Қазақтың Қажымұқаны

Күні кеше (22 маусымда) Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанына тура 80 жыл толды. Ұлықтайтын емес, күрсініп еске алатын күн. Сол бір қанқасап қырғынға Қазақстаннан аттанған азаматтар саны 1 млн 200 мың (басқа бір деректерде 1 млн 400 мың). Соғыстан оралмағандар 600 мыңның үстінде немесе тең жартысы. 

Уақыт жылжып, заман өзгерген сайын адамзат тарихындағы сол бір теңдессіз соғыс жайлы тың деректер ашылып, өзгеше түсініктер қалыптасуда. Еуропаны бөлісу жөнінде Молотов – Риббентроп құпия келісімі болғанына шүбә келтірмейтін ұрпақтар есейіп келеді. Олар Кеңес Одағын азат етуші деп есептемейді. Көнбістеу Азия­да, яғни өзімізде «сол соғысты Ұлы Отан соғысы  деуге бола ма, жоқ па» деген ­сауал жиі қайталанатын болды. Уақыттың мұндай өзгерістерін ешкім тоқтата алмайды. Соғыс туралы көп айтуға болады, бірақ ол тек соғысқа қатысқандар туралы болмауы тиіс.

Кеңес Одағының сол соғыста жеңуіне тылдағы адамдар да орасан еңбек сіңірді. «Жалаңаяқ жар кешкен» балалардан бастап, еңкейген кәріге дейін бел жазбай қайрат қылды. Соғыс жылдарындағы аңыз болып айтылатын оқиғаның бірі – күш атасы Қажымұқанның әрекеті. Кеңес Одағы – идеологиялық мемлекет (Қадыр Мырза-Әли) еді ғой. Бір жағы идеологияға қажет болды ма, жоқ әлде 37-нің қаралауы тұсында «Патшадан медаль алған» деп соңына түскендерге адалдығын дәлелдеудің қамы ма,  шынымен патриоттық сезіммен бе, Қажекең Қазақстанның сол кездегі басшыларына барып, майданға көмек қолын созу үшін қарекет қылатынын айтып, қолдау  сұрайды. «Жасы жетпіске жеткеніне қарамай, 100 мың сом ақша тауып, оған ұшақ жасатыпты» деген желпіндірген ақпар, отыз жылдың алдындағы Кеңес Одағы құлағанға дейін айтылды. Әрине, ол шындық.

Туғанына биыл 150 жыл толған Қажымұқан Мұңайтпасов атамыздың әлемнің көптеген елдерінде «Қара Иван», «Ямагата Мухунури», «Қара Мұстафа» «Қызыл бетперде» секілді лақап есімдермен жекпе-жекке шыққанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Ондай лақап ат жамылуына отар халықтан мұндай мықты шықпауы тиіс деген басқыншылық көзқарас әсер етті ме, әлде өзге себептері бар ма деген сауал көлденеңдейді.  Қажекең төрт рет үйленген. Алғашқы әйелі поляк қызы. Әйелдерінен туған ұрпақтар кімдер, қазір олар қайда жүргенін де білген абзал. Ұрпақтарынан бізге белгілілері – ұлы Жанәділ Қажымұқанов күрестен Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, немересі Шаттық Қажымұқанов каратэден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, тағы бір немересі Бақытжан Қажымұқанов белгілі композитор. Әрине, Қажымұқан туралы Сәбит Мұқановтан бастап біршама жазушылар жазды. Алда талай көркем шығармалар да дүниеге келер. Кино фильмдер де түсіру қажет. «Өмір мектебінде»  Мұқановтың әсірелеуі болса білмейміз, «Қазір екі жүз он төрт-ақ килограмм тартам. Қайратымның толық, денемнің қатты кезінде екі жүз жиырма килограмм тартқан кезім болған еді» дейді балуанның өзі. Әлемжеліде бойы – 194 см, салмағы – 139 кг деп жүр. Қалай болғанда қазақтың мықты халық екенін дәлелдеген тұлғаның өмірі жайлы аңыздан ақиқатты аршып алатын уақыт жетті. Өйткені Қажымұқанды дәріптеу – қазақтың батыл да батыр, алып халық болғанын дәріптеу.

Дағжан Белдеубай
«Ana tili»

Дереккөз: «Ana tili» газеті (24.06.2021ж)

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*

x

Check Also

Су тасқыны кезінде республика бойынша 120 мыңнан астам азамат құтқарылды

Су тасқыны кезеңінде 120 мыңнан астам азамат құтқарылып, уақытша орналастыру пункттеріне орналастырылды, оларға барлық қажетті көмек көрсетілді. Су басқан аймақтарға ...

В ходе паводков было спасено свыше 120 тыс. граждан в Казахстане

За весь паводковый период было спасено свыше 120 тыс. граждан, которые были размещены в пунктах временного размещения, им была оказана ...