Халқымыз үшін қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша — Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.

Президент халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша екенін айтып өтті.

Қымбатты отандастар! Сіздерді Рамазан айының басталуымен құттықт-аймын! Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша. Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл.

Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді. Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады. Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін. Ораза қабыл болсын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, толайым табыс тілеймін!, — деп жазылған президент құттықтауында.

Айта кетейік, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталды. Ал сәуірдің 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.