мықтысы, Еуропада өткен әлденеше халықаралық біріншіліктің жеңімпазы. Вебер Қажымұқанмен сақ күреседі. Алғашқы күні болған күрес бір сағатқа созылса да, жеңімпазды айқындай алмады. Келесі күні Веберды үш рет партерға түсіріп, ақырында Вебердің жауырыны жерге тиеді. Қажекең Кельн қаласында бірінші орын алып, үлкен медаль мен екі мың сом ақшаға ие болып, дүние жүзінің чемпионы атанды. Ертеңінде немістің «Илюстрейте атлетика спортцейтунг» журналында А.Абергтің мақаласы жарияланады. Онда: «Дүниежүзінің жаңадан болған чемпионын (Қажымұқанды-К.Ә.) Алекс Аберг жекпе-жекке шақырады» деп жазылған еді. Осы шақырысына байланысты француз тәсілімен айқас екі күнге созылып, әзер дегенде А. Абергтың жеңісімен бітеді. Ол заңды еді. Жоғарыда «Французша күрестің 150-ге тарта әдісі болса А. Аберг соның жүзден астамын меңгерген» деп айтқанбыз. Намысқой ағамыз екі күн өткеннен кейін газетке: «Абергты мен еркін америкалық күрестен жекпе-жекке шақырамын, егер де жиырма минутта оны жыға алмасам, екі жүз сом ақша беруге даярмын» деген сөзін бастырады. Не керек, цирктің ішіне сыймай кеткен халықтың алдында А.Абергті төрт минуттың ішінде тізе бүктіріп, Қажымұқан жеңіске жетеді. Бұл американдық тәсіл болса, енді французша күрестің мықтылары Швецияның Гетеборг қаласында бас қосады. Оның ішінде Қажымұқанмен бұрын кездесіп жүрген чех Френштенский, неміс Карл Корнацкий бар еді. Цирк қожалары қитұрқыға салып, бұрын американдық күрестен Қажымұқаннан жеңілген Абергқа жарысқа қатысуға рұқсат береді. Олардың ойы белгілі еді. Қажымұқанға қарсы болып жүрген А. Абергты тағы бір сынақтан өткізу болатын. Жартылай финалға шыққан Қажекең 130 кг. салмақтағы Корнацкийді лезде көтеріп алып лақтырғанда жауырыны жерге тиеді. Ал финалға шыққан А. Аберг пен Қажымұқанның алма-кезек шабуылдарымен өткен айқас, кім жеңгенін анықтай алмайды. Сонымен Гетеборг қаласында өткен дүниежүзілік біріншіліктің жеңімпазы ретінде екі палуанның есімі қатар аталып, дүниежүзінің чемпионы атағына, олар үлкен алтын медаль мен 1275 сомнан ақшалай жүлдеге ие болады. Айтпақшы, Қажекең 1910 жылы Берлинде өткен біріншілікте дүниежүзінің чемпионы Ганс Каунды жеңіп, тағы да дүниежүзінің чемпионы атанады. Қажекең бүкіл Азия, Африка құрлықтарының чемпионы болды. Енді 1909-1910 жылдары Еуропаның Рига, Кельн, Гетеборг, Берлин қалаларында өткен біріншіліктерде үш мәрте дүниежүзінің чемпионы болды. Осы жылдардағы күресіне, жеңісіне шаттанған С. Мәуленов ағамыз: «Ауылдай Еуропаны аралаған, Арабтың Ніл дариясын жағалаған, Азия, Африка алдиярлап, Айрықша басқалардан бағалаған» деген екен. Атақты палуанның айтуы бойынша, төрт рет әлем чемпионы атағын иемденіп, 59 мемлекетте болып 48 медальмен марапатталған. Осындай көңіліндегідей өткен жеңіске жеткен қуанышынан кейін, қатардағы болған бір күресте Лурих деген цирк басшысы Қажекеңді шақырып алып: «Сен А.Абергтен жығыла сал, бірінші орынның жүлдесін бөліп берем» дейді. Қазақтың «Батыр аңқау» дегені рас екен. Сол сөзге сеніп жығыла салған Қажымұқанға төртінші орын беріп, ақшалай жүлдеден айырылады. Ызасы келіп жүрген Қажымұқан Гамбургке қайта оралғанда баяғы Лурих (цирк қожасы) тағы да Тигане мен Абергтен жеңілуін сұрайды. Ол оған жалған келісім береді де, финалдық айқаста екеуін де жерге қаратады. Ертеңінде Лурих мырза «Айтқаныма көнбедің» деп, Қажымұқанмен қоштасады. Міне, сөйтіп біздің атамыз Еуропаның алдына жан салмай жүрген сол кездегі ең мықты палуанын екі рет жақсылап жеңген. Еуропа мықтыларымен тартысып жүріп, жеңіп, намысын келтірген әлдекімдермен айтысып, айласын өткізе білген Қажекеңнің осындай жүрек жұтқандығына қайтып мақтанбайсың. Қай қазақ мақтанбайды! Осындайда С.Сейфуллиннің «Өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом» өлеңінің мына жолдары ойға оралады: «Күресте СССР-да жеке дара, Талай дәу қыла алмаған ешбір шара, Еуропа, Азиядан асқандар да Поддубный, Ганс-Гауан қазбек Гора».

