– Сонымен, соғысқа барамын деңіз…
Аудандық әскери комиссариаттың бастығы, капитан Данияр Әлімов шау тартып қалған дала батырына таңырқай қарады.
– Иә, несі бар! Соғысып жатқандардан менің жаным артық па екен? Ел басына күн туғанда өзің еркекпін дейтін арда азаматтар үйінде бұғып жатады ма? Ата-баба салтында ер-азамат ел шетіне жау түре кіргенде жамбастап жатып өлмейді. Сен де айтады екенсің…
– Мен айтсам, ақсақал, турасын айтамын. Әскери тәртіп бар. Тәртіпке бағынған адам құл болмайды.
– Сонда сенің әскери тәртібің не дейді?
– Жасы келген адамды әскерге алуға болмайды дейді.
– Е, менің жасыма біреу қарап жатыр ма? Бойда күш бар, жігер бар, жаумен неге жағаласпасқа?! Мен сияқты талай адам соғыста жүрген шығар.
– Майданда талай адамның жүргені рас. Бірақ, олардың арасында сіздің жасыңыздағы адамдар жоқ.
Қажымұқанның тосылған жері осы болды. Талай тасөткелден тайсалмай өткен тарлан емес пе, Айдарханын Мінәйімге табыстап, майдан шебінде жауға қарсы атой салғысы-ақ келген. Миша Боров, Ян Цыган сияқты алыптарды шаң қаптырып, жауырының жер иіскеткен палуан пәкене ойлы, ұзын бойлы фашистерден қорқады ғой деймісіз. Бірақ, мына алдындағы комиссар «сізді соғысқа жібере алмаймын» деп отыр. Мана Шілік бойынан шылбырын сүйретіп келіп боз биені ұстағанда, оны арбаға жегіп, әйелі мен баласын қасына алып аудан орталығына шыққанда жол-жөнекей не айтып еді? Палуанын талай жанкешті жарыстарға шығарып салған Мінәйім апаның жүрегі сонда оқыс бүлк етіп еді-ау. Ол «батыр бір оқтық» дегенді жақсы білетін. Бірақ, ерінің шешіміне ешқашан қарсы келіп көрмеген ол бұл жолы да үн қатқан жоқ. Үнсіз келісті. Басқа шарасы бар ма?
– Арлы азамат ел басына күн туғанда езіліп жатпас болар. Ал, соғысқа жібермедің. Енді не істеуім керек?
– Шамасы, мына Мінәйім шешейдің шайын ішіп жатқаннан дұрысы болмас, – деді капитан әзілдемек болып.
Қажымұқан әншейінде ашулана қоймайтын адам еді. Баласымен жасты мына комиссардың сөзі шымбайына қатты батты.
– Әй, сен не оттап тұрсың? Палуан деген атым бар. Майданға мен де ел қатарлы үлес қосайын да. Мен бұдан да жаман күндерді, тар кезеңді,талай құқайды көрген адаммын. Солардың арасынан аман өттім. Бір кезде нан тапшы болғанда алтын, күміс медальдарымды қазынаның комиссиондық магазиніне өткізіп, ұнға талон алғанмын. Базарға қара бақыр тиынға сатқаным жоқ. Барымды еліме бердім. Әлі де бойымда күш-қуатым бар. Палуан деп басына көтеретін елім бар. Қарт та болсам, басым жерге тиіп отырғаным жоқ. Жиған-тергенімді Жеңіске, Совет Армиясына берсем болмай ма? – деді Қажымұқан қаһарланып.
– Е, мынауыңыз оң шешім екен, – деп әскери комиссардың жүзі жылыды.
– Осы бердеңке қанша тұрады?
– Винтовканы айтамысыз? Ол көп болса екі мың сом шығар.
– Арзан екен ғой.
Қажымұқан бұл бағаға көңілі толмады білем, зеңбіректің құнын сұрады. Одан жылжып танкіге келді. Ақырында самолеттің бағасын сұраған.
– Біздің шамалауымызша, самолеттің бағасы 100 мың сом тұрады,– деді капитан.
– Мен осыған тоқтадым, – деп палуан орынынан көңілдене көтерілді.
Арса-арсасы шыққан ырдуан арбаны борпылдақ топырақта сүйреп боз бие келе жатты. Арбадағы ерлі-зайыптылар ой құшағында еді. Бала Айдархан шат-шадыман. Әкесі ертең Шымкентке жүрмек. Қалаға барса әкесі оны да ала кетуі мүмкін ғой. Ал, қалада балмұздақ бар.
Жол-жөнекей ерлі-зайыптылар ұзақ кеңесті.
