Қадірлі қауым!
Құрметті Түркістан облысының тұрғындары!
Баршаңызды 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Қазақ – ежелден сөзге тоқтаған, тәртіпке бағынған, берекелі тірлікті, мызғымас бірлікті жоғары бағалаған текті халық. Сонау Ғұн, Сақ дәуірлерінен бері Ұлы Дала заңы арқылы үйлесімді өмір сүрген бабаларымыз ұлан-ғайыр атырапты қорғап, ұрпаққа мұраға қалдырған. Дала заңы «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы» мен Әз-Тәукенің «Жеті жарғысына» ұласып, тәуелсіздігіміздің айбарындай болған Қазақстан Республикасының конституциясымен жалғасты.
1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қазіргі қолданыста жүрген Ата Заңымыз қабылданып, 5 қыркүйекте күшіне енді. Қоғамның барлық саласындағы заңдық-құқықтық қарым-қатынастар қамтылып, адами құндылықтар мен демократиялық заңдармен көмкерілген Конституциямыз 9 тарау және 98 баптан тұрды. Әлемнің озық елдерінің заңнамаларынан кем емес Конституциямыз заң шығарушы, атқарушы және сот билігін айқындап, қолданысқа енгізді. Мемлекеттік лауазымды тұлғалардан бастап жалпы азаматтардың конституциялық құқықтарын анықтап, бостандықтары мен міндеттерін белгілеп берді.
Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басты әрі қастерлі құжаты туралы «Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң – тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы! Ата заңымыз – қазақ мемлекетінің дамылсыз дамуына, үздіксіз өсуіне кепіл болған барша заңдарымыздың қайнар көзі, бастау бұлағы. Негізгі заң – бұл әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты артуының кепілі» деп ой қозғаған.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Конституциясында әлемдік құқықтық ойдың озық жетістіктерімен ұштасқан қазақ халқының сан ғасырлық бай тәжірибесі және даналығы көрініс тапқан» деген пікірі арқылы Конституцияның маңызын жоғары бағалады.
Шынында да заман талабы мен демократиялық құндылықтарға жауап беретін, әрбір азаматтың өсіп-өркендеуін көздейтін Конституциямыз арқылы еліміздің іргетасы нығайып, әлемдік қауымдастықтан өз орнын таба білді.
Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осы айтулы мерекеге еліміз биік шыңдарды бағындырып, жағымды жаңалықтармен, жетістіктермен жетіп отыр. Есілдің бойында астанамыз бой көтеріп, Тұран төсінде Түркістанымыз түледі. Бұның бәрі елдің бірлігі мен ерен еңбегінің, осы игіліктерге жол ашқан Ата Заңымыздың арқасында қол жеткізген табыстар.
Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасы бақытын тілеймін. Әрбір бастамаларыңыз табысты, жұмыстарыңыз берекелі, тірліктеріміз мәнді, азаттығымыз мәңгі болсын!
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев