Шымкенттің міндетті түрде бару керек көрікті жерлері

«Өмір бір рет беріледі және оны Шымкентте өткізу керек». Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың өзі осылай деп, шаһардың көркі мен жан-жақты дамуына жоғары баға берген болатын. Бүгінде республикалық маңызы бар мегаполистің келбеті күн санап құлпырып, сәулетіне сән қосылып келеді. Шырайлы шаһарда көркі көз сүріндірер көрікті жерлері де жетерлік. Миллионнан аса тұрғын күйбең тіршіліктен бір сәт алыстауды аңсаса, ат терлетіп басқа жаққа жол жүріп әуре болмайды. Өйткені жанға сая, көңілге қуаныш ұялатар таңғажайып мекен шымқаланың өзінен ақ табылады. Ендеше біз сіздерге Шымкенттің міндетті түрде бару керек көрікті жерлерінің тізімін ұсынамыз.

ДЕНДРОСАЯБАҒЫ – ТАЛАЙ ҚУАНЫШТЫҢ КУӘСІ

Дендросаябағынан еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін кездестіруге болады. Әсіресе, көктем, жаз мезілінде мұндағы адамдардың қарасы қалың. Жасыл желек жамылған демалыс аймағындағы тұмса табиғат, саф ауа жанға дауа. Жаздың аптап ыстығында демалатын таптырмас орын. Тыныштықты жаны сүйетіндер үшін бой сергітіп, таза ауамен тыныстауға мүмкіндік мол. Жап-жасыл. Құстардың сайраған үні жаныңды сергітеді. Шымкент дендрологиялық саябағы 1979 жылы белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен құрылған. Оған дейін қаланың бүкіл қоқысы мен қалдығы осы аумаққа әкеліп төгілетін. Бастамашы топ оларды тазалап, сырып, орнына жас шыбық қадап, көктеп-көгеруіне, жайқалып өсуіне бар күш-жігерін жұмсайды. Нәтижесінде, бірер жылда дендросаябақ бой көтерді. Дендропарк. Шымкент қаласында Алғашқы жылдары көлемі 150 гектардан асқан бақтың екінші өмірі 2000-жылдардың ортасында басталды. Бүгінгі күні бақтың көлемі 120 гектардан асады, көлемі тарылғанымен ішкі келбеті мен келушілерге арналған жағдайлар толығымен жасалған. Қайта жөндеу жұмыстарынан соң саябақ еліміздің көркем жерлері тізіміне енген. Парк ботаникалық саябаққа ұқсайды, айырмашылық флорамен қатар фаунаны да кездестіруге болады (аққулардың тоғаны, орманда мекендейтін тиындар мен еліктер). Бақтың ішіне кіргенде көз үйренген қарағаштар мен қайыңнан басқа да ағаш пен гүлдердің көп түрлерінің кездесетінін байқайсыз. Иірілген жолмен келе жатып, адамдардан алшақтап, өз-өзіңмен қалғандай боласыз. Себебі бұл бақтың территориясы ауқымды. Бақ территориясы жас жұбайлардың той бағыттарының тізіміне де кірген. Жастардың үйлену той алында осында келіп сейіл құруы дәстүрге айналған. Дендросаябақта отау құрып жатқан жастардың сүйікті жеріне айналған «Жас жұбайлар» мен «Ардагерлер» аллеясы бар. Мұнда шаңырақ көтерген екі жас өмірінің ең бір шуақты кезеңінен естелік қалу үшін фотосессия жасап, көпір үстіндегі темірге ырым ғып құлып тағып кетіп жатады. Сол себепті саябақтан міндетті түрде бақытты жастарды кездестіреріңіз хақ. Бақтың іші көктем мен жаз мезгілдерінде жасылға оранып, өзіне назарды аудартады. Үлкен қалаға саяхаттап келіп, тыныштық оазисін іздесеңіз міндетті түрде Дендросаябаққа барыңыз.

БӘЙДІБЕК БИ ЕСКЕРТКІШІ

Бәйдібек би ескерткіші бүгінде тұрғындардың сүйікті орына айналған. Әсіресе, кешкі мезгілде құлпыра түседі. Қазақстандағы ең үлкен ескерткіш болып табылатын монумент биіктігі жағынан әлемдік ескерткіштермен таласады. Монументті орнату үшін Шымкент қаласының солтүстік бөлігіндегі ең биік нүктелерінің бірі таңдалып алынған. Бұл белгіге арнайы жасалған төрт метрлік төстабан мен 9 метрлік іргетас қосылған. Мүсіннің өзінің биіктігі 10 метрді құрайды, төстабанның биіктігін, іргетас пен ескерткіштің өзінің биіктігін қоса есептегенде монументтің биіктігі 23 метрге көтеріледі.

Жалпы салмағы 9 тонна болатын мыспен қапталған мүсін, рекордтық мерзімде – барлығы 20 күнде дайын болған. Мұны жасау үшін біліктілігі жоғары 40 дәнекерлеуші- құюшылар еңбек еткен. Бұлар жергілікті шеберлер мен Өзбекстан, Қырғызстаннан арнайы шақырылған жұмысшылар болатын. Бәйдібек би ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі 2012 жылы, күзде Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Ескерткіштің дәл осы орынға қойылуының өзіндік себептері бар: біріншіден, қалаға кіре беріс даңғыл жол Бәйдібек бабаның есімімен аталса, екіншіден, ескерткіш орнатылған бағытта Бәйдібек ауданы бар. Биіктігі 10 метр, салмағы 9 тоннаға жуық алып ескерткішке айналған от ауызды би ұрпағының өзіне деген құрметін сезініп, ризашылығын білдіргендей күншығысқа құшағын айқара ашып, бір қолына асатаяғын ұстап, ауызбіршілікке шақырып тұрғандай… Бір қарағанда ескерткіш Рио-де-Жанейро қаласындағы Кешірімді Иса Пайғамбар мүсініне өте ұқсас келеді. Ескерткішті жасаған – сәу­летшілер Насыр Рүстемов пен Дәурен Әлдеков. Тұғырымен қосып есептегенде Бәйдібек би — Қазақстандағы ең үлкен ескерткіш мәртебесіне ие болды

ТӘУЕЛСІЗДІК САЯБАҒЫ ТАРИХТАН СЫР ШЕРТЕДІ

«Тәуелсіздік» саябағы Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ашылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі салтанатты түрде ашқан саябақ қаланың Қабанбай батыр көшесіндегі төбенің жазығында орын тепкен. Саябақтың триумфті – 15 метрлік қақпасын аттаған тұста, 1991 жылдан – күні бүгінге дейінгі елімізде орын алған тарихи маңызды оқиғалар тасқа қашалып жазылған. Көлемі 5,8 гектар алқапты құрайтын аумаққа “Ел бірлігі” монументі орналасып, “Тәуелсіздік шежіресі” аллеясы салынды. Онда еліміздің әр жылдардағы жарқын тарихы мәрмәр тастарға ойып жазылған. Саябақта көкейге елжандылық сезімін ұялатар тағы бір нысан ол – «Алтын шаңырақ» ел бірлігі тәуелсіздік монументі. Елімізде мекен етіп жүрген барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің барельефі бейнеленген алып гранит тұғырдан 137 тік тіреуден тұратын композиция көтеріліп, шаңырақты ұстап тұр. Ондағы 137 тіреу еліміздегі 137 ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымақ пен бірлікті ту етіп, бітімгершілікте өмір сүріп жатқандығын білдіріп тұрғандай. Саябақ құрылысының жалпы құны 680 миллион теңгені құрайды. Оның – 373,5 миллион теңгесі жергілікті қазынадан каралса, қалғаны Елбасының «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» аясында кәсіпкерлер қаржысымен жүзеге асты. Шымкенттіктердің тағы бір мақтан тұтар нысаны ол – «Жер-Ана» тәуелсіздік монументі. Бұл архитектуралық композициялар туған жердің кеңдігін, бейбітшілік пен халықтар келісімін бейнелейді. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелерінің қиылысында орын тепкен, биіктігі 34 метрді құрайтын бұл монументпен «Тәуелсіздік» саябағының арасын «Мемлекеттік рәміздер» алаңы мен ұзындығы 104 метрді құрайтын «Алтын көпір» жалғастырып тұр.

ЗООБАҚ — КӨҢІЛДІ ДЕМАЛЫС КЕПІЛДІГІ

Африка мен Азия! Қазақстан, Австралия, Оңтүстік Америка! Бұл елдер мен құрлықтардың «бір бөлігі» болашақта Шымкент зообағынан орын теппек. Қазірдің өзінде акация, пальма ағаштары құрылысы аяқталып қалған «Африка» аймағының сәнін еселей түскен.

