Түркістан облысында Марокко шегірткесіне қарсы күрес жұмыстары жүріп жатыр

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР АШМ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ибрагим Бегасилов мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, өңірде шегірткеге қарсы күрес шаралары жоспарға сай атқарылып жатыр.

Бұл ретте бір күнде 3500-4000 гектар алқапта химиялық өңдеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Оған 26 жерүсті бүріккіш техникасы мен 1 АН-2 жеңіл ұшағы жұмылдырылған.

«Түркістан облысында аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу жұмысы 8 сәуір күні басталды. Жоспарланған 705 000 гектар алқаптың 570 000 гектарында зерттеу, анықтау жұмысы жүргізілді. Марокко шегірткесінің қоныстанған аумағы 90 мың гектарды құрап отыр. Оның 48000 гектарында экономикалық зиянды шегінен асқаны анықталып, 41000 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді», — деді Ибрагим Бегасилов.

Биыл аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары мен фитосанитариялық іс-шаралар 10 ауданның 53 ауылдық округінде жүргізіліп жатыр.

Облыс бойынша марокко шегірткесі көп тараған аймақтар ретінде белгіленген Сарыағаш ауданында 24 000 гектар, Арыс қаласында 11 000 гектар өңделген.

Өңірдегі шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын толықтай аяқтауға әлі 10 күндей уақыт бар. Бұл ретте шегірткеге қарсы күрес күшейтілген.

Алдағы уақытта марокко шегірткесіне қарсы барлығы 67 290 га алқапта, оның ішінде 59 050 га жерүсті желдеткіш бүріккіш техникамен, 8240 га әуемен химиялық өңдеу жұмысы жүргізілмек.