Осындай журналистердің ізбасарлары көп болса екен деп тілек білдіре отырып, Шерхан Мұртаза атындағы сыйлықты Қайнар Олжайға табыстаймын — министр.
Баспа, радио және интернет журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығының Шерхан Мұртаза атындағы арнайы номинациясына белгілі журналист, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бас редакторы Қайнар Олжай ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Құрметті әріптестер! Бүгін жарияланған номинациялардың барлығы тамаша, бірақ соның ішінде бұл номинация біздің министрлік үшін де, жеке өзім үшін де өз алдына бір төбе, өйткені бұл марапат — иегері үшін өте бағалы, үлкен жетістік. Осындай журналистердің ізбасарлары көп болса екен деп тілек білдіре отырып, Шерхан Мұртаза атындағы сыйлықты Қайнар Олжайға табыстаймын», — деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сыйлықты табыстап жатып.
Өз кезегінде арнайы сыйлық иегері байқау ұйымдастырушыларына ризашылығын білдірді.
«Әріптестеріммен бірге мен де Шер Ағаның шәкірті болғанмын, міне осындай сыйлық алғашқылардың бірі болып маған бұйырып отыр, мен үшін бұл — үлкен мәртебе. Бұрын, 1992 жылы ТМД Журналистер конфедерациясының сыйлығы алғаш жарияланған кезде, Камал Смайылов оны маған табыс етіп еді, енді Аида Ғалымқызы маған Шерхан Мұртаза атындағы сыйлықты табыстап жатыр, маған тағы да оның бірінші иегері болу жазылып отыр…Соңымыздан ілесер ізбасарлар көп болсын деп тілеймін», — деді Қайнар Олжай.
Сонымен бірге ол белгілі қазақ жазушысы Шерхан Мұртазаның отандық журналистиканың дамуына қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.