Енді орыс халқының ішінен шыққан палуандармен Қажекеңнің қалай кездескеніне аздап тоқталайық. Өз уағында Ресейде Иван Поддубный, Иван Шемякин, Иван Зайкиндердің есімдері қатар аталатын. Бірақ Ресей халқының ұғымында Иван Поддубный ең жоғарғы сатыда тұратын. Ол солай да еді. «Чемпиондардың чемпионы» деген атақ тектен-текке берілмеген. Иван Шемякин 1906 жылы дүниежүзінің чемпионы (Парижде) атанған. Иван Зайкин Ресейде, Балтикада, Парижде үлкен жүлделердің иесі болды. Екі Иван – Шемякин мен Зайкин бірінші кездескен күннен бастап Қажымұқанмен дос болған. Өздерінің білгендерін, күрестің әр түрлі тәсілдерін үйренуге көп көмек көрсеткен. Жастары Қажымұқаннан үлкен болғандықтан, күрес жолына ерте келгендіктен, бұл екеуінің күрес тәжірибелері мол болатұғын. Бірақ бірінші рет И.Шемякинмен кездескенде оқыс жасаған әдіс салдарынан Шемякин аяғынан мертігіп, ауруханаға түседі. Сондағы Иван Шемякиннің айтқаны: «Мұқан, сенің қара күшің басым, қолың ұзын, нағыз палуандыққа жаралған жансың. Әттең, француз күресінің әдіс-айласын меңгермегенсің». «Бертін келе Қажекең: «Досымның айтқанын екі етпей француз әдісін меңгеріп, көзім ашылды» деп өзінің тірі кезінде айтушы еді» дейді Әлімқұл Бүркітбаев. Осы орыс палуандарына байланысты бастаған әңгімеміздің тоқетерін айтсақ, бәрінің (И. Шемякин мен И.Зайкин, т.б.) алдында оқшау И.Поддубный тұрғанда, басқа орыс палуандарынан жеңілді ме, жеңді ме, оның аса қызығы жоқ. Орыс халқы мақтан ретінде оны (И. Поддубныйды) иығының кеңдігінен «косая сажень в плечах» деп атаған («сажень» дегені екі метр). Сондықтан ең мықтысы И. Поддубныймен белдескеніне тоқталайық… 1907 жылы Санкт-Петербург қала­сын­­дағы «Форс» саябағында И.Поддуб­ный­мен бірінші рет күрескен Қажымұқан екі күн күресте тең түскен. Содан бері Иван Максимович Қажекеңді өте сыйлап, жарыстарына көз салып жүрсе керек. Бір кездескенінде И.Поддубный: «Екі күн ұдайы күресіңді көріп, құмарым қанды. Баяғы қателіктеріңнен арылған сияқтысың. А.Абергпен белдесуіңді тосып жүрмін» дейді. Күресті тастаңқырап кеткен И.Поддубный Еуропа палуандарының Америкаға дайындалып жатқанын естіп, бұлармен бірге барғысы келіп күреске кіріседі. Баяғы, сол Санкт-Петербургта Америкаға баруға жолдама алғандардың бірі Қажымұқан. И.Поддубныймен бірінші кездесуі 1907 жылы болса, екіншісі 1913 жылдың басында өткен. Ресей баспасөз құралдарында, осы жолы Қажымұқан ұтылды деп жариялаған. Қажекең үлкен ойға қалады, кешірімнен аулақ болады. Сол жылдары біріншіліктің жарысы Оралда жалғасқан. Сонда бұрын бір рет жеңілген Лука Копевты он екінші минутта құлатады. Келесі күндері Штерн мен Тиганены ұтады. Ендігі қарсыласы Поддубный еді. Қажымұқан бұл айқасты асыға күтті. «Чемпиондардың чемпионы» атағында жүрген адаммен күресу әр палуанның арманы ғой. Шарт-шұрт айқас басталып кетті. Айқасты бастаған И. Поддубный бір сәт күшке салып Қажымұқанды умаждап қыса салмақшы да болған еді, оған қайраты жетпеді. Енді қарсыласын шаршатып барып жығуды көздеді. Оның бұл айласын түсінген Қажымұқан уақыт өткен сайын күшіне күш қосып айбаттана берді. Ақыры, бір сағаттан астам уақытқа созылған бұл айқас тең аяқталады. 