Денсаулыққа пайдасы көл-көсір жер асты суын Ордабасы ауданында емдік мақсатта пайдаланып, сауықтыру туризмін дамыту көзделіп отыр.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданында қолға алынған жаңа жобаларды қолдады. Бөген ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ескі ғимаратын жерасты минералды суын тиімді пайдалану мақсатында жанға дауа, дертке шипа іздегендер үшін оңалту-сауықтыру орталығы ретінде қолдану көзделуде. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 14 мың ш.м.-ді құрайды. Осылайша ауданда шипалы табиғи минералды су көздерін пайдалану дамиды.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Ордабасы ауданында болып, бірқатар нысандарды аралады. Облыс басшысы іс-сапарын Шұбарсу ауылындағы күрделі жөндеуді қажет ететін Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектептің жағдайымен танысудан бастады. Білім беру нысаны 2004 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда мұнда 2 мыңнан астам бала білім алуда.
Ордабасы ауданы бойынша жалпы 65 мектеп бар. Облыстық бюджет есебінен 6 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Сапар барысында облыс басшысы Шұбарсу ауылындағы жекеменшік емхананың жұмысымен танысты. Ауысымына 250 адам қабылдауға қуатты медициналық мекемеде 125 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Ауданда 51 денсаулық сақтау мекемесі бар. Облыс әкімі экспортпен айналысатын жылыжайда болды. Екі гектарға қызанақ, қияр өсірумен айналысатын азаматтар облыстың ғана емес, республикасының бірқатар қалаларын қамтиды. Ордабасы ауданында жылыжайдың жалпы аумағы 87 гектарды құрайды, оның 21 гектары өндірістік жылыжай. 66 гектары фермерлік. Шұбарсу ауылында былтыр 15 гектар жылыжай аумағы құрылып, өтініш берген азаматтарға үлестірілді. Биыл жылыжай көлемін тағы 20 гектарға арттыру көзделуде. Өткен жылы осы жылыжайларда 10 мың тоннаға жуық өнім өндірілген.
Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков облыс басшысын Боралдай су қоймасының жобасымен таныстырды. Суғармалы жердің көлемін ұлғайту, ағын су мәселесін шешу мақсатында Ордабасы ауданында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 800 шақырымнан асатын 87 канал бар. Оның 215 шақырымы өткен жылы канал механикалық тазалаудан өтті. Жұмыстар жалғасуда. Нәтижесінде егістік алқаптардың суғарылуы жақсарды.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі