2021 жылы, 27 тамызда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері – Дархан Мыңбай мен Құдайберген Ержан Түркістан облысы, Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен барды. Депутаттар Бадам ауылындағы заманауи әрі стандартқа сай, цифрландырылған «Александровский сад» ЖШС-нің сыйымдылығы 1600 тоннаны құрайтын қоймасының жұмысымен танысты. Кездесуге Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев, облыстық мәслихат депутататтары мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
«Александровский сад» ЖШС-нің қоймасында жеміс-жидекті және ет өнімдерін сақтауға толық жағдай жасалған. Құрылысы аяқталып, аздаған жұмыстары ғана қалған. Қыркүйекте іске қосылады. Аталған кәсіпорын директоры Бақтияр Тағаев қойманың мүмкіндігімен таныстырып, өңірдің экспорттық әлеуетін көтеруге күш салып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұнда Голландия, Германия, Италия, Ресей және Венгрия мемлекеттерінен озық техникалар әкелінген. Мұнда өнімдерді бір жылдан астам уақыт бойы сақтауға мүмкіндік бар. Осы қоймада Ордабасы ауданын дамыту бағытындағы жұмыстар мен жобалар таныстырылды. Халық қалаулылары аудан тұрғындарын жұмыспен қамту, олардың жалақыларын уақтылы беру, халықтың әлеуетін көтеру жөнінде ой қозғады. Ордабасылық азаматтар Мәжіліс депутаттарына үш мәселені шешіп беру жөнінде ұсыныс айтты.
Біріншіден, Ордабасы ауданы, Қызылсеңгір ауылында Боралдай өзенінің маңынан су қоймасын салу ұсынылды. Осы арқылы қыстыгүні және ерте көктемде су жинап, жазда Ордабасы, Отырар ауданындағы бірқатар елді мекеннің ағын су мәселесін шешуге болады. Ордабасылықтардың екінші өтініші – Бөген су қоймасының астын тазалап, сыйымдылығын артыру. Өйткені бұл қойма біраз жылдан бері тазаланбаған. Депутаттар бұл мәселені қойын дәптерлеріне түртіп алды. Үшінші мәселеге келсек, аудан әкімдігі мен кәсіпкерлері индустриалды аймақта инвесторлар үшін газ бен электр қуаты бағасын төмендетіп беру, арнайы подстанция салу жайы қозғалды. Депутат Құдайберген Ержан «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында өңірлерді, аудандарды дамыту жоспары бекітілгенін, бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы атқарылуына заңдық тетіктер арқылы ықпал ететінін мәлімдеді. Сондай-ақ кездесуде Дархан Мыңбай даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасов кешенінің құрылысы тоқтап қалғанын туралы мәселеге де тоқталды. Қаржы тапшылығына сәйкес, құрылысы кешеуілдеген туристік нысан жетекші партияның және депутаттардың бақылауына алынатын болды. Дархан Қамзабекұлы Сарыағаш-Шымкент-Түркістан туристік бағытына Ордабасы ауданын да енгізу керектігін де тілге тиек етті.
Халық қалаулылары осы күні «Бөрте-Милка» сүт фермасы және «Green Technology Industries» ЖШС-нің ПЭТ-қалдықтарын өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Бір айта кетерлігі, қалдықтарды өңдейтін кәсіпорында шикізат тапшылығы бар. Пластик қалдықтарды бөлек тастатып, жинату жұмысы қолға алынуы тиіс.
Кәсіпорындардағы кездесулерде Түркістан өңірінің кәсіпкерлері ауыл шаруашылығына берілетін субсидиядағы қағазбастылықты азайту, кәсіпкерлікке қолдауды күшейту жөніндегі өтініштерін ортаға салды. Түркістан облысының аудан, қалаларына арналған іссапарларын түйіндеген қос депутат халықтың ұсыныстары мен талап-тілектері бойынша жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
Түркістан облысы бойынша «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 1956 тармақтан тұратын 1 облыстық, 3 қалалық, 13 аудандық Жол картасы бекітілген. Қазіргі таңда Жол картасын жүзеге асыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның жұмыс барысы «Nur Otan» партиясының Түркістан облысындағы филиалдары мен фракцияларының бақылауына алынған.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі