Жер жүзіне палуандықпен атын жайған…

Күллі қазақ «күш атасы» ретінде қадір тұтқан Қажымұқан – ғибратты ғұмыр кешкен сан қырлы тұлға. 15 жасынан топқа түскен Қажекеңнің жасы 70-ке келгенше күресті тастамауының өзі – оның жаратылысы бөлек саңлақ спортшы екендігінің айғағы. Бір айта кетерлігі, 11-атасы Қарақыпшақ Қобыланды болып келетін Қажымұқанның дара бітімі бала жасынан-ақ байқалған.

Өзі құралпылас балалармен ойнап жүргенде әлдекімге жазатайым қолы тиіп кетсе, оңдырмайды екен. Соған байланыс­ты шағым айтып келген адамдарға әжесі Айсары: «Өгізге мініп ойнап жүреді де, ол зорығып жатып қалса, лақтай көтеріп, иығына салып, үйге әкеледі. Өгіз көтеріп ойнайтын бала менің ұрғанымды елең қыла ма?» – дейтін көрінеді. Толағайлық күш-қуат тумысынан дарыған Қажымұқан осылайша бала күнінен ерекшеленіп, 12-13 жасында 20-дағы жігіттің кейпіне енеді. Жоқшылық салдарынан еңбекке ерте араласуға мәжбүр болған ол Қызылжарда Масликов деген саудагерге жалданып, соның жұмысын істейді: малын бағады, шөбін шабады, жүгін тасиды. Бірде қыстыгүні шанамен шөп алып келе жатқан­да жеккен аты болдырып, алға аттап бас­пай, төрт аяқтап тұрып алады. Ыза кернеген шөпші бала қарға көмілген шананы артынан итеріп кеп жібергенде, ортаға жеккен ат шананың астына түсіп өледі. Оны таудай маяның үстіне тастай салып, екінші атты шананың артына бос байлаған Қажымұқан дәу шананы өзі сүйреп, ауылға жеткізеді. Қабырғасы әлі қатпаған қаршадай ғана баланың жойқын күші маңайдағы үлкен-кішіні түгелдей таңтамаша қалдырады. Қажымұқан 18 жа­сын­да Омбыға келіп, қалалық циркте өтіп жатқан күресті көреді. Сондай кезекті сайыстардың бірінде чемпионаттың күшті палуандарының бірі А.Злобин: «Көрер­мен­дер арасында күрескісі келетін адам бар ма?» – деп сұрайды. Ортаға Қажымұқан шығады. 18 минутқа созылған белдесуде орыстың кәсіпқой палуаны жасөспірім баланы әрең жеңеді. Осы белдесуден соң-ақ Қажымұқанның спорттағы үлкен жолы басталады. А.Злобин оған күрес мектебінде оқуға кеңес береді.

Оның ақылын құп алған Мұқан Петер­бургте «Ваня аға» деген атпен жұртшылық құрметіне бөленген И.Лебе­девтің тәрбие­сін­де болып, француз күресі мен цирк өнерін ынты-шынтысымен беріле үйренеді, жалықпай жаттығады. Содан алты айдан кейін Одессаға барып, Ветлижинскийдің жекеменшік мектебіне түсіп, Еуропа мен Американың күрес түрлерін үйренеді. Күрес тәсілдерін жете меңгеріп, өз мүмкін­дігін іштей шамалаған Қажымұқан тұңғыш рет Киевте күреске түсіп, Иван Заикин секіл­ді екі-үш айтулы спортшыны жеңеді. Алайда орыстың атақ­ты палуаны Иван Поддубный­дан ұтылып қалады. Онымен артынша қай­та белдесіп, жеңіске жетеді. Бірақ шешуші белдесуде Поддубный басымдау түседі де, Қажымұ­қан жүлделі екінші орынды иеленеді. Поддубныймен өмірлік достығы осы сәттен басталған Қажымұқан ол туралы: «Ондай адамды жер жүзінен кездестірген емеспін. Адам десең – адам, палуан десең – палуан, арыс­тан десең – арыстан еді», – деп үнемі айтып өткен деседі.

