XX ғасырдың бас кезінде ең ауырсалмақты палуандар арасында француз күресі, еркін күрестен аймақтық, жалпыодақтық, әлемдік чемпионаттардың көпдүркін чемпионы атанған алғашқы қазақ алыбы – Мұқан Мұңайтпасов қазақ халқына және әлем халықтарына Қажымұқан есімімен әйгілі. Әлемнің 28 мемлекетінде күреске түсіп, 56 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу – сол заманда нағыз ерлік еді. Ол кезде империяның буына семірген Ресей күресінің қожайындары қазақты шын мәнінде менсінбеуші еді. Қажымұқан сондай ортада намысын жатқа берген жоқ. Кеудесін ешкімге бастырмады. Күрес қожайындарының, төрешілердің сан мәрте әділетсіздігіне белі бүгілмеді, еңсесі түспеді.
Қаншама батырлардың отаны болған, қаншама алыптарды дүниеге әкелген осынау киелі жерде дүние есігін ашқан Қажымұқанның небір оқиғаларға толы өмірінің өзі бір тарих. Оның өміріне қысқаша болса да тоқталып өтсек жөн болар… Қажымұқан 1871 Ақмола облысындағы Қараөткел деген кішкентай ауылда қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Бірақ батырдың нақты туып-өскен жері туралы ешкім дөп басып айта алмайды. Ол жайлы әр түрлі деректер бар. Кейбір деректерде Ақмола уезі, Сарытерек болысына қарасты Жәдік деген жерде дүниеге келген деп жазылады. Қалай десек те, қарапайым қазақ ауылында өсіп өнген Мұқан жастайынан күш өнерімен ел көзіне түсіп өседі.
Қыстың қары, аяздың зәрі кетіп, жер жаңарып жаз келгенде қазақ даласы той думанға бөленетіні белгілі. Ат шаптырып, көкпар беріп, балуандарын күрестіріп, мерекелетіп жатады. Сондай мерекенің сәні, әрине, тау қопарар қайратымен, теңіздей екпінімен тек қана қазақты емес, әлем жұртшылығын мойындатқан алаштың біртуар батыры, балуаны Қажымұқан бабамыз болды.
Мұқанның әкесі – кедей шаруа Мұңайтпас баласын бір байға жалға жұмысқа береді. Оның күшінің кереметтігі бала кезінен-ақ білінеді. Он жасар Мұқан бір қап бидайды еш қиындықсыз көтеріп апарып, еш қиналмай екіншісіне жүгіретін болған. Оның ерекше қабілетін байқаған бай оны балуан ретінде де пайдалана білген. Бала Мұқан тек өзінің құрдастарын ғана емес, өзінен төрт бес жас үлкен ересектерді де қиналмастан жауырынын жерге қадай білген.
1889 жылдың қысы қалың қарлы, боранды болды. Ауылдан алыс жерден аттарға құрғақ шөп әкелуге кедей Мұқанның іздейтін ешкімі жоқ деп ойлаған бай, баланы осы жолға жалғыз жібереді. Мұқан аталған жерге барып, арбаны шөпке толтырып, қайтар жолда қатты боран болып, қалың қар басып қалады. Аттардың шамасы әбден таусылып, тіпті біреуі аяғынан тұра алмай құлап қалады. Осы кезде Мұқан атты шөптің үстіне тиеп, екінші атты шананың артына байлап, бәрін ауылға жалғыз өзі сүйреп келеді. Ол кезде баланың жасы 18 де ғана еді. Міне, осы оқиға барлық ауылға таралып, көптеген тойлар мен мерекелерде оның күресін тамашалауға шақыратын болған. Бірақ өз жеңістеріне Мұқан ешқашан мақтанған емес, ол өзінің балалық шағындағы арманы бұл емес деп ойлаған.
