Шымкент прокуратурасы кәсіпкердің құқығын қорғады

Жаңа жыл қарсыңында Шымкент қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті кәсіпкерлік субъектісіне қатысты көрiнеу жалған есепке алу-бақылау маркалары қолданылған алкогольдік өнімді сату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

Яғни ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабының 2-бөлігімен. Кәсіпорынның балансына тіркелген қоймада спирттік өнімнен бөлек басқа да алкогольсіз және салқын сусындар мен шырындар сақталған. Тергеуші тауарларды данамен алу барысында заңдылықты өрескел бұзған, ал тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін кәсіпкердің сауда-саттық жасауын шектеп, барлық қойманы жауып, мөрлеген.

Осыған байланысты қала прокуратурасы тергеушінің бұл әрекеттерін заңсыз деп танып, қылмыстық істі қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты.

«Кәсіпкерлердің құқықтары мен олардың инвестицияларын қорғау — қала прокуратурасының қадағалау қызметіндегі басым бағыттарының бірі», — делінген Шымкент қаласы прокуратурасының хабарламасында.