Көріпкелдер қайдан «көріп келеді»?

Қазақстандықтар алаяқ-көріпкелдердің құрығына түсіп қалғанын мәлімдеді. Көріпкелдер оларға «көз тиген» деп сендірген. Сондай-ақ қарғыстан арылу үшін қыруар қаржы беріп, арнайы тұмар да сатып алыпты,-деп хабарлайды Xnews ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

Көріпкелдер «байлық, махаббат пен энергетиканы» дамытуға арналған семинар өткізіпті. Қатысушылар «Күш» деп аталатын клубқа қосылу үшін қыруар қаржы берген. Тіпті көріпкелдер «сиқыр мен сандық технология байланыса алмайды» деп қолма-қол ақша ғана алған.

«Үш семинарға миллион теңге жұмсадым. Олар «отбасыда қарғыс бар, оны жоймаса, жамандыққа алып келеді» деді. Айтқандарына сендік. Семинарға қатысқан әйелдердің барлығы қиын жағдайда тап болған, мәселеден шығудың жолын іздеген жандар. Бастапқыда мұны йога деп атады. Олар – кәсіпқой арбаушылар, барлық қорқынышымызды жазуды сұрады. Барлығын жазған соң ақпаратты сол тізімнен алып, бізге әсер ететін дүниелерді қару ретінде пайдаланды», – дейді зардап шеккендердің бірі Айна Айжанова.

Жалған көріпкелдер туралы ресейлік БАҚ та жазған. Ал мессенджерде «Стоп секта» деп аталатын топқа 12 мың адам қосылыпты. Оның 200-ге жуығы қазақстандықтар. Ал келген шығын жүздеген милионға жеткен.

«Семинарға келгенде әрқайсымыға тұмар берді. Бағасы 150 мың теңге, ал адамдар соған сенеді. Меніңше, бұл – секта. Адамдар жыл сайын алданып, тіпті пәтерінен де айырылғандар бар», – деді жәбірленуші Анна Бушмарина.

Зардап шеккендер топты құрғандар ұйымдастырушыларға хабарласпақ болған, алайда ешкім тұтқаны көтермепті.

Осындай схеманы алаяқ-емшілерде қолданады. Мысалы Павлодар тұрғыны жерлесін жалпы сомасы 120 млн теңгеге алдап соққан. Ол өзінің «дәстүрлі емес емдеу қасиетіне және тылсым күшке ие екеніне» сендіріп, отбасындағы қарым-қатынасты, балалардың денсаулығын нығайту және бизнесінің гүлденуі үшін оккультизм саласында арнайы рәсімдерді өткізу керектігіне көндіреді.

Сөйтіп, 2019 жылдың наурызынан 2020 жылдың тамызы аралығында кәсіпкер әйел «емшіге» «жындардан қорғану» үшін ақша беріп отырған. Ақшалай қаражаттың жалпы сомасы 119 млн 480 мың теңге иемденген..

Павлодар қалалық №2 соты істі алдау және сенімге қиянат жасау арқылы аса ірі мөлшерде жасалған бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі ретінде қарап, ҚР ҚК 190-бабы бойынша алаяқты кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Ол орташа қауіпсіздіктегі колонияда жазасын өтейді.

«Колонияға келген соң сотталушыға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Күн сайын тәрбиелік және психологиялық әңгімелер өткізіледі. Ол жасаған ісіне өкініп, өз іс-әрекеттері үшін кешірім сұрайды. Абай облысындағы әйелдер колониясында отырған әйелдердің 50%-ы ҚР ҚК 190-бабы бойынша (алаяқтық) жазасын өтеп жатыр», — делінген Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз мәлімдемесінде.