Береке бастауы – бейбітшілік

Халық он екі айдың сұлтаны Рамазанды – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауап еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай деп біледі.

Осыған байланысты бүгін Шымкент қаласындағы «Elegant» тойханасында ҚР Президенті атынан ауызашар берілді. Оған қаланың ардагерлер, зиялы қауымынан бөлек, еңбек адамдары, көпбалалы аналар, ҮЕҰ өкілдері, ҚХА өкілдері, мүмкіндігі шектеулі жандар және белсенді жастар қатысты.

Құран оқылып, асқа бата берілгеннен кейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сөз сөйледі. Рамазан айының қадірі мен қасиеті жайлы айта келіп, әлемде тыныштық болуын, дәл қазір Қазақстанға бейбітшілік пен татулық, бірлік аса қажет екенін, Мемлекет Басшысының Үкіметті осы мақсатқа жұмылдырып отырғанын тілге тиек ете отырып, ораза ұстаған ағайынға сәлемін жеткізді.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев пен Бекет Тұрғараев та ел бірлігі туралы ойларын жұптады. Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Әбдірахманов Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) ораза туралы: «Кімде-кім Рамазан айында Жаратқаннан рақымшылық күту үшін үміт пен сеніммен ораза ұстайтын болса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» дей келіп, ел аузындағы дінге байланысты қате түсініктерге түсініктеме берді.

– Мемлекет басшысының қасиетті Рамазан айында берген ауызашарына қатысып, Президентіміздің дастарқанынан дәм таттық, – деді көпбалалы ана Әнипа Ысқақова. Үлгілі отбасының бүгінде 21 немересі, 10 шөбересі бар. Алладан елімізге тыныштық пен бейбітшілік тілеген әже Мемлекет Басшысына: «Халықтың алғысына бөлене берсін!» деген ақжарма тілегін жеткізді.

15 наурыз – Қайырымдылық күні. Ауызашарға қатысқан ағайын халық әндерін тыңдап, жандары жадырап қайтты.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі