«Тұран» гандболшылары суперлига және жоғары лигада ел чемпионы атанды

Түркістанда «Тұран» спорт ойын түрлері клубының гандбол командасын марапаттау рәсімі өтті.

Қол добы шеберлері биылғы маусымда Суперлигада және жоғары лигада да Ел чемпионы атанды. Осындай айтулы жетістіктерімен облыс спортының басшысы Қанат Жолдықараев құттықтап, команда жаттықтырушылары мен спортшыларына спорттық киімдер және бағалы сыйлықтар табыс етті.

Қол добынан еліміздің кәсіби клубтары арасында Түркістан облысының намысын қорғайтын «Тұран» командасының ойыншылары биыл Суперлигада жасындай жарқылдап, жеңімпаз атанды. Суперлигада елімізден 4 команда Ақтөбенің «Елек», Шымкенттің «Шымкент» және Қарағандының «Спорт клуб Қарағанды», Түркістанның «Тұран» командасы өзара мықтыларын анықтады. Тартысты өткен қол добшылар бәсекесінде барлық қарсыластарын қапы қалдырған тұрандықтар жеңістің шыңын бағындырды. Талантты кәсіби ойыншылардан құралған «Тұран» гандбол командасының бас бапкері Мақсатбек Нарметов суперлига мен жоғары лигада жеңімпаз атану Қазақстан тарихында тұңғыш рет орындалып тұр деп өз қуанышымен бөлісті.

Гандболдан еліміздің жоғары лига командалары арасында 8 команда бақ сынады. Бұл сында Түркістанның «Тұран» гандболшылары тағы да қарсылас шыдатпады. 8 команда арасында топ жарып, Қазақстан чемпионы атанды. Ел чемпионатының Суперлига мен жоғары лига командалары арасында алтын медаль иеленген түркістандықтарды облыс спортының басшысы Қанат Жолдықараев пен Түркістан облысының гандбол федерациясының президенті Ердос Әлібекұлы және «Тұран» спорт ойын түрлері клубының директоры Сабыржан Бұлдырықов құттықтап, ойыншыларға спорттық киімдер табыстады. Сонымен қатар, алдағы маусымға сәттілік тіледі.

Айта кетерлігі, биыл гандболдан Қазақстан ұлттық құрамасына облысымыздың «Тұран» командасынан 13 ойыншы қабылданды. Бұл кәсіби гандболшыларды дайындап отырған команда үшін жоғары жетістік. Жеңіске деген күш-жігерлері мықты «Тұран» гандбол командасы жаңа маусымға оқу-жаттығу жиындарын ұлттық құрама мүшелерімен бірлесіп, 16-шы қаңтарда бастауды жоспарлауда. Осы ретте білікті басшы, «Тұран» спорт ойын түрлері клубының директоры Сабыржан Бұлдырықов әрдайым талантты кәсіби қол добы шеберлеріне мол сенім білдіріп, қолдау көрсетіп келеді.

Естеріңізге саламыз, «Тұран» спорт ойын түрлері клубында волейбол (ерлер, әйелдер), баскетбол (ерлер, әйелдер), әйелдер футболынан Ел чемпионатында «Томирис-Тұран» командасы өңір намысын қорғайды. Ал, клубта 2022 жылдың қазан айында волейболдан Қазақстан Республикасының Ұлттық лигасында өнер көрсететін әйелдер волейбол бөлімі ашылды. Құрылғанына үш жылдан астам уақыт болсада «Тұран» спорт ойын түрлері клубының спортшылары үздіктер қатарынан түскен емес. Мақсаттары айқын жерлестеріміз алдағы кезде де бірліктерінің арқасында талай жеңістерге жетеміз деп тарқасты.