Қажымұқанның күміс таяғын сыйға алған «Кавказ алыбы»

1964 жылдың мамыр айы. Шымкент қаласындағы Ленин атындағы №29 орта мектеп мұғалiмдерi мен оқушылары абыр-сабыр. Өйткенi, мектепке қонаққа әйгiлi палуан Қажымұқанның шәкiрттерiнiң бiрi Динавецкий келмек. Қасында бiр топ ақын-жазушылары бар көрiнедi.

Қадiрмендi қонақтарды лайықты қарсы алудың қам-қарекетi жасалынып жатты. Акт залына «Хош келдiңiздер, меймандар!» деп көрнекi етiлiп жазылып, iлiнiп қойылды.

Әлден соң күткен қонақтар да келiп жеттi. Мектеп басшылары оларды көлiктен түсiрiп алды. Олар үшеу екен. Палуан Динавецкий, композитор Садық Кәрiмбаев және ақын Ислам Шұғаев. Қарсы алушылардың iшiнде жергiлiктi ақын Өтебай Қалыбаев та жүр едi. Ол Исламды бұрыннан бiлетiн. Екеуi құшақтасып амандасты.
Танысудан соң мiнберге палуан Динавецкий шықты.

– Достарым менi «Кавказдың алыбы» деп атайды. Өйткенi, мен Кавказ халқының өкiлiмiн. Палуан атануыма қазақтың алып ұлы Қажымұқанның тiкелей септiгi тидi. Кезiнде Ресей палуандарымен бiрге әлемнiң көптеген елдерiн араладық. Талай палуанды өз елiнде тiзе бүктiрдiк. Халық намысын осылай қорғадық. Кездесудi пайдаланып, сiздерге ұстазым Қажымұқанның таяғын қалай алғанымды және оны не үшiн сыйлағанын айтып бермекшiмiн, – деп қолындағы ақ таяғын көпшiлiкке көрсеттi.

Палуанның қолындағы таяқ жеп-жеңiл секiлдi. Динавецкий оны оң қолының саусағымен дөңгелетiп ойнап отырады. Жиналғандар дала батыры сыйлаған таяқты ұстап көрмекке құмартады. Соны сезгендей қонақ:
– Қане, мен сияқты мына таяқты кiм шыр көбелек айналдыра алады? – деп сұрайды.
Ортаға Бейсенбай деген мұғалiм шығады. Ол палуанның қолынан таяқты ала берiп «ох» деп еңкейiңкiреп қалады. Сөйтсе, Қажымұқанның таяғының салмағы 12 келi екен. Мұндай салмақты көтере алмаған Бейсекең қызарақтайды. Мейман оның қолынан таяқты алып, бiр қолымен оп-оңай дөңгелетiп отыр. Келушiлер бұған таң-тамаша қалады.
…1910 жылдар шамасында ресейлiк бiр топ палуан атақты Иван Поддубныйдың бастауымен Америкаға барады. Нью-Йорктен пойызға отырып, Мексикаға келедi. Осында палуандардың халықаралық жарысы өтедi екен. Алыстан келген қонақтар арнайы дайындалған жайға орналасып, жуынып-шайынып, алдағы алапат арпалысқа дайындала бастайды. Дайындық бiр аптаға созылады.

Мексика халқы Ресейден келген қонақтарды жақсы қарсы алады. Көрсетiлген сый-құрметке ресейлiк палуандар да разы болады.

Межелi күнi байрақты бәсеке басталып та кетедi. Алғашқы күндерi Америка палуандары өзара күреседi. Олардың iшiнен iрiктелiп шыққандары ғана ресейлiк палуандармен күрес аренасына шығады. Ресей атынан Иван Поддубныйдың ұсынысымен Қажымұқан бабамыз күреседi. Қарсыласы қара нәсiлдi палуан Робсон деген екен. Ол да кең жауырынды, бiлектерi бiлеудей атақтының өзi. Екi палуан бiрiн-бiрi жыға алмай, итжығыс түсiп жатады. Тартыс пен текетiрес ұзап барады. Көрермендер мен бапкерлер, төрешiлер «кiм жеңедi екен» деп екеуiнен көз алмай қарап қалған.
– Қажымұқан, аяқтан шал!
– Муха, белден ора!
Ресейлiк палуандар атақты Мұқанға осылай дем берiп қояды. Бiр кезде Қажымұқан бурадай буырқанып:
– Уа, әруақ! Қазағымның әруағы қолдай гөр! – деп Робсонды жерден тiкеден тiк көтерiп алады да, шыр айналдырған күйi төбеден асырып барып кiлем үстiне әкелiп бiр-ақ ұрады. Содан жығылып жатқан қарсыласының үстiнен аттап өтiп, оң қолын көтередi. Ресейлiктер қатты қуанып, «Жаса, Қажымұқан!» деп оны ортадан көтерiп әкетедi.

Робсон шын мәнiнде Американың белдi палуаны болатын. Әйткенмен, ол «жауырыным жер иiскеп қалды ғой» деп намыстанбастан Қажымұқанмен дос-жаран болып кетедi. Халықаралық жарыс бiткенше екеуi бiрге сыйласып жүредi.
Жарыс аяқталып, палуандар ел-елге тарай бастайды. Қоштасарда Робсон Қажекеңе күмiс таяқ сыйлайды. Кеудесiне алтын медаль тағынып, қолына күмiс таяқ ұстаған палуан елге мерейлi оралады. Жол-жөнекей қазақ палуаны ыңылдап ән салумен болады. Сондағы айтқаны мына ән екен:
Ресей мен қазақтың палуаны,
Менде жатыр нелер күш алуаны.
Әлемнiң төрт бұрышын аралаумен,
Тындырып келем талай шаруаны.
Толқып жатыр бойымда қара күшiм,
Жеңiстерге жеткiзген дара күшiм.
Қорғаймын Ел намысын, Ер намысын,
Шыбын жанды пида қып Далам үшiн!

Осы өлеңдi ақын Өтебай Қалыбаев жазып алып, газетке ұсыныпты.
Қарап отырсақ, сонау патшалық Ресей кезiнде де қазақтар Ұлы Дала намысы үшiн өздерiн аяп қалмапты. Елбасы Н.Назарбаевтың да бүгiнгi Ұлы Дала елi үшiн деп күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан қалып жүргенi сол.
Сонау 1910 жылы Америка, Мексика, Ресей жерiн басып өткен Динавецкий Шымкенттегi Ленин атындағы №29 орта мектепке осылай келген. Қазiр бұл мектеп №51 жалпы орта мектебi деп аталады. Қорғанбай Өмiшұлы атындағы көшеде орналасқан.

Қажекеңнiң өзi болмаса да шәкiртi келген мектепке «жақсының iзi қалған жер едi» деп құрметпен қарағанымыз жөн.
Динавецкий сол күмiс таяқты қайда қалдырды екен? Бәлкiм, Ресейдегi көп мұражайдың бiрiнде тұрған да шығар-ау! «Бабамыздың көзi едi» деп елге алдырар бiр азамат табылып жатса нұр үстiне нұр.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ
«Ontustik Qazaqstan» газеті (2016ж)

x

Check Also

Түркістанда Нұртас Оңдасыновтың тарихи болмысы ашылған конференция ұйымдастырылды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде қазақтың біртуар азаматы, ұлтымыздың аса көрнекті қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына арналған ...

Түркістандық жазушы мемлекеттік сыйлық иегері атанды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2024 жылғы мемлекеттік сыйлығын беру туралы Жарлыққа қол қойды ...