Қажымұқанның күрес өнеріндегі жеңіс­ті жолы одан әрі қарай Париж, Лондон, Варшава, Гамбург, Стамбул, Рим, Прага, Ве­на, Мадрид, Одесса, Лодзь, Минск, Симферополь, Ялта, Орел, Вильнюс, Ковна, Бағдат, Дамаск топырағында жалғасады және 1905 жылға дейін-ақ палуан әлемнің 24 елінде болып үлгереді. Бірқатар дерек­терге сүйенсек, күш жағынан алып қара­ған­да Қажымұқанның теңдесі болма­ған. «Оның алапат күшінен қарсылас палуан­дары­ның қорыққандығы соншалық, кейбірі тіпті чемпионаттан шығып қалуға мәжбүр болған. Сол себепті де Қажымұқан көбінесе шын күрестен аласталып, шартты күрестің маңында пайдаланылған. Оған көнбей, шындай бастаған жағдайда «күрестің ере­же­сін бұзды» деп, белдесуге қатысушылар тобынан шығарып отырған» деген де пікірлер бар. Осылайша, Қажымұ­қанның спорттық өмірбаянында әртүрлі жағдайлар кездеседі. Тіпті кейбір жекпе-жектері халқымыздың ұлы перзенті үшін шын мә­нін­дегі өмір мен өлім айқасына айналған. Мысалы, бұған палуанның Са­раки­ки, Георг тәрізді басқа да көптеген қарсыласымен жекпе-жектері дәлел бола алады. Әсілі, жақсының бағасын білу де – зор қасиет. Осы орайда, мейірбан хал­қымыз Қажымұ­қан­дай біртуар ұлын шексіз махаббатымен мейлінше аялай білген де. Ел-жұртының ыстық ықыласына тәнті бол­ған палуанның Ә.Тәжібаевқа: «Мен Қажымұқан болғалы қазақ думаны қасым­нан арылып көрген емес», – дегені бар.

Дегенмен күні кеше ғана күллі Алаш жұрты аялаған Қажымұқанға бүгінгі қауымның қырғи қабақ танытып қоятыны қынжылтады. Мысалы, ол туралы «Қа­жымұ­­қан әлем чемпионы болмаған, тек халықаралық деңгейде күрескен» деп қызылкеңірдек болатындар да жетіп-артылады. Бұл ретте олардың Қажымұқан­ның әлемнің 60-қа жуық елінде күш сына­сып, алтын, күміс, қоласын қоса есепте­генде, барлығы 48 медальды олжалағанын, сондай-ақ көптеген дүниежүзілік бірінші­лікке қатысып, «Азия, Африка чемпионы», «Әлем чемпионы» атақтарын бірнеше дүркін жеңіп алғандығын «естен шығарып» алатындары өкінішті. Бірақ ел не десе, о десін, Қажымұқан – әріден айтсақ, шын мәнінде, «Жер жүзінің балуаны», беріден айтсақ, күллі «Қазақ даласының батыры». Енді бірегей тұлға өмірінің былайғы жұртқа беймәлім беттеріне үңіліп көрелік…

Туған жері әлі нақтыланған жоқ

Ресми деректерге жүгінсек, Қажымұ­қан 1871 жылы 12 тамызда Ақмоладағы Қараөткел дуанына қарасты Қоспа деген жерде дүниеге келген. Алайда палуанды «Оңтүстік Қазақстан топырағының тума­сы» ретінде танитындар да бар. Бұған негіз болатын жайт – палуанның атасы Ернақ зиратының Отырар ауданы Шілік ауылын­дағы ескі қорымда жатқандығы және сол маңайда Ернақтың жайлауы деген жайлаудың болғандығы. Көнекөз қариялар Ернақтың баласы Мұңайтпас­тың Ақмола маңына қоныс аударуы ағайын арасындағы араздықтың салда­ры екен­дігін айтады. Бұл жөнінде палуанның ұлы Жанә­біл кезінде: «Шілі­ктегі Ақтөбе дейтін жерде Қызылшек­пен деген қыпшақтар ауылы бар, түбіміз сол жақтан шықса керек. Әкеміз бір жасқа толар-толмаста ағайын арасында келіс­пеу­шілік туыпты. Мұңайтпас атамыз айтқаны­нан қайтпай­тын бірбеткей адам екен. Ауылдағы ағайынға ренжіп қалған соң, «қыпшақтар тұратын Ақмолаға кетемін» деп жолға шығыпты. Соңынан 40 жігіт қуып барып, басу айтып: «Өкпеңді қой, елге қайт. Көшті кейін қайтар», – десе: «Жарайды. Бірақ мына Қажымұқанымды жерге бір-ақ ұрып қарбызша жарамын. Сосын қайтамын» – депті. Барған 40 жігіт: «Он­да жолың болсын!» – деп бата беріп, кері қайтыпты. Онда барған соң өкімет құжат берген, сөйтіп, сонда туылды деп жазы­лып кеткен», – деген түсінік беріпті. Алай­да Астана маңындағы қыпшақтар палуан­ның өмір тарихын өздеріне жақын етіп таратады. Қалай болғанда да, Қажымұ­қанның нақты қайда туғаны жөнінде әлі түпкілікті байлам жасалған жоқ.

