Президент журналистерге бағытталған қылмысты мұқият тергеуді тапсырды

Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдарының журналистерге қарсы бағытталған қылмыстарды тергеп жатқанын айтты.

«Президент құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы бағытталған бірқатар қылмыс бойынша мұқият тергеу жүргізуді тапсырды. Қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттің беделіне нұқсан келтіру үшін жасалған бұл заңсыз әрекеттердің орындаушылары ғана емес, тапсырыс берушілері де анықталуға тиіс», — деп жазған ол Facebook-парақшасында.

Еске салайық, 15 қаңтарда Алматыда журналист Динара Егеубаеваның көлігін белгісіз біреулер өртеп кеткен еді. Күдіктілердің сөзінше, олар белгісіз адамнан интернет арқылы тапсырыс алған.

Ал 19 қаңтарда журналист Вадим Борейко үйіне әлдекімдер шабуыл жасап, пәтер есігіне монтаж көбігін жағып кеткен. Журналистің сөзінше, бұзақылар Вадим Борейко пәтерінің есігін көбік желіммен жауып тастаған. Борейко бұзақылар өрт қойғысы келген болуы мүмкін екенін де айтады.