Ордабасыда Бейжің үйректері өсіріледі

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылдық округінің тұрғыны Бақберген Жұмабай құс өсірумен екі жылдан бері айналысып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау фермерге өз шаруашылығын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берген.

Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ерекше кәсіпті дамытуда жас кәсіпкерге алғашында әкесі идея ұсынып, ой салған. Алдымен ол Бейжің үйрегінің жүз балапанын сатып алып, соларды өсіруді қолға алды. Еңбегі көп ұзамай өз нәтижесін береді. Үйрек етін алысқа бармай туыстары мен көршілері сатып ала бастаған. Бұл құс түрінің етінен сорпа, негізгі тағамдар, әсіресе кәуап дәмді болады. Ашық ауада, көмірде қуырылған етін, тіпті, тамаққа аса талғампаздар мен кәсіби аспаздардың өзі ерекше бағалайды.

Сұраныс артып, Бақберген бар күшін істі одан әрі дамытуға жұмсайды. Жас кәсіпкер былтыр бизнес-курсын оқып, 505 мың теңге көлемінде өтеусіз грант алды. Ол қаражатқа инкубатор сатып алып, құс санын едәуір арттырған. «Біз үйректерді тек ет үшін өсіреміз. Бордақылау үшін екі ай жеткілікті, содан кейін құсты союға жібереміз. Еттің көтерме бағасы бір килограмына 1200-1400 теңгеден. Тұрақты сатып алушыларымыз бар», — дейді жас кәсіпкер.

Бақберген Жұмабай не үшін Бейжің үйректерін таңдағанын да түсіндірді. Айтуынша, олар тез салмақ қосады. Өсірудің де аса қиындығы жоқ. Ең бастысы, үйректерді жылы жерде ұстау қажет. Бейжің үйректерінің әрқайсысы екі күнде бір рет жұмыртқа салады. Негізгі азығы бидай, арпа, жүгері, сұлы. Ал, жазда өзге құстар секілді көк шөпті керек етеді.

Кәсібіне машықтанған төркүлдік азамат қазір несие рәсімдеп жатыр. Бизнесті әрі қарай дамыту үшін үш жарым миллион теңге алып, үйрек орауға арналған жабдық, жаңа инкубаторлар мен тоңазытқыш камераларын сатып алуды жоспарлауда. Алдағы уақытта көрпе-жастыққа арнап құстың мамығы мен қауырсынын өндірмек. Бақберген Жұмабай үйрек өсіру кәсібінің табысы мол болатынына сенімді. Тіпті қызығушылық танытатындар болса тәжірибесімен бөлісуге әзір.

Дереккөз: «Өзге пікір» газеті

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*

x

Check Also

Түркістан қаласы әкімінің халықпен кездесуі басталды

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының қала аумағындағы 6 сектор бойынша кезекті халықпен кездесуі Яссы секторынан басталды. Кездесу барысында қала ...

Түркістанда биыл 3000-нан аса пәтер пайдалануға беріледі

Түркістан қаласында биыл 944 пәтерлі 11 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жыл басынан бері жоспарға сәйкес, 4 үйдің құрылысы аяқталып, ...