– Палуан, мен не дейін? Адам тапқан дүниесін өз игілігіне жұмсайды. Оның қожайыны өзіңсің. Қайда, неге жұмсаймын десең де еркінде. Бастысы, елге аса зәру болып тұрғанда көмектескенің өте орынды. Мұныңды қоштаймын. Маған салса, сенің амандығыңнан, мына баланың амандығынан басқа түк те керегі жоқ, – деген Мінәйім.
– Міне, бұл сөз-ақ. Ертең Темірлан кассасында жатқан қаржымды алып, Шымкентке барамын,-деп Қажекең өз байламын айтты, – соғысқа мені алмаса да самолетім барады. Жауға қырғидай тиеді.
– Күйеуінің көңілді кейпін көріп Мінәйім марқайып қалды.
Ертеңіне Қажымұқан Шымкент қаласында облыстық партия комитетінің хатшысы, танысы Сәлімжан Ғалиевтің алдында отырды.
– Қажы көке! Қайдан жүрсіз? Сізді келініңіз Нүрикамал да көрінбей кетті ғой деп менен жиі сұраушы еді. Үйге түсіңіз,– деп қуанып қалды.
– Қонақ болу қашпайды. Өзіңмен ақылдасар аса маңызды шаруа бар.
Хатшы ойланып қалды. Не сыр айтпақ? Палуан өз жайының шаруасымен, бақайесеппен келетін жан емес. Ендеше, ерекше бір мәселе болды ғой.
– Сәлімжан қалқам, сенен жасырар сырым жоқ. Бұл келіс жай келіс емес, күрделі. Қан майданда жан алып, жан берісіп жатқан отандастарыма мен де үлес қоссам деймін. Ел аралап өнер көрсетіп тапқан қаржым бар, Ресейден әкелгенім бар, бір кәдеге жарап қалар деп біраз қаржыны Мінәйім апаң екеуіміз кассаға салып қойған едік. Сол қаржыға самолет жасатпақшымын. Жетпеген жері болса, әйтеуір ел арасы береке емес пе, өнерімді бағалағандар тышқақ лағың болса да қосар. Сенің міндетің самолет сататын жерді біліп беру және сол самолетті Мәскеуге жіберу,-деді Қажымұқан толқып тұрып..
Сәлімжан қуанып кетті. Көкесін қапсыра құшақтап:
– Мұныңыз нағыз азаматтық. Сізді құттықтаймын! Ерлік көрсетіп отырсыз, – деді.
– Мен ерлікті шетелдерде талай жасағанмын. И.Корень, И.Лебедов, И.Шемякин, И.Зайкин және менің қымбат досым әрі ұстазым Иван Поддубныймен бірге Венгр, Франция, Германия, Қытай, Польша, Корей, Түрік, Жапон, Африка елдерінде талай палуанның қабырғасын күйреттім. Бұл жолғысы отанға деген адалдығымның, сүйіспеншілігімнің бір ұшқыны ғана, – деп атақты палуан салмақты сөйледі.
Жиған-тергенін жинақ кассасына өткізген палуан мұнан соң да ел аралап біраз қаржы тауып қайтты. Түйе жүн күпісін жамылып ортаға шыға келген палуанды көрген ауыл адамдары ішегің тартып тамсанушы еді. Шалқасынан жатып кеудесіне қойған тақтайдан жүк көлігін өткізгенде талайлар көздерін жұмып қайран қалған. Екі иығына ұзын кеспелтек ағаш қойып, оған төрт-төрттен адам отырғызып, шыр айналғанда үстіндегілер ұшып кетеді ме деп көрермендер қорқақтап тұрушы еді. Жүресінен отырып, басына қыштарды қатар-қатар қойып, балғамен соқтыратынын қайтерсіз. Быт-шыты шыққан қыштар жан-жаққа жаңқадай ұшып жататын. Екі түйе немесе екі ат жегіп алып, қамыттан тартылған бауынан ұстап, екі жаққа айналғанда олар тұралап жүре алмай қалады. Осының барлығы үлкендер үшін де, балалар үшін де таңсық.
– 100 мың сом кассаға түгел өткізіліп болғанда Сәлімжан Мәскеуге телеграмма салды. «Москва. СССР Қорғаныс Комитетіне. Жоғарғы Бас Қолбасшы И.В. Сталин жолдасқа.
Мен қазақ халқының атақты пауаны Қажымұқан Мұңайтпасов, өзімнің тапқан табысымнан жүз мың сом ақшаны Совет Армиясының пайдасына беріп отырмын. Сол ақшаға самолет жасатуды өтінемін. Сөйтіп, ол самолетті майданға ең жақсы қазақ ұшқышқа табыс етуді сұранамын. Советтік Отанның жеңісіне тілектестікпен Қажымұқан Мұңайтпасов» делінген еді телеграммада.
