Интернет алаяқтар биліктің тосқауылынан тартынар емес

Биылғы 10 айдың өзінде 17 955 мыңнан астам қазақстандық жәбірленуші ретінде арыз жазған. Мұндай статистиканы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі келтіріп отыр, деп хабарлайды «Atameken Business» телеарнасының сайты.

Ведомствоның мәліметінше, интернет-алаяқтар телефон шалу кезінде құпия мәліметтерді біліп алу, арнайы қосымшаларды пайдалану жолымен мәліметтерге қашықтан қол жеткізу арқылы өзгенің атына онлайн несие рәсімдеп жатады.

«ІІМ алаяқтардың жолын кесу үшін жедел-профилактикалық іс-шаралар қабылдап, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамды ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуде. Бұдан басқа Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Кибербақылау» жүйесі жұмыс істейді. Ұдайы мониторинг жүргізіліп, күмән тудыратын бағдарламалар бұғатталып отырады», – делінген министрліктің редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев интернет алаяқтықпен күрес ұдайы күн тәртібінде тұруы тиіс мәселе екенін баса айтты.

«Интернет бар заманда, барлық сатып алу мен қызметтер онлайн форматта жүргізіліп жатқан уақытта онымен күрес өмірбақи жалғасады деуге толық негіз бар. Олардың барлық тетігін неғұрлым жапқан сайын, алаяқтар одан өткен әртүрлі әсіре мүмкіндіктердің бәрін пайдаланып жатады. Соңғы 5 жылда интернет алаяқтық 40 есеге өскен. Басында 500-600 қылмыс тіркелетін болса, қазір олардың саны 25 мыңға дейін жетеді. Әрине алаяқтардың арбауына түсіп жатқан азаматтарымыз жеткілікті», – деді халық қалаулысы.

Ол депутаттардың бұл тақырып аясында бірнеше депутаттық сауал жолдағанын, заңға бірқатар өзгеріс енгізілгенін жеткізді.

«Мәселен, ең әуелі микрокредиттік ұйымдарда несие алу мәселесі бойынша барлық деңгейді пысықтадық. Биометриядан бастап азаматтың бүкіл ақпаратын жан-жақты тексеруді енгізген болатынбыз. Қазір бұл өзінің нәтижесін беріп отыр. Бүгінде онлайн несиені үшінші азаматқа рәсімдеу көрсеткіші бұрынғыға қарағанда өте қатты төмендеген», – деді депутат.

Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, соңғы уақытта жасанды интеллектіні пайдалану арқылы алаяқтықтың жаңа түрлері пайда бола бастады. Бұдан бөлек ол танымал блогерлердің желі арқылы гивтер ұйымдастырып, көліктерді лотореялық билет арқылы сатуы секілді заңсыз әрекеттер жасалып жатқанын жеткізді. Ол бұл мәселеде де күресті күшейту қажет екенін атап өтті.

«Алаяқтармен күресті тоқтатпаймыз. Бұл әрдайым біздің күн тәртібімізде болуы тиіс. Алаяқтықтың тағы бір түрі – Telegram бот арқылы азаматтарға түсініксіз смс-тердің жолдануы. Егер адамдар бұл хабарламаларға жауап беретін болса, олардың телефонындағы ақпараттың бәрін алаяқтар заңсыз көшіріп алады», – деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Тағы бір Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев интернет алаяқтыққа қатысты 15 мыңға жуық дерек тіркелгенін, келтірілген залал көлемі 11 млрд теңгеден асқанын айтқан болатын.

Осы орайда Ішкі істер министрлігі цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікке қатысты бірқатар кеңес берді.

«Интернет арқылы тауар сатып алмас бұрын ең әуелі нақты тауардың бар екендігіне көз жеткізу қажет, алдын ала төлем жасауға болмайды. Инвестициямен айналысқыңыз келсе, тексерілген брокерлермен ғана жұмыс істеген жөн. Бұл туралы мәліметтерді gov.kz сайтынан алуға болады. Қаржылық шот бойынша операциялар ешқашан телефон арқылы жүргізілмейді. Банк немесе полиция қызметкерлері деп өздерін таныстырған адамдарға сенбеу қажет. Күмән тудыратын сілтемелер бойынша өтпеген дұрыс. Сонымен қатар ПИН-код, пароль мен құпия сандарды ешқашан бөтен адамдарға айтпаңыз», – делінген жауапта.

Айта кетейік, осыған дейін 5 мыңнан аса қазақстандық 30 млрд теңгеден қағылғанын жазған болатынбыз. Ел тұрғындары желіде өзін байер деп таныстырған адамға қаражат аударып, сан соғып қалған.