1913 жылы осы айқасты өз көзімен көрген Феофан Лаврентьев Қажекеңнің өмірбаянын зерттеуші Ә.Бүркітбаевпен кездескенде: «Ол күні Қажымұқан Иван Максимовичпен өте ширақ күресті. Оның толассыз күші Поддубныйдың ұлан-ғайыр айлаларымен пара-пар түсіп, бір-бірін жыға алмады. Бұл айқас Қажымұқанның әдіс-айласы өскенінің анық куәсі болды» деген. Арада бір жұма өткен соң палуандар Тбилисиде (Грузия) қайта белдеседі. Қажымұқан негр Чембер Ципсты, Жан Сабатьены, Петр Янковскийды ұтып, финалдық жарысқа шығады. Алайда үш күнге созылған финалдық жарыста Поддубный, Аберг, Қажымұқан бір-бірін жығыса алмады. Сондықтан цирк қожалары бас бәйгені үш палуанға бөліп беруге мәжбүр болды («Қажымұқан қағанаты», 198-199 б.). XX ғасырдың басында Ресейде – Сібір, Ертіс бойын жайлаған орысы, қа­зағы бар, жұрттан естігеніміз Қажымұқан И.Поддубныйдың өзін бірнеше рет жеңген. Бірақ бұл күрестері баспасөз беттерінде жарияланбаған. Жоғарыда атап өткендей, И.Поддубный мен Қажымұқан Ресей ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, төрт рет кездеседі. Біріншісі – Санкт-Петербургте, Форс саябағында (1907ж.), екіншісі – тағы да Санкт-Петербургте (1913ж.), үшіншісі – Оралда (1913ж.), төртіншісі – Тбилисиде (1913ж.). Ресми басылымдарда: үш кездесу тепе-тең, ал біреуінде И.Поддубный жеңген болып шығады. И. Поддубныйдың осы жеңісіне күмәндімін. «И.Поддубный Америкаға барғысы келіп, тастаңқырап кеткен күресін бастап, Америкаға жолдама алғандардың бірі Қажымұқанмен күреседі» деп жоғарыда жаздық. Осы күресте И.Поддубный жеңген болып жарияланады. Ал Қажымұқан жеңгенде қалай болар еді? Біріншіден, И.Поддубный Америкаға бара алмайды. Екіншіден, ұлттық намыс бар емес пе? «Чемпиондардың чемпионы», орыс күрескерлерінің ұраны, қолға ұстаған туы, қайдағы бір Муханурадан (Қажымұқаннан) неге жеңіледі? Бұл жерде бір гәп бар. Ресей империясының ұлттық идеологиясы Кеңес идеологиясынан әккі болмаса кем болмағаны белгілі. Қажымұқанды И.Поддубный ұпаймен жеңді ме, таза құлатумен жеңді ме – ол басылымдарда айтылмайды. Қалай болса да цирк басшылығы, күресті ұйымдастырушылар, төрешілер де өздерінің «патриоттық» борышын жақсы білген. Оқырмандар қалай ойларын білмеймін, менің өз пікірім, Қажекең И. Поддубныйды жеңген және бір рет емес. Жоғарыда айттық, Еуропа палуан­дары Америкаға бару үшін, әуелі әр ел өз жерінде, соңында Еуропаның жүрегі – Парижде 1913 жылдан бастап таңдау біріншіліктерін өткізе бастайды. Осы Санкт-Петербургте таңдауға арналған біріншіліктен кейін «Вестник спорта» газеті «Дүниежүзінің чемпиондары Аберг пен Циклоп, Муханура сынды палуандар Америкаға аттанбақшы, олар жүз мың сомға контракт жасап, ақшаларын жартылай алып та қойды» деп жазған.

