Өзгенің ұялы телефоны арқылы несие рәсімдеген алаяқ ұсталды.

Түркістан облысының полицейлері өзгенің жоғалған телефонынан несие рәсімдеген күдіктіні құрықтады,–деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz ақпараттық медия-порталына сілтеме жасап .

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызбен жүгініп, белгісіз біреу оның жоғалтып алған телефонын пайдалану арқылы мобильді қосымшасынан несие рәсімдегені туралы шағымданған. Атына несие рәсімделгені туралы өзіне банктен телефон арқылы хабарласып, төлем жасау туралы айтқан кезінде ғана білген. Жәбірленушіге 500 мың теңге шығын келтірген.

Полиция қызметкерлері аталған фактіні ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.

Мақтаарал ауданының полицейлері күдіктіні іздеуге бірден кірісті. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алаяқтығы үшін күдікті ретінде жергілікті жас жігіт анықталды. Ол 24 жастағы бұрыңғы әріптесі болып шықты.

Белгілі болғандай, жәбірленушінің жоғалтып алған телефонды күдікті жас жігіт тауып алған. Содан соң құпия сөзін білетінін пайдалана отырып, ол банк қосымшасынан заңсыз несие рәсімдеген. Күдікті жас жігіт несие алған ақшасын бас пайдасына жаратып жіберген.

Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.