«Алаш» партиясына ақша аударған

Жалшылықты тастап, кәсіби спорт жолына түскен Қажымұқан содан былай­ғы уақытта көбінесе туған жерінен жы­рақ­та жүреді. Қазақтың зиялы азамат­тары көп шоғырланған Омбы мен Орын­борда жиі болады. Міржақып Дулатовпен танысып, Алашорданың қайраткерлері­мен араласа­ды. Бұл ретте мәдениеттанушы Қалиәкпар Әміржа­нов:
– 1910-1937 жылдар аралығында Қажекеңнің Омбыда тұрақтап қалуы бекер емес. 1917 жылғы төңкерістен кейін қазақ зиялылары егемендік үшін күресуге бел шеше кіріскен. Ә.Бөкейха­нов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұ­мабаев­тардың арасында Қажымұқан да жүрген. Қажымұқан алашордашылар жиналатын жер – Семейге де жиі барып тұрған, – дейді. Кейіннен алашордашы­лар жаппай қудаланғанда 1929 жылы Қажы­мұқан да ұсталып, түрмеге түседі. Сөйтіп, Новоси­бирс­кіде бес-алты ай жатып шыға­ды. Одан кейін де қудалау тыйыл­ма­ғандықтан, тынышы кеткен палуан отбасын тастап, Омбыдан Оңтүс­тік Қазақ­стан, Өзбекстан аумағына кету­ге мәжбүр болады. Бірақ қай елде қан­дай жағдайда жүрсе де, Қажы­мұқан құшақ жая қарсы алып, зор құрмет көрсеткен қарапайым халқын тамашаға кенелтіп, таңғажайып өнерін көрсетуден танбаған. Сондай-ақ Алашорда қайрат­кер­­лерінен де ешқашан қол үзбеген. Ауған соғысы­ның ардагері Бақытбек Смағұлдың пікірінше, «Қажы­мұ­қан өзге елдерде жүрсе де, қазақтың зиялылары құрған «Алаш» партиясына бірнеше рет ақша аударған».
Ұлт зиялы­ларының барлығы «халық жауы» атанып, жазала­на бастаған уақытта палуан елден жырақ­та, негізінен шет мемлекет­терде жүргендіктен ғана аман қалған болуы мүмкін. Бір анығы, өмірінің сол бір кезеңі туралы Қажымұқан тірі кезінде ешкімге тіс жарып, ештеңе айтпаған…