1901 Омбы қаласында жаңа цирк ашылады. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында цирк адамдардың негізгі демалыс орны, ақпарат көзі болып табылған. Цирк әртістері – клоундар, акробаттар, балуандар халыққа атақтары шыққан, оларға жұртшылық әрқашан құрметпен қараған. Міне, сол цирктің ашылуына байланысты француз күресінен чемпионат өтеді деген сыбыс Мұқанның да құлағына жетеді. Арманның жетегіне ерген жас палуан Омбы қаласына осы сайысты көруге арнайы келеді. Бірақ Мұқан келгенде билеттердің бәрі сатылып кеткен екен, іштен адамдардың «сайыс басталды» деген дауыстары шығады. Сол кезде ол балуандарға арналған ашық есіктен кіруге тырысады. Бірақ, әлбетте, оны күзетші ішке жібермейді. Сол кезде Мұқан оны жағасынан алып, әрірекке лақтырып жібереді. Мұны байқап тұрған цирк директоры Злобин оның мықты шыңдалған денесін көріп, ішке кіруге рұқсат береді. Екінші бөлімде балуандар жарысы басталады. Мұқан бұның қазақ тойларында айналысып жүргеннен басқа екенін сол кезде түсінеді. Жарыстың соңында күрес алаңына атақты орыс балуаны Андрей Злобин шығады. Сол жердегі арбитр онымен жекпе-жекке шығатын біреу бар ма деп бірнеше рет сұрағанмен, көрермендердің ішінен ешкімнің шығуға дәті жетпейді. Осы кезде Мұқан екі сезімде болады. Бірі – қорқыныш, екіншісі — нағыз балуанмен жекпе-жекте өзін-өзі сынап көру. Қайткенмен де, қарапайым қазақ жігіті еш арнайы күрес киімінсіз, ешбір дайындықсыз топты жарып ортаға шығады. Тек 18-ші минутта ғана Злобин қалың терге түсіп, барлық күшін сарп етіп, Мұқанның арқасын әрең жерге тигізеді. Осы кезден бастап Злобиннің арқасында Мұқан Петербор қаласына келіп, Иван Лебедевпен танысып, екі жыл оның арнайы мектебінде күрес тәжірибелерін үйренеді. Дәл сол кезде Омбы циркінде ол өзінің өмірлік досына айналған Иван Поддубныймен танысады.
Ол екеуінің достығының өзі үлкен бір әңгімеге арқау. 1904 жылы екі балуан да Париждегі сайысқа барып, екеуі де бірінші орынды иеленіп қайтады. 1909 жылы Ригада Мұқанды арнайы шақырған чемпионат ұйымдастырылады. Ресей балуаны Георг Гаккеншмидт, әлем чемпионы Георг Лурих, әлемге әйгілі Алекс Аберг, Турбас, Тигане сынды басқа да атақты балуандар жиналады. Барлық газет-журналдарда «чемпионатта чемпиондардың чемпионы Мұқанов Мунухура қатысады» деп жарияланады. Мунухура деген атты оған Иван Лебедев жапон балуанының назарын түсіру үшін қояды. Кейінірек Мұқанға басқа да аттар қойылады. Мұқан үш Иванның ішінде жүргесін оны Қара Иван деп те атап кеткен болатын. Түркі елінің назарын аудару үшін Қара Мұстафа деп те аталды. Бірақ халық арасында кең тараған оның есімі Қажы Мұқан болып қалды.
Дәл осы Түркияға барған сапарында Мұқан халықтың назарын өзіне аударып, атақты түрік балуаны Нуруллахты жеңеді. Стамбул басшысы Шакир паша оның өнеріне тәнті болып, оны өзімен Мекке, Медине қалаларына қажылық сапарға барып қайтуға шақырады. Міне, осы сапардан еліне оралғаннан кейін Мұқан «Қажымұқан» деген атқа ие болады. Осылайша ол жер жүзінің ірі елдерінің бәрінде, ірі-ірі сайыстарға түсіп жеңіспен, сыйлықтармен, алтын, күміс медальдармен оралады. Осындай қиын да алыс сапарларда жүріп тапқан ең асыл, құнды сыйы Қажымұқан үшін Надежда Чепковскаяны кездестіру болды.
Надежданың тағдыры ұлы балуанның тағдырымен өте ұқсас болып шықты. Ол да қарапайым отбасында дүниеге келіп, 12 жасынан бастап жұмысқа араласады. Өзінің мықты мінезінің, бірбеткейлігінің, мықтылығының арқасында атақты цирк актрисасына айналады. Екеуі Омбы қаласына келіп, некелерін мұсылманша қидырып, Надежда Бәтима атты мұсылман есіміне ие болады. Осыдан бастап қандай жерге бармасын, басына қандай күн тумасын, Қажымұқанның қасында сүйіктісі, өмірлік жары Бәтима болады.
