Тиісті қызметтердің жер сілкінісі кезіндегі әрекеттер жоспарына түзету енгізіледі

Сейсмикалық қауіп бар аймақтарда азаматтық қорғаныс қызметтерінің жұмысы күшейтілген режимге көшіріледі. Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов осындай тапсырма берді.

«Өңір әкімдіктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осындай төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою бағытындағы әрекеттер жоспарына түзету енгізсін.

Азаматтық қорғаныс басқармалары мен күштерінің басшыларына, жауапты тұлғаларға басқару бекеттерінде жедел әрекет ету мақсатымен уақытша кезекшілік жүргізу керек. Бұл өмірді қамтамасыз етуге жауапты ұйымдардың бәріне қатысты. Ол үшін сейсмикалық қауіп бар өңірлерде азаматтық қорғаныс жүйесін күшейтілген дайындыққа ауыстыру қажет. Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы әкімдігі зардап шеккендерді қажетті еммен қамтамасыз етуі керек», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы сейсмикалық ахуалды ұдайы бақылауда ұстау үшін көрші елдермен бірлесіп әрекет етуді тапсырды.

«ТЖМ қызметтері ахуалды бақылауда ұстасын. Қажетті қызметтердің, оның ішінде жер сілкінісінің эпицентрі болған көршілес елдердің қызметтерімен де өзара үйлесімді әрекетін жолға қою қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Еске салайық, бүгін, қаңтардың 23-інен 24-іне қараған түні Алматыда бірнеше толқынмен жер сілкінді.