Жыл сайынғы үрдіске сай, Елорда күні мерекесін шымкенттіктер де атап өтуде. Алайда, карантин режиміне байланысты іс-шаралар онлайн түрінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Xnews.
Атап айтсақ, елорда күніне орай шымкентте 9 инвестициялық жоба іске қосылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов онлайн режимде қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын елорда күнімен құттықтады.
Іске қосылған өндірістік нысандардың жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Соның нәтижесінде жалпы 288 адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, шымкенттік өнерпаздар мерекеге орай әннен шашу шашып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қала әкімдігінің ұйытқы болуымен өткен мерекелік ән-шашу жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желі арқылы көрермендерге ұсынылды.
Ал, зиялы қауым өкілдері, отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі болған елорда жайында өз ойларын білдіріп, мерекенің мән-маңызына тоқталды.