Америкаға баратын Еуропа палуандары Парижде бас қосады. 1914 жылдың қысында мұнда еркін күрестен халықаралық чемпионат өткізіледі. Қысқасын айтсақ, осы жарыста Қажымұқан швейцарлық Дарицетиді, австралиялық Рандольфиді де жеңіп, белгиялық Черсимонспен, неміс Шварцпен кездесіп финалда түрік палуаны Шәкірмен шығады. Түрік пал­уаны аяқпен қағу тәсілін аса білмейтіні байқалады. Дегенмен, қауіп-қатерлі әдістер жасайды. Өз тәсілін жасаймын деп жүріп, қайталамақ болғанда өзін-өзі ұстай алмай кілем үстіне жалп етіп құлайды. Лезде оны Қажымұқан қапсыра көтереді де, айналдырып жіберіп, екі жауырынын кілемге басады. Ресей палуандарының қуанышында шек болмайды. Қажымұқанға үлкен алтын медаль мен бес мың франк тапсырылды. Қазақ даласының палуаны бірінші рет еркін американдық күрестен Әлем чемпионы деген атақты иеленеді. Қажымұқанның әр кезде қарсыласы болып жүрген Алекс Аберг: «Қазіргі еркін күрестің ең мықтысы Қажымұқан мырза екені дәлелденді. Мен оның Америка континентінде бұдан да зор табыстарға жетуіне тілектеспін» деп тілегін білдіреді. Ұмытып бара жатыр екенбіз, сол кездегі «француздық», «американдық», «емін-еркін» күрестерінен басқа, сол уақытта жаңадан шыққан жапон күресі –«джюджица» болатын. Ағамыз одан да құр қалғысы келмеген. 1912 жылы Гамбург (Германия) қаласында «джюджица» күресі бойынша дүниежүзінің чемпионаты ұйымдастырылады. Сонда бірге болған Қажымұқанның досы Вейланд-Шульц былай деп жазыпты: «Қажымұқан Гамбургте өте шебер күресті. Қажымұқанмен белдесуден А.Аберг бас тартты да, финалда Қажымұқан Лурихпен жекпе-жекке шықты. Басында джюджица күресін Қажымұқанға өзі үйреткен Лурих жеңіледі. Осылайша, Гамбургте еркін американдық және джюджица күрестерінен алдына жан салмай, дүниежүзі чемпионының тәжін жеңіп алды» («Қажымұқан қағанаты», 191 б.). Қажекең қазақ күресінің тәсілдерін – қарсыласын жамбасқа салып мойнынан қысып лақтыру, аяқтан шалу, тағы басқаларын жақсы меңгерген. Жиі қолданған өз әдісі – «темір құрсау». Қажымұқаннан тайсалған төрешілер шет елдердің палуандарын «өмірге қауіпті», «денеге жарақат түсіреді» деп күрестірмей алып қалып жүрген. 1914 жылы қыркүйекте Қажекең Америкаға барып, Нью-Йоркте бір айдан астам болады. Сол қалада Американың ең күшті палуандары Джек Кариктің, Пом Дженикстің, Джо Роджерстің, Джон Пинингтің, т.б. тізесін бүктіреді. Содан кейін Сан-Франциско қаласында алдына жан салдырмайтын әлем чемпионы Френк Гочтың, даниялық Иес Педерсонның жауырындарын жерге тигізеді. Бұл мәліметтер А.Абергтің «Орыс спорты» газетінде басылған. Орыс палуандарының Солтүстік Америкадан Оңтүстік Америкаға барғандары, одан олардың «Оңтүстік Африкаға жүреміз» деген хабарлары сол «Орыс спортында» басылған. Өкінішке орай, 1914 жылы I-империалистік соғыс басталды. Сондықтан бұл сапарлар жайында дәлелді мәлімет жоқ. Әлі де болса ізденіс жасау керек болар. Қажымұқанның жоғарыда тізіп өткен күрестерін біз де, біздің алдымызда ізденіс жасаған азаматтар да көрген емес. Ал өз көзімен көрген адамдардың бірі – Курск қаласының тұрғыны 1966 жылы 70-ке толған Иван Дмитриевич Булгаков. Осы кісімен Қажымұқан өмірін зерттеушілердің бірі Мұратқан Танекеев хат жазысып тұрған. Сол И.Д. Булгаков хатында: «Мен оның (Қажымұқанның – К.Ә.) Поль Абс, Алекс Аберг, Георг Лурих, Жан Сабатье, Збышко-Цыганевич, Черно-Яну, Лацгальф, Андерсон сияқты Еуропаның атышулы палуандарымен күресін де көрдім» дейді. Бұл азаматтың (И.