Ашық есік күні: 300-ден аса тұрғынға кәсіпкерлік бағытында кеңестер берілді

«Жақсы болар жігіттің жұмыссыз жүрген күні жоқ. Жаман болар жігіттің еш жұмысқа қыры жоқ» деп айтады дана халқымыз. Қала әкімдігінің бастамасымен «Көрме» орталығында тұрғындар мен кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаулар бойынша түсіндірме жүргізіліп келеді,деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бағдарламаларға енгізілген өзгерістерді жеткізу мақсатында ұйымдастырылған шарада қолдау шарттары таныстырылып, заңгерлік, бухгалтерлік кеңестер берілді.

Биылғы жылы қайтарымсыз гранттар ережесіне бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр. Конкурсқа әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген бизнес субъектілері ғана қатыса алады. Тізілімге енгізілетін кәсіпкерлерге жаңа талаптар бекітілген. Сонымен қатар банк несиелерін субсидиялау экономиканың басым секторларына жататын өңдеу өнеркәсібіне бағытталып отыр. Несиелендіру мерзімдері алғашқы 3 жылда — 8 %, 4 жылы — 9 %, 5 жылы — 10%. Қызмет көрсету саласы бойынша субсидиялау мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқартылды. Несиелендіру сомасы микро бизнес – 20 млн теңгеге дейін, шағын және орта бизнес – 3 млрд теңгеге дейін, ірі бизнес өкілдері үшін – 15 млрд теңгеге дейін рәсімдеуге болады.

Бекер отырудан гөрі, бекер жұмыс жасаған дұрыс.

Іс шараға ауыл шаруашылығы және ветеринария, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, туризм және сыртқы байланыстар, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармаларының, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы», екінші деңгейлі банк өкілдері, «Shymkent» ӘКК» АҚ, «Оңтүстік» Арнайы экономикалық аймағы, «Сауда-логистикалық орталығы», «Атамекен» палатасының мамандары қатысты.