Тәуелсіздік жылдарында Шымкент халқының саны 3 есеге артқан

Шымкентте «16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні» мерекесіне орай қала әкімінің қатысуымен Түркістан сарайында салтанатты жиын өтті, — деп хабарлайды Рух тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Ел бақытын тербеткен — Тəуелсіздік» мерекелік жиынды Шымкент қаласының əкімі Ерлан Айтаханов ашып, құттықтау сөз сөйледі.

«Тəуелсіздік күні — Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Біз бабалар аңсаған бейбіт және тәуелсіз елде өмір сүріп отырмыз. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Аталған жетістіктерге Шымкент қаласының да қосқан үлесі зор. 1991 жылы Шымкентте халық саны 400 мың болса, қазір бір миллионнан асты. Қала аумағы 13 мың гектардан 117 мың гектарға ұлғайды. 1993 жылы республика бойынша Шымкенттің жалпы өңірлік өнімі 29 миллиард 423 миллион теңге болса, Тəуелсіздіктің 25 жылында бұл көрсеткіш 2 триллион 174 миллиард теңгеге өсіп отыр. Қаланың өнеркəсіп орындары 4,9 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, бүгінде бұл саладағы жетістік 95 есе өсіп, 458 миллиард теңгеден асты.

1991 жылдан бері қаламызда 5,2 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Осы аталғанның бәрі — Тәуелсіздіктің сыйы. Алдымызда жауапты кезең күтіп тұр. Бір шаңырақтың астында тұрып жатқан барша халқымыздың достығы берік, бірлік мәңгі жасай берсін. Әрбір отбасыға бақыт, отанымыз — Қазақстан Республикасының игілігі жолында табыс тілеймін», — деді Ерлан Айтаханов.

Халқымызға жылдар бойы арман болған айтулы мерекеге орай, ҚР Президентінің №207 Жарлығымен бірқатар азаматтарға орден, медальдар табысталды.

«Айғақ» телерадиокомпаниясы» ЖШС бас директоры Дулат Әбіш «Парасат» орденімен, ал ардагер журналист Байдулла Қонысбек, академик М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ президенті Гүлшара Сапарбаева «Құрмет» орденін алды. Түрлі салада үздік қызмет етіп жүрген Шымкент қаласының белгілі де белсенді тұрғындары қала дамуына қосқан үлесі ерекше құрметке ие болды.

«Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының» өнерпаздары әннен шашу шашып, салтанатты жиын көңілді ән мен жырға ұласты.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*

x

Check Also

Түркістанда халықаралық талапқа сай кілем фабрикасы салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ...

«Таза Қазақстан» шарасы басталғалы Түркістан облысында 1 млн-ға жуық тал отырғызылған

«Таза Қазақстан» шарасы аясында Түркістан облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілген. Бұл туралы брифингте облыстық ...