Сенген адамына шық жуытпаған

Аты аңызға айналғаны соншалық, бүгінгі ұрпаққа ертегі батырындай болып елестейтін Қажымұқан бабамыздың сырт бейнесі де ерекше болғанға ұқсайды. Бұл ретте Қажекеңді спорт журналисі И.Д.Булга­ков: «Ол Геркулес десе, дегендей екен. Бір қарағанда, ол адамнан гөрі, шойыннан құйған сом тұлғаға ұқсайтын сияқты, бойы ұзын және қанжырдай тартылған. Бұлт-бұлт ойнаған бұлшық еттері бір керемет!» – деп сипаттаса, жазушы Дихан Әбілев: «Жартас кеудесі жалғанның жартысындай, бұлшықты білек­тері дөңбектей, бура сан, піл сирақ денесіне лайық құж-құж құлақтары, жырым-жырым еріндері жартасқа түнеген қара бұлттай қалың қабағының астында жанған ошақтай қос жанарлы ұясы үлкен екі көзі, соқтала біткен сом бітімді мұрны – бәрі-бәрі ертегіден естіген дәулеріміз тәрізді қияпат береді», – деп суреттейді. Осыған қарап, жұртшы­лықтың Қажымұқан­ды тек қана «қара күш иесі» деп ойлайтыны рас. Шындығында, Қажекең ақындығы, әншілігі, сөзге ұсталығы бір басына жетіп-артылатын сан қырлы тұлға болыпты. Мәселен, Қажымұқан өмірін зерттеуші­лердің бірі, әдебиетші-ғалым Ә.Қоңырат­баев: «Қазақ­тың қара сөзіне, ұтымды әзілі­не Қажекеңнен ұста адамды сирек кездес­тірдім. Мақал-мәтелдерді, ел аузындағы шешендік сөздерді араластырып, орынды қолданатын. Әзіл үстінде біреуді сөзбен ұтып кетуге де ұста», – дейді. Сонымен бірге ол өте қазақы, мейлінше табиғи адам болған. Біреуге сеніп қалса, оған шық жуытпаған, ал өтірігін бір байқаған адамға ешқашан қайтып сенбеген. Батырларға тән аңғалдығы да басым Қажекең көңілді отырған кезінде жастық шағынан естелік айтып, қызықты әңгімелерімен айналасын серпілтіп отырған. Және ол кісінің құлаққа жа­ғым­ды қоңыр даусы болған және көбі­не­се домбырасын қолына алып, ғашықтық әндерін, әсіресе Балуан Шолақтың «Ғалия», Біржан салдың «Жонып алды», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әндерін айтқан. Осы орайда, Қажымұқан жайлы еңбек жазғандардың бірі, белгілі жазушы Сәуір­бек Бақбергенов: «Оның қолынан Қаратау­дың үшқатынан жасаған кішкене сұр домбыра түспейтін. Күй емес, қоңырлата әдемі саз тарта­тын. Кейде оған қосылып, үңгірден шыққан дауыстай, күмбірлеген қоңыр үнмен ән салатын», – деп жазған.

«Қажымұқан әкем еді» деушілер көп болған

Қажымұқан ең алғаш рет 36 жасында үйленіпті. Алғашқы әйелі – өзі шын ұна­тып қосылған және мұсылманша некесін қиып, «Бәтима» деп ат берген Надежда Чепковс­кая. Палуанның бұл әйелден көрген баласы – Халиолла. Ал екінші әйелі – Ырыстыдан София, Рәшида, Әзия атты үш қызы болған. Үшінші әйелі – әмеңгерлікпен үйленген Мінәйімнен ұлы Айдархан туылады. Соңғы рет үйленгенде палуанның жасы – 75-те, ал әйелі Бибі­жан 32 жаста болған көрінеді. Бибіжаннан Жанәбіл атты ұл сүйген. Бұлар – палуан әйелдерінің жалпы жұртшылыққа белгілісі ғана. Негізі, бірқатар әңгімелерде Қажымұқанның көп әйел алғандығы айтылады. Мысалы, сондай әйелдерінің бірі ноғай қызы болған көрінеді және одан палуанның Мұхтар атты ұлы болса керек. Сол сияқты «Қажымұқан орыстан да, башқұрттан да, тіпті француздан да әйел алған» деген әңгіме бар. Бұлай дейтініміз, әр жылдарда палуанды «әкем еді…» деп әлемнің әр түкпірінен арнайы іздеп келгендер кейінгі жылдарға дейін толас­та­ма­ған көрінеді. Мысалы, 1960 жылы Нико­лаев деген палуан өзін «Қажы­мұқан­ның баласымын» деп жария­лаған. Сол сияқты Қажымұрат деген біреу «Қажымұқан әкем еді» деп, 1970 жылдары Башқұртстан­нан келіпті. Ал «Караван» газетінің 2009 жылғы 10 сәуірдегі нөмірінде жарияланған мақалада Қажымұқанның немересі Шат­тық Айдарханұлы 1996 жылы атасының Франциядағы «балаларынан» шақырту алғандықтарын, бірақ әкесі Айдарханның «буржуйларға барудан үзілді-кесілді бас тартқандығын» айтады. Мұндай жағдай­лар өте көп болған. Мүмкін, оның барлы­ғы бірдей шындыққа жанаспайтын да шығар. Өз атын шығару үшін әркімнің Қажымұқан есімін пайдалануға тырысуы да мүмкін ғой. Ал енді «Қажымұқан неге көп әйел алған» десек, бұл жақсыдан ұрпақ алып қалуға тырысқан баяғы дәстүрдің көрінісі болуы мүмкін. Екінші жағынан, алты құрлыққа есімі аян Қажымұқандай атақты тұлғаға көрсеткен құрметі есебінде әрі онымен туыстық байланыс орнату мақса­тын­да да жұртшы­лық түрлі әрекеттерге барған сыңайлы.