Д. Булгаковтың – К.Ә.) «көрдім» дегенін Қажымұқанның жеңгені деп ұққан жөн. Неге десеңіз, П.Абс, А. Аберг, Ж. Сабатье, Г. Лурихтарды қай жерде, қандай әдістермен жеңгенін жоғарыда жаздық. Осы хаттың жалғасы: «Темір-Болат Кануков, Али-Осман, Сали Сулеймен, Робине Хосаев, Ли-Хун-синг, Чемберс, Ципс, Мурзук, Кахута, Манада, Саракики, Джо Моро секілді Азия мен Африка елдерінің күш аталарын қалай басынан асыра лақтырғанының да куәсі болғанмын» деп жазған. Әрі қарай сол хатында: «Оның күрес тәсілі ешкімге ұқсамайтын, ол өзін кілем үстінде еркін ұстайтын. Соған қарамастан оның жолбарысша атылатын кездері де жиі ұшырасатын. Бір таңғаларлығы, ол оқша атылар кезде, айғайлап, өз тілінде жұртқа түсініксіз бір сөздерді айтатын еді. (Сірә, аруаққа сыйынғаны болар. К.Ә.) Сол сөздер оған күшіне күш қосатындай және де қарсыласының зәре-құтын қашырып, есеңгіретіп тастайтындай көрінетін» дейді. («Күш атасы», 226-227 б.б.). Бұл хаттан беріп отырған үзіндіміз. Мақсат – сайын қазақ даласының ұлы, ғасырда жалт еткен жарық жұлдыз Қажымұқан ағамыздың алдына жан салдырмаған спорт жампозы, бірнеше күрес әдістерінің майталманы екенін дәлелдеу, растау. Осымен нүкте қоюға болар еді. Қажымұқанның бөтен халықтардың, ұлттардың арасында жападан-жалғыз жүргенін сезінгенде қазақтың «Жал­ғыз­дың үні шықпайды, жаяудың шаңы шық­пайды» деген мақалы есіңе түседі. Соның өзінде, таласып-тармасып, та­биғаттың берген күшімен, өзінің парасат­тылығымен, ойшылдығымен, намысқойлығымен, керек болса, қысыл­таяңда жасаған айласымен қазақ ұлтын Қажымұқан әлемге танытты емес пе? Енді арнайы тоқтала кететін бір мәселе бар. Ол – Қажымұқанның туған жылына қатысты. Бір өкініштісі, атақты палуанның туған жылы әр түрлі көрсе­тіліп жүр. Осыны бір ізге түсіруіміз керек. Біздіңше Қажекең 1883 жылы дүние­ге келген. Бұлай деуімізге нақты себеп бар. Қажымұқан 1913 жылы «Айқап» журналына сұхбат береді. Осы сұхбатта өзінің отыз жаста екенін айтады. Біз осы санға тоқталуымыз керек. Қажекең 1983 жылы 100-ге келді. Бүкіл Қазақстан болып аузымызды ләм деп ашпадық. 1993 жылы да үн-түнсіз қалдық. Енді зиялы азаматтар осы мәселені көтеріп, 2013 жылы Қажымұқанның 130 жылдығын дүркіретіп тойлармыз деген үміт болып еді. Бірақ бұл үміт те ақталмағандай. Әрине, қазақ бар кезде Қажымұқан есімі ұмытылмасы анық. Алайда аты әлемге әйгілі болған ұлтымыздың ұлы перзентінің мерейтойларын есте қаларлықтай атап өткенге не жетсін!.. Ештен кеш жақсы. Осы орайда еліміздің Спорт және денешынықтыру істері агенттігі осы олқылықтың орнын толтырып, келер жылы күш атасы Қажымұқанның айтулы мерейтойын республикалық деңгейде атап өтуге күш салар деген сенімдеміз.

Қалиәкпар Әміржанов,
Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер,
мәдениеттанушы, ҚР мәдениет қайраткері

Дереккөз: «Ana tili» газеті (20.12.2013)

x

Check Also

Түркістанда теннистен республикалық ашық турнир басталды

Түркістанда теннистен 12 жасқа дейінгі балалар арасында «Turkestan Open 12 & under» республикалық ашық турнирінің ашылу салтанаты өтті. Бірінші дәрежелі ...

Түркістан: Төрехан Сабырхан – Әлем чемпионы!

Черногория Республикасы, Будва қаласында 21 қазан мен 3 қараша күндері бокстан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Жаһандық бокс бәсекесіне 73 ...