Қазақтың қара күшін әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлы өмірінің соңғы жылдарын Ордабасы ауданында өткізіп, Темірлан ауылының іргесінде жерленгені белгілі. Бүгін Ордабасылықтар күш атасының 150 жылдығына орай батыр баба рухына тағзым жасады.
Күллі түркі жұртына ортақ болған балуанның есімін ұлықтау шарасына Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдығараев арнайы қатысты.
Шара барысында балуанның рухына құран бағышталып, Қажымұқан ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Сонымен қатар, Қажымұқан мұражайы бұл күні жаңа жәдігерлермен толығып, балуан ұрпақтары тың деректерімен бөлісті.
Аудандық мәдениет үйіндегі салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков қазақтың бағына біткен Қажымұқан Мұңайтпасұлының рухын асқақтатып, ұрпаққа ұлағатын таныту мақсатында қазіргі таңда алып кешеннің құрылысы басталғанын, сондай-ақ, батыр баба есімін әлемге таныту үшін өмір жолы баяндалған үш тілді кітап басылатынын атап өтті.
Қажымұқан атындағы орталық стадионда Жамали Диқанұлы мен Тимур Сыпатаев балуанның өнерін қайта жандырып, темірден түйін түйді, тісімен көлік сүйреп, шегені жұдырықпен қағып, қошеметке бөленді.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Қасымбай Әбдіхалық, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдығараев сөз алып, елде Қажымұқандай азаматтардың көбеюіне тілектестігін жеткізіп, ізгі ниеттерін арнады.
Дереккөз: Ордабасы әкімінің баспасөз қызметі