Көгалданып, жаңарған ішкі жолдар мен аяқжолдар бойына зообақ логотипі бейнеленген орындықтар орнатылған.

Хайуанаттар бағының орталық ішкі жолындағы гүлзарда жағалай аң мүсіндері орнатылған. Соның ерекше көз тартатыны – тау барысы.

Дәл қазір мұнда жоспарға сәйкес «Азия аумағы» жобасы жүзеге асуда. 7 гектарға созылған «Африка» аумағында антилопа, түйеқұс, гну, зебра, түйе, марал сынды жан-жануардың 6 түрі еркін жорта бастаса, 3,5 гектарлық «Азияға» қоныстанатын жыртқыш аңдар да болашақта ашық аспан астында өмір сүретін болады.

«Азия» аумағынан бөлек «Аралас жануарлар» экспозициясы мен мал дәрігерлік аймағының жобасы еніп, құрылысы қолға алынды. Қала тұрғындары мен қонақтарының есінде қалатын ерекше көріністер балықтардың мекені – «Аквариумге» барар жолдан көзге түспек. Көпір маңындағы екі төбе «Гиббон» аралына айналып, ол жерге маймылдар тұрақтаса, жобаға сәйкес, осы маңдағы көлде аққу, үйрек, қаздар мекендейтін болады.

Жан-жануарлар әлемі – нағыз кереметтер әлемі. Мұндағы қызықтың бірі күндіз ұйқыға кетіп, түнде оянатын тіршілік иелерін біз жайшылықта көрмейміз де. Соңғы кездері Голливудтың фэнтези жанрындағы кинофильмдерінің көзіріне айналған жарқанаттарды енді өз көзімізбен көріп, бір сәтке ертегі әлеміне енгендей әсер аламыз. Себебі, зообақта түнгі тіршілік иелеріне арналған орындар ашылады.

Зообақтағы «Тау» экспозициясының жертөлесінен орын тепкен «Түнгі әлем» бөлімі де бар.Мұнда ит тектес жарқанаттарды жайғастырған. Әзірге мұндай жануардың екі түріне тапсырыс бердік. Қала тұрғындары зообаққа күндізгі уақытта келеді. Сондықтан біз «Түнгі әлем» бөлігінде күн режимін жасанды түнге ауыстырдық. Едендегі әлсіз ғана жарық келушілерге бағыт сілтейді. Ал жануарларды қызыл түсті жарықтың көмегімен бақылап, қызықтай алады.

Шымкент зоологиялық бағы 1979-1981 жылдары қазақтың көрнекті ұлы Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың жеке бастамасымен әрі тікелей басшылығымен құрылған.

Зообақтың жалпы ауданы – 30 гектар. Оның ішінде экспозициялар 19 гектар жерге орналастырылған. Шымкент хайуанаттар бағында жануарлардың 239 түрі бар, жалпы саны 2 495 құрайды. Олардың 40 түрі Қызыл кітапқа енген. Зообақта тұяқтылар, жыртқыштар, приматтар, құстар, балықтар, бауырымен жорғалаушылар және қосмекенділерді тамашалауға болады. Сондай-ақ, мұнда балықтың 70 түрінен, 1 254 балық мекендейтін аквариум орналасқан.

«ЖАЙЛАУКӨЛ» КЕШТЕРІ КӨҢІЛДІ

Шымкент қаласындағы «Жайлаукөл» демалыс саябағы шаһар тұрғындары мен қонақтарының ең жиі шоғырланатын алаңына айналды.

Мұнда «Shymkent Altyn eye» деп аталатын үлкен айналмалы аттракцион бар. Қала қонақтары мен тұрғындары 50 метр биікке көтеріліп, Шымкенттің келбетін айқын көре алады. Бұл айналмалы шеңберде 18 жабық кабина бір мезетте 108 адамға қызмет көрсетеді. Әрбір кабинада қыста жылу, ал жазда салқындататын арнайы желдеткіш орнатылған. Сол себепті қыстың салқын күндері де тоқтап қалмай, жұмыс істей береді. «Shymkent altyn eye»-ға міну құны – 500 теңге. Алып әткеншектен бөлек бұл саябақта 22 ойын аттракционы бар. «Шытырман айна», «Су шары», «Кенгру», «Қызықты паравоз», «Сегізаяқ», «Тікұшақ», «Түймедақ» тағы басқа ойын аттракциондары саябаққа келушілердің қызығушылығын тудырады. Ал олардың бағасы 300-400 теңге аралығында.

