Мақтаарал ауданында апатты жағдайдағы ескі жатақхана мен моншаны мекендеп, жылдар бойы балабақшаны паналап келген 28 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Су алған аумаққа жасаған жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Асқар Мамин бұл азаматтарға жаңа шағынауданнан үй салып беруді тапсырған болатын. Бұл туралы Түркістан шаһарында өткен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз-мәслихатында Өмірзақ Шөкеев баяндады.
Ұзақ уақыттан бері ескі ғимараттарды пана қылған 28 отбасының баспанасы барын растайтын ешбір құжаты да болмаған. 100-ден астам отбасы мүшелері бұған дейін су басқан ауылдардағы бос тұрған ғимараттарды мекен етіп келгені анықталған.
«Осы тосын жағдайды естіген Елбасымыз, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет басшылары, Қазақстан халқы, жаппай көтеріліп, барша қолынан келген қамқорлығын көрсете білді. Апаттың салдарын жоюға бүкіл республика атсалысты. Осындай ерекше қамқорлық үшін барша мақтааралдықтардың атынан шынайы алғыс айтуға рұқсат етіңіздер»,- деді Өмірзақ Естайұлы.
Төтенше жағдайға байланысты Үкіметі тарапынан 100 мың теңге көлемінде зардап шеккен 5 елді мекеннің әрбір тұрғынына төленді. Сондай-ақ ауылдармен қатар эвакуацияланған 8 елді мекендердегі отбасыларға 1000 АҚШ доллары көлемінде қаржы берілді. Бүгінде аудан орталығы Мырзакент кентінде әсем қалашық пайда болды. Онда 386 үй салынып бітті. Бұдан бөлек, 1200 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша және дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 196 үй құрылысына Үкіметтік резерв есебінен қаржы бөлінсе, қалған 190 үйдің құрылысы қорлар арқылы бой көтерді. Сонымен қатар, Фирдоуси мен Өргебас елді мекендерінде жалпы 504 тұрғын үйлердің 494-нің құрылыстары аяқталып,10 үй жақын арада пайдалануға беріледі.