Қазақстан кəсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраев Түркістан қаласына маңызды сапармен келіп, «Түркістан-Арена» стадионын УЕФА-ның халықаралық талаптарына сай сертификациядан өткізді.
Биыл 2-6 наурыз аралығында Қазақстан Республикасының Суперкубок ойындары «Түркістан-Арена» стадионында өтеді. Облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев жауапты мачтарды өткізуге əрдайым дайын екендіктерін жеткізді. Әлемдік деңгейдегі талаптарға сай салынған стадионның төсеніші Канададан әкелінген және қазір арнайы мамандардың бақылауында. 7 мың орындық стадион қажетті қондырғылармен толық қамтылған.
Іссапар барысында лига басшысы 2020 жылы салынған су жаңа спорттық аренаның инфрақұрылымымен танысты. Сонымен қатар ол Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығымен кездесу өткізді.
«Түркістан Арена» стадионына халықаралық стандарттарға сай талаптардан өтіп, үшінші дәрежелі сертификатты ие болуы үшін алдағы уақытта лицензиялау рәсімінен өтуі қажет. ҚКФЛ басшысы Олжас Абраев іссапар барысын қорытындылады:
«Түркістандағы жаңа стадион — барша Қазақстан үшін жақсы жаңалық. Киелі Түркістан қаласында іргесі қаланған бұл стадион отандық спортшылар үшін құтты болып, халықаралық ареналарда үлкен жеңістерге алып келеді деген үміттемін. Стадионды тексеру қорытындысы бойынша жақсы пікірдемін. Телевизиялық түсірілімдерге қатысты бірнеше нюанстар бар, бірақ оларды жоюға болады. «Түркістан Арена» алдағы уақытта өзінің бірінші үлкен ойындарын қабылдауы мүмкін, қазір осыған қатысты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Түркістан қаласының және облыс тұрғындарын осындай керемет аренаның салынуымен құттықтаймын!», — деді Олжас Абраев.
Естеріңізге сала кетсек, 2 наурыздан бастап 6 наурызға дейін «Астана», «Қайрат», «Шахтер» мен «Тобыл» Суперкубокті сарапқа салатын болады. Сонымен қатар биыл жаңадан құрылған «Тұран» командасының Премьер-лигадағы ойындары осы «Түркістан-Арена» стадионында өтетін болады.