Сондай-ақ, көл бетінде катамаран, қайықта тербетіліп, сырласып жүрген жастар көп. Көлдің дәл ортасында ғашықтарды «Махаббат аралы» шақырады. Мұнда орындыққа жайғасып, ас-суға тапсырыс беріп, романтикалық көңіл күйге бөленуге болады.

«ЭТНОСАЯБАҚ»
«Этносаябақ» «Бәйдібек би» ескерткіші жақтан қарағанда оң жақ бетте орналасқан. Жасыл желек баққа кірген бойда ең алдымен көзіңізге субұрқақ түседі. Жай субұрқақ емес. Әуенмен мың бұрала билейтін субұрқақ. Ол кешкі 19:00 мен 22:00 аралығында қала тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлайды. Одан сәл жоғары көтерілсеңіз екі сарқыраманы көресіз. Таудың төбесінен етегіне төгілген су, саябақ бойлап ағып жатыр. Сылдырап аққан судың дауысы жаныңызға рахат сыйлайды. Көзіңізді жұмсаңыз өңірдің аптап ыстығын ұмытып, тау бөктерінде жүргендей сезімде боласыз. Ал саябақтың бірнеше жерінде орналасқан шатыр астындағы сөрелер (ротон) жастардың жиі бас қосатын мекеніне айналған.

– Мұнда қала тұрғындарынан бөлек, шетелдік туристер де көптеп келеді. Әсіресе түнгі мезгілде. Өйткені, осы уақытта субұрқақтар қосылып, түрлі түсті жарықтар жанады. Оның үстіне ағаштар мен шөптерді кешкі уақытта суғарғандықтан, саябақтың іші өте салқын болады. Бақтың жап-жасыл түске еніп жатқаны жақсы ғой. Сонымен қатар, орылған шөптердің тез жиналуын, қоқыстың тасталмауын, адамдардың жасыл жерлерді аяқпен таптамауын, велосипедпен жүрмеуін жіті қадағалауда.

Этносаябақта аттракциондар, түрлі әткеншектер жоқ. Өйткені, көпшілік мұнда қаладан алшақ кетіп, табиғат ананың құшағына енгендей әсер алуға келеді. У-шудан бір сәтке арылып, тамаша мекеннен күш-қуат алуды қалайды.

АРБАТ КӨРКІМЕН АРБАЙДЫ

Демалыс орны қала орталығындағы «Қиял әлемі» саябағы жанынан орын тепкен. Бейбітшілік көшесінің Республика даңғылынан Әл-Фараби алаңына дейінгі бөлігі тұтас демалыс орнына айналып, су бұрқақтары орнатылды. Көпшілік сейіл құратын аймақтағы жаяу жүргіншілер жолы 12 сәулеттік мүсінмен ерекшеленеді. 200-ге жуық сәндік ағаш егіліп, бір бөлігі көгалдандырылды. Бұл жерге жаңа шамдар ілініп, орындықтар қойылды, ландшафт дизайны көз тартады. Қаланың жасыл желегіне жаңа рең қосқан арбат әдемі гүлдермен көмкеріліп, жарық шашатын шамдармен безендірілген. Ыңғайлы демалыс аймағында сонымен бірге велосипед жолағы да қарастырылған. Мұндағы 3600 шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 2000 шаршы метр жерді аяқ жолдар алып жатыр. Бұдан бөлек, ол жерге 700-ге жуық жөке, талшын, аққайың сынды ағаш түрлері мен 1000 түп раушан гүлі егілді. Түнгі арбатты жарық етуге 76 көше шамдары мен 45 кіші торшерлер қойылды.

Арбаттың ұзындығы 1 шақырым шамасында. 2000 шаршы метр жерді аяқ жолдар алып жатыр. Жасыл желекпен 3600 шаршы метр аумақ көмкерілген. 700-ге жуық жөке, талшын, аққайың сынды ағаш түрлері мен 1000 түп раушан гүлі егілген. Түнгі арбатты жарық етуге 76 көше шамдары мен 45 кіші торшерлер қойылды. Сәнді орындықтар да демалысқа жайлылық сыйлайды.

«SHYMKENT PLAZA»– СӘТТІ САУДА МЕН САУЫҚ МЕКЕНІ

«Шымкент плаза» Шымкенттегі ең үлкен сауда-саттық және көңіл көтеру орталығы .. Мұндай ауқымды жобаны құрған ағылғындық BЕNОY архитектуралық компаниясы. Бес қабаттан тұратын бұл ғимараттың басқалардан айтарлықтай ерекшеліктері баршылық. Ең алдымен көлемі жағынан өзгеден оқ бойы озық тұрса. Ашылғаннан кейін мұнда Шымкент нарығында бұрын соңды болмаған әлемдік деңгейдегі брендті компаниялар жұмыс жасайды.

Жобада келушілерге арнап ашық және жабық түрдегі 500 автокөлік сиятын автопарк қарастырылған. Соңғы технологиямен жасақталатын ғимаратта 7 бірдей кинотеатр мен бутиктер, азық-түлік дүкені мен асханаларды да осыннан табуға болады.

Техносаябақ достармен келгенге де, жалғыз жүргенге де ерекше жақсы әсер сыйлайды. Онда бұрынғы ойын-сауық орталықтарының орнын бүгінде 32 түрлі атракцион алмастырған. Экстремалды демалысты жақсы көретін жастарға «Тарзан», «Хаммер», «Пират», «Бәйтерек», «Маугли», «Клоун», «Джампинг», «Су шары», «Ниагара» атаулары белгілі болса керек. Бұл жерден шыққанда «адреналин» алып, бойдағы жаман энергияны сілкіп тастағандай күйде қайтатыныңыз анық.

2-8 жас аралығындағы балаларға мұнда паровоздың түр-түрі көңілді әткеншектер, батуттар, қайықтар және басқа да қызықтар көп-ақ. Әсіресе, бояумен жұмыс істеу, балық аулау сияқты танымдық ойындардың айналасында балалар бал жинаған арадай құжынай қалыпты.

ҚИЯЛ ӘЛЕМІ – БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА САЯХАТ

«Қиял әлемінде» мергендігіңізді, асып-тасыған күшіңізді сынап көруге де мүмкіндік бар. 7D форматындағы кинозал да көрерменге қызмет көрсетеді. Қаласаңыз үстел тениисін ермек етіңіз.

Караоке де бар екен. Ән айтуға келушілердің жас ерекшелігінде шек жоқ. Кешкі уақытта демалуға көптеп жиналған адамдардың әсері ме, мен де еріксіз ән шырқағым келді. Кезек алып жайғастым. Қыз бен жігіт сызылып махаббат әндерін айтса, 50 жасты алқымдаған екі әйел «Арыстың жағасында» өткен күндерін еске алды. Ал кіп-кішкентай балақайлардың таңдайы тақылдай шырқаған қай әні болмасын сүйкімін арттыра түседі.

Бүгінгі баланың арманы жоқ. Бақыттың дәмін «тәтті мақта» мен балмұздақтан сезінсе, бақыттың өзі олар үшін самокат, ролик тебу сияқты. Тіпті, соңғы кездері қаланың саялы жерлерінде серуен құрғандардың екі доңғалақты гироскутерде жүргенін көріп таңғалып жүрген де боларсыз. Гироскутеріңіз бар болса, алыңыз да «Қиял әлеміне» тартыңыз. Мұнда адамдардың жадыраған жүзі, көтеріңкі көңіл күйі, түрлі эмоциялардың у-шуы керемет әсер сыйлайды. Осы ең әсерлі сәттерді тамашалау үшін ақы төлемейтініңіз қандай жақсы, техносаябаққа кіру – тегін. Ал Шымқаланың бірде-бір саябағында кездеспейтін қазақтың даналық сөздері «Қиял әлемінде» әр қадам сайын орнатылған.

НАУРЫЗ САЯБАҒЫ КӨҢІЛ СЕРГІТЕДІ

Шымкентте шаһар шырайын арттырар көрікті мекендердің бірі – «Наурыз» саябағы. Тұрғындар жанына сая тапқан мекенге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Тотыдайын таранған саялы бақтың сәулетіне көз сүрінеді.Саябақ 8 гектар аумақты алып жатыр. Көпшілік серуендейтін саялы бақ 1991 жылы салынған. Содан бері жөндеу көрмепті. Нысанды жөндеу үшін облыстық бюджеттен 180 млн. теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Қуат құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті.

Қайта құру жұмыстардың арқасында саялы бақ адам танымастай өзгерді. Кіреберіс қақпа жаңартылып, демалушыларға қолайлы жағдайлар жасалды. Ұңғыма арқылы жер асты суымен толтырылған тоған пайдалануға берілді. Серуен құрып, көңіл сергітуге ыңғайлы.

ОТЫРАР КІТАПХАНАСЫ БІЛІМ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТЕДІ

«Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы облыс аумағындағы кітапханалар желісі үшін ғылыми-әдістемелік орталық болып табылады. Қазіргі таңда жаңа кітапхана өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орынға айналып отыр.

Негізгі көрсеткіштер: жалпы кітап қоры – 376023, оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар саны — 119413, оқырмандар саны – 18 000, келушілер саны – 128 000, кітап берілімі – 216 000. Штат саны – 96.

Шымкент қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік аумағынан қоныс тепкен жаңа рухани шаңырақ – облыстық «Отырар» кітапханасы халыққа кітапханалық-библиографиялық, ақпараттық қызмет көрсетуде.

Кітапхана Шымкент қаласы Астана даңғылындағы нөмір сегізінші жаңа зәулім ғимаратқа қоныстанды. «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы облыс аумағындағы кітапханалар желісі үшін ғылыми-әдістемелік орталық болып табылады.

Кітапхана оқырмандарына кең, жайлы, жарық оқу залдарында жұмыс істеуге мүмкіндік бар. 200 орындық мәжіліс залында конференциялар мен зерделі кеңестер, кездесулер мен қызықты шаралар өтеді. Кітапханада оқырмандардың қызығушылығына орай «Отырар» — оқырман отауы», «Шамшырақ», «Мұрагер», «Ғасырлар мұрасы», «Жас түлек», «Дидарласу», «Литературный салон», «Глобус», Libclab «Әлем әдебиеті» сынды әдеби бірлестік, шығармашылық орталық, мүдделестер клубтары жұмыс істейді.

Кітапхана облыс аумағындағы кітапханалар үшін ғылыми-әдістемелік орталық болып табылады.

ШЫМКЕНТ ДӘМДІ ӘРІ СІҢІМДІ ТАҒАМДАР ОТАНЫ


Қазақстан бойынша ең дәмді тағам Шымкентте әзірленетіні халық аузында аңызға айналып кеткен. Дегенмен, бұл аңыздың ақиқаты бар. Қонағын ілтипатпен күтіп алған шымкенттіктер оның алдына ең дәмдісін ұсынады. Бұған ауа райының қолайлылығы да себеп болса керек. Біздің өңірде көкөніс пен жеміс-жидек ерте піседі. Бұған жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен барлық жаңалыққа тез бейімделгіш екенін қоссаңыз, Шымкенттің дәмі тіл үйірер тағамын бір жеген соң ұмытпайтын адамдардың естелігін түсінесіз. Бұған қоса барлық нәрсе Шымкент арзан. Ал дәмі таңдайыңнан кетпейтін кәуабы ше? Шымкенттің кәуабынан ауыз тиген адамдар дәмін көпке дейін ұмыта алмасы анық. Дәстүрге айналған бешбармақ, бауырсақ, палау фестивальдері тек Шымкентте ғана пайда бола алды. Бұдан бөлек, Шымкенттің самсасы мен палауы асқазаныңызға жайлылық, көңіліңізге қуаныш сыйлайды.

Түйін:
Шымкент – еліміздегі Астана мен Алматыдан кейінгі ең ірі қаланың бірі.. 2011 жылы Халықаралық ассамблея Шымкент қаласын ТМД елдері арасындағы ең үздік қала деп таныды. Бұл марапат шаһар тұрғындарының ыңғайлы тұрмысы мен тазалығын, тұрғын үйлер мен ғимараттарды жаңарту, қоқыстан тазарту, жылу маусымына дайындық және басқа да әлеуметтік, қоғамдық жаңалықтарды басты назарға ала отырып табыс етілді. Сәні мен саланты жарасқан әсем қаланың келешегі бұдан да жарқын боларына сенім мол. Ол үшін бір атаның баласындай жұдырықтай жұмыла қаланың көркеюіне үлес қосуымыз керек.

Дереккөз: Д.Өмірзақ (akparatinfo.kz)