Шымкентте жыл басынан бері бес мыңға жуық сәби дүниеге келді

Шаңырақты шаттыққа бөлеп, үй ішіндегі ауызбірлік пен махаббатты бекіте түсетін бірден-бір дәнекер – бала. 17 — наурыз «Шаңырақ» күніне орай қаладағы перзентханаларда жаңа туған нәрестелердің аналарына құрмет көрсетілген болатын.

Мерекелік шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков қатысып, жаңадан босанған аналарға «Наурыз базарлық» естелік кәдесыйларын табыстады.

Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында мемлекетігіміздің тамыры тереңде екенін, тарихымыз тереңде жатқан ұлт екенімізді айта келіп, жыл басы Наурыз мерекесін тойлауға ерекше баса назар аударған болатын. Міне осыған сәйкес Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді.

— Наурызды тойлау бүгін Шаңырақ күнімен жалғасуда. Шымкентте әр 15 минут сайын бір сәби дүние есігін ашады. Міне соның арқасында біздің қаламыз еліміздің дамуына ерекше үлес қосып отыр деп айта аламын. Мемлекет басшысы, үкіметімізде біздің халықтың санының молаюына ерекше мән беріп, қолайлы жағдай жасап отыр, — деді Сәрсен Абайұлы.

Айта кетейік, қазіргі таңда қала бойынша төрт перзентхана жұмыс істейді. Қалада жыл басынан бері 4911 сәби дүниеге келді. Оның 2493-і ұл және 2418 қыз баласы. Ал, халықаралық әйелдер күніне орай, көпбалалы аналарға бір реттік қаржылай көмек берілетіндігі туралы жазған едік. 2019 жылдан бері қала мәслихатының шешімі негізінде жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне жыл сайын бір реттік әлеуметтік төлем төленеді.

Қазір қаламызда 64 134 көпбалалы ана бар. Оның ішінде 12 608-і «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері. Жергілікті бюджеттен бір реттік төлем аталған санаттағы аналарға 5 АЕК мөлшерінде, яғни 18 460 теңгеден төленеді.