Ұлытау өңірінде атақты Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақ, Қажымұқан балуан үшеуі бас қосып, даланы ду-дыруға бөлегені жайлы.
Бірін-бірі көріп бас қосуға ынтазар болып жүрген қазақтың арыстары алқа-қотан отырып өнер көрсетеді. Балуан Шолақ білектей темірді арқан сияқты білегіне үш-төрт қайыра орап, екі ұшын тұйықтап тастай салады. Ал, Қажымұқан болса жуан рельс темірді жотасына көлденең көтеріп, жиналған халыққа, «екі басына сыйғанша мініңдер!» дейді. Ел рельске жабысады. Қажымұқан рельсті айналдырғанда жұрт көбелектей шашырап ұшады.
Одан кейін Балуан Шолақ асау көк қасқа айғырға ер салып, қырық құлаш қыл арқанның ортасына ойық жасап мойнына іледі де, арқанның екі ұшын Қажымұқан інісіне ұстатады. Асау айғырды шу деп шаба жөнеледі. Айғырдың екпіні қатты Қажымқұан қаншама тырысып тарса да, шамасы жетпейді, арқан қолынан шығып кетеді.
Көк қасқаны ойнақтатып қайта оралған Балуан Шолақтың мойны қанталап кеткен екен. Ағасының алып күшіне еріксіз куә болған Қажымұқан:
– Бар әлемде бұл өнерді көрсететін сіз ғана боларсыз, – деп басын шайқайды.
Осылай қос арыстың алып күшіне халық тамсанып, таңданып, қайран қалады. Ойын қызған бір сәтте жылқысы қойнауға сыймай жатқан атақты бай Сәлімбай ортаға шығады.
– Уа, халайық, менің бір шартым бар!
– Ләпбай, байеке.
– Олай болса, Балуан Шолақ пен Қажымұқан күрессін! Қай жеңгеніне 100 жылқы беремін!
Сәлімбайдың үкімін естіген елде ес жоқ. Тобырға қызық керек. Жер тоқпақтап шулап жатыр. Күрессін! Күрессін! Елірген елдің шулынан жер шайқалып тұр. Мұндай қиын сәтте кім де болсын абдырап қалары сөзсіз. Балуан Шолақ інісі Қажымұқанға қарайды, Қажыекең көзін төмен салып үнсіз ыңыранады. Ат үстінде шіреніп, сусар бөрігі желбіреп Сәлімбай тұр.
Көптің айғай-сүреңінен кейін шынында күреспек болып, Балуан Шолақ пен Қажымұқан беліне шылбыр байлап дайындала бастайды. Осы сәтте аюдай ақырып ортаға Иманжүсіп шығады.
– Ей, халайық, ей, Сәрсен! Өрге тартса, сорға тартатын неткен сорлы едіңдер! Сендердің бағыңа туған екі балуан көздеріңе көп көрінді ме? Ал, бұл екеуін күрестірдіңдер, бір-біріне зәбір жасауға итердіңдер! Бір-бірін майып қылса сендерге пайда түсе ме? Неткен сорлы едіңдер!
– Ей, Балуан Шолақ сен ұялмай артыңнан ерген жалғыз ініңді жер қаптырмақсың ба?
– Ей, Қажымұқан сен мына елдің айтағына еріп жалғаз ағаңның жағасына жармаспақсың ба?
Имакеңнің үкімінен кейін ел сабасына түседі. Қажымұқан болса еңіріп келіп, «Қайран ағам-ай, сен болмағанда Шөкемнің жағасынан ұстап, күнәһар болар едім» деп екі ағасын құшақтап солқылдапты.