Шымкент шаһарының жаңа басшысы туралы не белгілі

Жаңа тағайындауға байланысты «Инженерден — әкімге дейін. Шымкенттің жаңа басшысы туралы не белгілі» атты Tengrinews сайтында шыққан мақаланы сілтеме жасап ұсынамыз.

Мұрат Әйтенов 1981 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауылында дүниеге келген. 2004 жылы армия генералы С. М. Штеменко атындағы Краснодар әскери институтын «ақпаратты қорғауды ұйымдастыру және технологиясы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Одан бөлек Қарағанды экономика университеті мен М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тәлім алған. Мамандықтары — инженер, заңгер. Әкім қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген.  

Болашақ әкім еңбек жолын сол 2004 жылы 23 жасында бастаған. Алғашқы қызметі — аға инженер. Екі жыл бойы ҚР Қорғаныс Министрлігі жанындағы арнайы байланыс бөлімінде еңбек еткен. Кейінгі екі жылды «Астана-Өнім» АҚ шаруа ауласының меңгерушісі болып жалғастырады. 2010 жылға дейін өндірістік қызметті үйлестіру секторының сарапшысы — ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты ұйымдарды басқару бөлімінде қызмет атқарады.

Кейінгі жылдарды ҚР Президенті Іс басқармасының ресми шаралар және сыртқы байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары, кейін осы бөлімнің меңгерушісі болып өткізген. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы аппаратының басшысы болды. Төрт жылдан кейін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары қызметіне ауысқан.

Былтыр желтоқсанда Мұрат Әйтенов Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған. Бұл қызметте бір айға жетпей жұмыс істеп, бүгін Шымкенттің әкімі қызметіне кірісті. Бұл Әйтеновтің әкім қызметіндегі алғашқы тәжірибесі болмақ. 

Жалпы, соңғы уақытта Шымкентте әкім қызметінде ешкім тұрақтамай тұр. Соңғы бір жылдың ішінде бұл қызметті үш адам атқарып шықты. 2019 жылдың алғашқы жартысында өңірді Ғабидолла Әбдірахымов басқарса, екінші жартысында Ерлан Айтаханов қала әкімі болған. Ал бүгін Мұрат Әйтенов осы қызметке тағайындалды.

Жаңа әкімді әлеуметтік желіде таба алмадық. Әзірше Мұрат Әйтенов Instagram мен Facebook желілеріне тіркелмеген.

Интернетте Шымкенттің жаңа әкімі туралы мәлімет жоқтың қасы. Оның туған жері мен қызмет жолы ғана бар. Одан басқа мәлімет таппайсыз. Әйтпесе, қалғанының бәрі Әйтеновтің тағайындаулары мен қызметінен кетуі жайлы ақпараттар.

Ғаламторды ақтарып отырып, Мұрат Әйтеновтің «Балет қоры» қамқоршылық кеңесінің мүшесі екенін білдік. Сонымен қатар, Шымкент әкімінің Марат Әйтенов деген ағасы бар. Ол да мемлекеттік қызметте. Әділет министрлігінде, «Ұлттық экономика қорында», «Самұрық-Қазынаның» департаментінде, «Қазақстан даму банкінде» жұмыс істеген.

Әлеуметтік желіде Мұрат Әйтеновтің әкім болып тағайындалуына қатысты түрлі пікірлер жазылған.

«Шымкенттің жолы болар емес, әкімдер тұрақталмай жүр. Өздерін жұмыста көрсететін уақыт бермейді», «Өзі инженер, өзі экономист, өзі барлаушы — бәрі бір адам. Оның үстіне жас! Шымкент енді инфрақұрылымы сай мегаполис болатын шығар», «Осы лауазымға лайық азамат! Шырайлы Шымкент қаласын жаңа идеялармен дамытып, көркейте берсін!» деген секілді пікірлер жазылған.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

«Таза Қазақстан» шарасы басталғалы Түркістан облысында 1 млн-ға жуық тал отырғызылған

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық ...