Түркістан облысындағы мектептер Илон Масктың интернет желісіне қосыла бастады (видео)

Өңірдегі шалғай ауылдарда орналасқан 330 мектеп Starlink желісімен жұмыс істейді.

Түркістан облысындағы 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде 581 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы 20-80 Мбит/с аралығындағы интернет желісі орнатылған. Ал, тағы 33 мектеп жуырда оптикамен қамтылады.

Бұдан бөлек, 330 мектеп шалғай және таулы аумақтарда орналасуына байланысты, техникалық мүмкіндігіне қарай жылдамдығы 512 Кб/с — 20 Мбит/с құрайтын төмен жылдамдықты интернет желісімен қамтылған. Бүгінде аталған білім ұяларының 200-ден астамы Илон Масктың Starlink спутниктік интернетіне қосылды. Қалған ауылдар сәуір айының соңында жаңа желімен жұмыс жасауды бастайды.

«Қазіргі таңда облыс аумағында 203 мектепте Starlink спутниктік интернет желісінің құрылғылары орнатылды. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Қалған мектептерде интернет желісінің құрылғыларын орнатуды биыл сәуір айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонда Түркістан облысында мектептердегі интернет мәселесі толық шешімін табады», – деді Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов.

Қазығұрт және Төлеби аудандарындағы білім ұяларын сапалы интернет желісімен қамту жұмыстарымен танысқан Еркеғали Әлімқұлов қала мен ауыл тұрғындарының сапалы білім алуына бірдей мүмкіндік жасалатынын айтты.

Дереккөз. Қазақпарат

© Turkistan TV