Шымкент қаласында стационарлық көмек көрсететін барлық медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.
Жалпы сомасы 7,21 млрд. теңгені құрайтын дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды жеткізуге келісімшарттар жасалған.
Бұл жөнінде бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлім етті.
- Бірыңғай дистрибьютормен дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар 6,2 млрд. теңге көлемінде жеткізілді. Бұл 85,9% құрайды. Бүгінгі таңда, медициналық ұйымдарда COVID-19 індетіне қарсы екі айлық дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоры қалыптастырылды,- деді ол.
Қалалық әкімдік резервінен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында дәрі-дәрмектердің 5 атауы бойынша сатып алуға 180 млн.теңге бюджет қаражаты бөлінді.
Дәріханалар, дәрі-дәрмектер қоры мен бөлшек сауда бағаларының сәйкестігіне мониторинг жасалуда. Бүгінгі күні қаланың дәріханаларында COVID-19 емдеуге арналған дәрі-дәрмектер қоры бар.
Тұрақтандыру қоры шеңберінде бөлшек саудаға арналған дәрі-дәрмектерді сатып алуға дәріханалар айналымына және қорларын толықтыруға қосымша тағы қаржы бөлу жоспарлануда.
Айта кету керек, маусымдық тұмауға қарсы 128 963 доза вакцина сатып алынды. Бүгінгі күнге 128 571 адам вакцияланды (99,7%).