Үлкен қарны жіптіктей болып жиырылатын

Қажымұқанның алып палуан ғана емес, сонымен бірге, ғажайып цирк әртісі ретінде де аса танымал болғаны анық. Ол небір қызық та қауіпті, қиын да таңқалар­лық қойылымдармен көрермен алдына шыққан, цирк манеждерінде өнер көрсет­кен. Жары Бәтима апайдың естелігіне сүйенсек, Қажымұқан қалыңдығы бір еліден жуан сом темірді мойнына галстук, беліне белбеу қылып орап, темірді қамырдай илесе, Парижде цирк алаңына мініп шыққан түйесін арқасына салып, қайта алып кеткен. 75 пұт жүк тиелген арба­ны тісімен сүйреп, сахнаға шыққан. Адам баласына бітпеген алып кеудесіне 20 пұттық тас қойғызып, екі пұттық балғамен уаттырған, тақтайдың астына жатып, оның үстінен адам толы автокөлік жүргізген. Және бұл өнерлерінің бәрін Қажымұқан еш қиындықсыз-ақ көрсеткен. Орыстың атақты палуаны Иван Заикиннің «ғажап көпір» деп аталатын қиын нөмірін палуандар арасында тек Қажымұқан ғана орындай алыпты. Палуан өзін тірідей молаға салдырып, топырақ астында 30 минут жата алады екен. Бұл нөмірін ол 1936 жылы Қызылжар қаласында соңғы рет орындаған.

Өмірінің соңғы жылдарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Темірлан ауылында күн кешкен палуанды күш сынасып көрмек болып,ір­гелес елдерден арнайы іздеп келетін спортшылар да болыпты. Бірақ сол кезде жасы 74-75-ке келіп қалған Қажекеңе жергілікті басшылар: «Жасыңыз болса, ұлғайды. Сізді бүкіл әлем таниды. Қазақтың, бүкіл Кеңестер Одағының мақтанышысыз. Енді күресуді тоқтатыңыз. Қартайған шағы­ңызда жығылып қалсаңыз, барлық абырой­дан айырылып қаламыз» деп қолқа салса керек. Содан кейін күресуді қойғаны­мен, Қажекеңнің өнерін көрсетуді өле-өлгенше тоқтат­пағанын көзкөргендер бүгін­де ерекше тебіреніспен айтады. Мысалы, Шілік ауылы­ның тұрғыны Ихан Исаевтың: «Қаже­кең ауыл адамдарына өнер көрсетер алдында бойын сілкілеп кеп жіберетін. Қатты сілкі­ген­де үлкен қарны жіптіктей болып жиы­рылып қалатын. Тіпті екі қолы мен екі аяғы да шымырланып кететін. Ал керілген мезетте мойны құрықтай болып шыға келеді. Бұлшық еттері білем-білем болып кететін. Палуан алаңға шыққанда тек спорттық үлгідегі киімімен, яғни қысқа іш киім және майкамен шығатын. Сондай кездерде еркектің үстінен тек қазақша тігілген кең дамбалды ғана көретін ауылдың әйелдері: «Ойбуй-й, ұят болды-ау, ұят болды-ау. Палуан осындай екен-ау!» – деп беттерін баса қоятын», – деп еске алғаны бар.