1944 жылдың күзінде самолет дайын болды. Истребительдің қанатының астына «Ең жақсы қазақ ұшқышқа. Қажымұқан» деп жазылды. Самолет Солтүстік-Батыс майданына жеткізілді. Командирлер оны таңдаулы ұшқыш Рашит Бекетовке тапсырды.
Осы аралықта Жоғарғы Бас Қолбасшыдан Қажымұқанның атына телеграмма да келіп үлгерді. И.В. Сталиннің өзі қол қойған сол телеграмманы батыр бойтұмардай ұзақ сақтады. Авиация бөлімінің командирі мен саяси жетекші бірлесіп, Қажымұқанға хат жолдапты. Онда былай делінеді: «Сіздің Совет Армиясының жеңісіне қосқан бұл үлесіңіз аса зор үлес. Отанын, елін, халқын шын сүйген азаматтық ерлік. Совет Армиясына сіз сыйлаған жауынгер самолет қазірдің өзінде, аз күнде тоғыз мәрте тапсырма орындап қайтты. Бәрі де табысты болы. Жаудың әскери техникасы мен қарулы күшін жоюда ерекше көзге түсті. Сізді өзіңіз жасатқан самолеттің жауынгерлік табысымен, алғашқы жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз. Сізге, совет елінің даңқты азаматтарына аса зор денсаулық тілейміз».
Ауыл пошташысы Адырбай осы телеграмманы Қажымұқанға табыстағанда палуанның иығынан бір жүк түскендей болған. Арада көп уақыт өтпей ұшқыштан да хат келді. Мұның барлығы да қарт палуанды мерейлендіре түсті. Ол майдан алаңына бармаса да Жеңіс үшін үлес қостым деген әдемі бір шаттық шуағына шомылып жүрді.
Рашиттен соң бұл истребительдің штурваліне аға лейтенант Қажытай Шалабаев отырған. Сонымен қатар қанатының астында «Қазақстан комсомолдары» деген жазу бар екінші истребитель де аспанға жиі көтеріліп жүрді. Атынан-ақ көрініп тұрғандай, бұл самолеттің қаржысын Қазақстан жастары ерікті түрде жинап берген еді. Ал, Қажытай Шалабаевтың палуан атасы атындағы истребительмен жау тылы аспанында жүзден астам рет рет қалықтап ұшып, тапсырмаларды тиянақты орындап қайтқаны тарихтан белгілі. Дәл осы истребитель 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеудегі Жеңіс шеруі кезінде әуеге тағы да көтеріледі.
Кейінгі ұрпақ «Қажымұқан бабамыздың сол ұшағы бар ма екен?» деп жиі сұрайды. Оларға «иә,бар» деп қуана жауап қатқымыз келеді. Истребитель соғыстан соң Балтық бойындағы әскери музейге қойылған.
Бүгінде Түркістан облысы, Темірлан ауылының ортасын қақ жара өтетін күре жолдың бойында Қажымұқан бабамыздың музейі менмұндалап тұр. Музейдің алдына палуан бабамыз жасатқан истребителінің макеті қойылған. Осы маңнан өткен сайын көпшілік атақты палуанның қартайса да Отанына деген шексіз махаббатының жарқын көрінісі іспетті истребитель макетіне сүйсіне де ойлана қарайды.
Айтпақшы, Жеңістен соң Қажымұқан атаның екінші әйелінен Жанәбіл атты ұл дүниеге келді. Бұл 1948 жыл болатын. Айдархан мен Жанәбіл атты қос қанатының қызықшылығына тоя алмаған күйі Жер жүзі палуандарын тізе бүктірген дала қаһарманы мәңгілік мекеніне аттанды. Бөген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Р.Нұғыманов сол тұстағы солақай саясаттан қаймықпастан палуанның жамбасы тиген жерден кесенесін қарайтуға мұрындық болды.
Шымкент-Түркістан бағытындағы ұлан жолдың бойында, Темірлан ауылының өкпе тұсында көк күмбезді шағын кесене тұр. Арада қаншама заман өтті. 1948 жылдан соң салынған кесене күтімге алынғанымен шағын ғана. Осы кесенені үлкейтіп, айналасын көркейтіп, көгалдандырып, әрі-бері ағылғандар зиярат етіп өтетін киелі мекен етіп қоятын мерзім әлдеқашан жетті. Бірақ біздің жұмысбасты шенеуніктердің әл-әзірге қолдары босайтын түрі байқалмайды…
Осындайда еске арқалы ақын Төлеген Айбергеновтың Қажымұқан атасына арнаған:
Күтіп талай батыр сын,
Деп тұрғанда белдесем.
Қалай сыйып жатырсың,
Мына қара жерге сен, – деген өлең жолдары түсіп, көкірекке ащы өксік тығылады.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақ журналистикасының қайраткері.
Дереккөз: Мақтаарал газеті