Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов опера және балет театрының жұмысымен танысып, театр ұжымының қызметкерлерімен кездесті. Онда опера мен балет өнеріне халықты көптеп тартудың жолдары қарастырылып, саланы дамытудағы ойларымен бөлісті. Бұдан бөлек, әкім Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан білікті балет маманын тарту мәселесін де көтерді.
Қазақ театр өнерінің дамуына үлес қосу мақсатында аталған мәдениет ошағы 2007 жылы құрылған болатын. Салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан еді.
Театр ғимараты 1984 жылы салынған, 2007 жылы театрға бейімделіп қайта қалпына келтірілді. Мекеме ішінде 300 көрерменге арналған үлкен зал мен 86 орындық кіші зал бар.
Өнер ордасымен таныстыру барысында мекеме директоры Әбдіхан Нұрмағанбетов театрдың кемшін жағдайын да айтып өтті. Мәселен мұнда реквизит, яғни, қойылымда қолданылған қажеттіліктерді сақтайтын арнайы қойма қажет екен.
Осы ретте, қала басшысы опера және балет театры Түркістан облысының меншігінен Шымкент қаласының балансына ауыстыру бойынша рәсімдеу жұмыстары аяқталған соң, театрды дамыту бағытында тиісті жұмыстар атқарылатынын атап өтті.