Ерлікпен тұйықталған тағылымды тағдыр

Белгілі қаламгер Жанболат Аупбаев айтпақшы, «Қажымұқан ерлікпен өмір сүрді, ерлікпен ғұмыр кешті. Оның өмірі тек қана ерліктерден тұрды. Адамзат атау­лының аңызға айналған алыбы өмірінің соңғы кезінде тағы бір ерлік жасады». Ұлы Отан соғысы басталып, ел басына күн туған қиын заманда белін бекем буған Қажекең ел аралап, өнер көрсетті. Сөйтіп, маңдай терімен жинаған қыруар қаржы­сының бір тиынын да шашау шығармастан майдан қорына қосты. Сөйтіп, қаһарлы Сталиннің өзін өтінішіне иліктіріп, болат құсты арнайы жасатқан Қажымұқан да, Аманкелді Иманов атын алған осынау қанатты сұңқар­мен жау шебін неше мәрте ша­буыл­даған қаһарман жас Қажытай Шала­баев та қазақ деген халықтың қайсар рухын, бекзат болмысын күллі дүниеге тағы бір рет паш етті. Өзінің шиеттей бала-шағасын, жеке мүддесін былай ысырып қойып, елдік мақсатқа дәл Қажымұқанша қызмет ету бұл маңайда бұрын-соңды ешкімнің қолынан келген емес. «Отанға пайдам тисе, еш арманым жоқ» деп білген ұлы тұлға «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейтінін» осылайша дәлелдеді де. 1945 жылы Абайдың Семейде өткен 100 жылдық тойына баруының өзі Қажы­мұқан­ның жасы ұлғайған шағында да ел ішіндегі маңызды шаралардың ешқай­сысынан сырт қалмағандығын көрсетсе керек. Араға 26 жыл салып сол жүз жасқа Қажымұқанның өзі де келді, әрине, па­луан ол күнді көре алған жоқ.1948 жылы 12-тамызда атажұр­ты – Оңтүстік Қа­зақстан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауы­лын­да дүние салды. Осы орайда «Өмірінің соңғы жылдарында палуан тұрмыста таршылық көріп, қиын жағдайда күн кешкен» деген әңгіме бар. Күш-қуаты қайт­қан соң қауқарсыз қарияға айналып шыға келген қайран қарт күнкөрісінің қиындап кеткендігін айтып, тиісті мекеме­лер­ге бірнеше мәрте хат жолдаған. Бірақ бәрі жауапсыз қалған. Ең өкініштісі, ел-жұрты да біртуар тұлғасын өмірден өтісі­мен-ақ ұмы­тып үлгерген. Содан да болар, алты құрлық­ты даңқымен дүрілдеткен палуанның 100 жылдығы да, одан кейінгі мерейтойлары да лайықты дәрежеде аталып өткен емес. Сол сияқты өмірбаяны­ның бұлыңғыр тұстарын зерттеп, зерделеу, жоғалып кеткен орден-медальдарын іздестіру, әлемдегі палуанның ізі қалған жерлерге арнайы экспедициялар ұйым­дас­тыру, қайталанбас тұлғаның әдебиет пен кинодағы, бейнелеу өнеріндегі шынайы бейнесін жасау шаралары да шын мәнісінде қолға алынбай отыр.

Ұлы адамдардан кейде балалық пәктік­тің де байқалатыны бар. Сол сияқты Қаже­кең де кезінде Сәбит Мұқанов пен Қалмақан Әбдіқадыровқа: «Мен туралы неге жазбай­сың­дар?» деп орынды наз айтып: «Жалшы­дан шығып, жер жүзіне палуандықпен атын жайған қазақта менен басқа кімің бар еді?!» – деп балаша бұрти­ған көрінеді. Шынымен де, бұл қазақтың төрткүл дүниеге түгел мәшһүр Қажымұқан сияқты арда азаматтары көп пе еді?! Тұлғаның қадіріне жетуді біз қашан үйренер екенбіз?!

«Алаш айнасы» (22.04.2011ж)

x

Check Also

Түркістанда Нұртас Оңдасыновтың тарихи болмысы ашылған конференция ұйымдастырылды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде қазақтың біртуар азаматы, ұлтымыздың аса көрнекті қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына арналған ...

Түркістандық жазушы мемлекеттік сыйлық иегері атанды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2024 жылғы мемлекеттік сыйлығын беру туралы Жарлыққа қол қойды ...