Шымкентте қалалық ҚХА-ның V сессиясы өтті (видео)

Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының бесінші сессиясы өтті,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі «24.kz» телеарнасына сілтеме жасап.

Жиында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалуы талқыланып, алдағы жоспар пысықталды. Түрлі этнос өкілдері су тасқынынан зардап шеккен өңірлер қалыпқа келгенше әрі қарай қолдау көрсетіп, ұлт құндылықтарын дәріптеуге күш салады.

Елдегі су тасқыны кезінде Ассамблеяның өңірдегі өкілдері тату тірліктің жарасымды үлгісін көрсетті. Жиынға қатысушылардың еңбегі осылай бағаланды.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
— Осы игілікті іске себепші болған Ассамблея белсенділері үлес қосып, 120 тоннадан астам гуманитарлық көмек аттандырды. Су тасқыны кезінде ел бірлігі іс жүзінде көрініп, қиналған жұртшылыққа жұмыла көмек берді.

Енді жастар қауымы Ассамблея жұмысына белсенді араласып, үлес қоса алады. Президент жүктеген басым бағыттардың бірі осындай. Осы ретте волонтерлік еңбегімен көзге түскен Тимур Казмин үлкен құрылымға қызметке тартылды.

Тимур Казмин, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары:
— Бірнеше этномәдени орталықтарымыз бар. Сол этномәдени орталықтардың қасындағы жастар қанатымен бірге жұмыс істеу. Басты міндетіміз — осы ең қымбат байлығымыз тәуелсіздік пен бірлікті нығайту.

Әділдік, жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық және патриотизм. Жастардың бойына осындай құнды қасиеттерді сіңіру — Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеті.

Марат Әзілханов, ҚХА хатшылығының меңгерушісі:
— Аталмыш құндылықтар Ассамблеяның осы атқарып жатқан жұмыстарына толық сәйкес келеді және қызметіміздің мәнісі мен бағыты болып табылады деп ойлаймын. Аналар кеңесі мен ақсақалдар кеңесі бірлесіп істеу керек деп ойлаймын.

Сессия соңында қаланың бірқатар белсенді азаматтары Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хатына ие болды.

© 24.kz телеарнасы