1927 жылы Қажымұқан «қазақ халқының батыры» атағына ие болады. Қартайған шағында да Қажымұқан елінің жеңісі үшін, жеңіске атсалысу үшін Оңтүстік Қазақстан облысын аралап, өзінің өнерін көрсетіп, ақша жинайды. Ол кезде балуан 70 жаста болса да, оның үстінен адамға толы жүк көлігі жүріп өтетін болған, еш қиындықсыз жүріп бара жатқан көлікті тоқтату да батырға еш қиын болмаған. Міне, осылайша 1944 жылы, соғыс өрті өршіп тұрған уақытта ол өзінің жинаған 100 мың сомын Жеңіс фронтына жібереді. Қажымұқанның ұсынысымен Совет Одағының батыры Амангелді Имановқа арналған самолет жасалып шығарылады. Қазақтың Қажымұқан батыры 1948 жылы соңғы демі қалғанша күші мен есінен айырылмастан қайтыс болады.
Қазақтар «мұндай адамдар мыңжылда бір-ақ мәрте дүниеге келеді» дейді. Қажымұқанмен замандас болғандар оның мінезінің ашық, аңқылдақ болғандығын айтады. Ол тек асқан алып күштің иесі ғана емес, мыңның бірінде ғана болатын керемет мінезімен, ақкөңілділігімен, қарапайымдылығымен, қайраттылығымен ел есінде мәңгіге қалды. «Қажымұқандай көркем мінезді қазақтың ешқашан әлсіремейтін тумалы рухани мәдениеті мен адами намысы бар» деп украин балуаны Михайл Слуцкий де айтып кетеді. Қазақта да Қажымұқан туралы қалам тербемеген ақын-жазушы кемде-кем. Атап айтар болсақ: Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов, Асқар Тоқмағанбетов, Әбділда Тәжібаев, Дихан Әбілев, Сапарғали Бегалин, Сәбит Мұқанов, Әуелбек Қоңыратбаев, Сырбай Мәуленов, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев, Ғафу Қайырбеков, Қалмақан Әбдіқадыров, Сәуірбек Бақбергенов, Жайық Бектұров, Әди Шәріпов, Зейтін Ақышев, Берқайыр Аманшин, Әлімқұл Бүркітбаев, Қапан Қамбаров, Төлеген Тоқбергенов, Мұхтар Шаханов, Жарасқан Әбдірашев, Бекен Әбдіразақов, Сабырхан Асанов, Аян Нысаналин, Құлбек Ергөбеков, Мамытбек Қалдыбаев, Захардин Қыстаубайұлы, Серік Байхонов, Жанболат Аупбаев, Әділғазы Қайырбеков, Әсия Беркенова, Есенқұл Жақыпбеков… Орыстың көрнекті ақыны Дмитрий Мартынов, белді жазушы Николай Анов… Аттары аталған ақын-жазушыларға спорт журналистерін қоссақ, Қажымұқан туралы жазған, жырлаған адамдардың шеті-шегі жоқ екенін бағамдар едіңіз.
Ожар бет, қара мойын – бейне құлжа, Қылар ед бір салса егер мылжа-мылжа. Шалқиған жауырынды, бұжыр қара, Еңгезер, үйелмен, дәу, тартқан – құжға. Қалың бет, бура түсті қара нардай, Жұп-жұмыр, жуан діңгек, бойшаң дардай, Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде, Айбынды жолбарысқа болар пардай. Топшысы кере құлаш, бітім шалқақ, Шалқиып малпаң басад, талтақ-талтақ. Ұзақ жол керуеннің көшіндегі Сияқты жампоз атан, басқан малтақ», – деп Сәкен Сейфуллин өзінің «Өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом» өлеңінде Балуанның барлық сом бейнесін айқындап бергендей.
Ол біз үшін мәңгі жадымызда қалар, дара туған, сом тұлға. Елін, жерін сүйген, қанша қиыншылық көрсе де мойымаған, қажырлы қайратымен, керемет күшімен, ақыл парасатымен ел сүйіктісіне айналған батыр бабамыз ұлтымен бірге жасай берері анық.
Марал БОЛАТҚЫЗЫ
Дереккөз: «Qazaquni.kz» газеті (28.10.2011)